Алматыдағы үш адамның өмірін қиған автобус апаты: күдікті сотта жауап берді
Сотталушының қорғаушысы соққыдан кейін әйел өтірік есінен тануы мүмкін деген болжамын айтты
Алматыда үш адамның өмірі қиылған автобус апатына қатысты сотта айыпталушы жауап берді. 33 жастағы күдікті жүргізушіні қасақана соққыға жықпағанын, оның дөрекі сөздерінен кейін өзін ұстай алмағанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Сотталушының қорғаушысы рөлде отырған Ермек Шөкебаеваның сол сәтте шын мәнінде есінен танбауы мүмкін деген болжам келтірді. Жәбірленуші тарап кінәлілерден 20 млн теңге моралдық шығынды талап етті. Бұған дейінгі қойылған сұрақтарға тек «иә», «жоқ» деп жауап беріп отырған айыпталушы бүгінгі отырысында ойын ашық айтып, қорғаушысы екеуі біраз мәлімдеме жасады. Сол күні Ермек Шөкебаеваның өзі «жігіттің намысына тиетін сөздер айтты» дейді. Сөзіне сенсек, «жолақысын дұрыс төлемедің» деп, ер адамның телефонын да жұлып алған көрінеді.
«Сіз дұрыс емес жіберіп жатырсыз, маған беріңіз, өзім қайтадан жіберейін, дедім, бұл кісі «маған үйретпе, мен сенен жақсы білем, сен сияқты малдарды точно білемін, есімде» деді. «Қойсаңызшы» деп едім, «қоймасам, не істеп аласың, қолыңнан бірдеме келе ме, шамаң жетпейді ғой, өзің таяқ жеп қаласың» деді, сол кезде мен шыдамай ұрып жібердім, - деді айыпталушы Дархан Ахметжанов.
Соққыдан кейін әйел өтірік есінен тануы мүмкін. Қорғаушы Әлім Мұстапаев сотта осындай болжам жасады. Оның бұл жауабын автобус жүргізушісі ләм-мим десместен тыңдап тұрды.
«Алайда жәбірленуші Шөкебаеваның бұл әрекеттерін «симуляция», яғни жалған жасау деп санауға болады. Өйткені әдетте есінен тану белгісі болып, денесінің барлық бұлшық етін әлсіреуіне және де қандай да бір оқиғадан кейін адамның бір мезгілден құлауына алып келеді. Сондықтан жәбірленуші Шөкебаева естен тануынан болған әрекетін «симуляция», яғни жауапкершіліктен жалтару мақсатында өтірік іс әрекеті деп санаймыз», - деді айыпталушының қорғаушысы Әлім Мұстапаев.
Еске салсақ, жол апаты желтоқсан айында Райымбек даңғылының бойында болған. №47 бағыттағы қоғамдық көлік жолдың жиегіндегі бір топ адамды қағып өтіп, соның салдарынан үш адам көз жұмған. Тағы төртеуі түрлі жарақатпен ауруханаға түскен. Жүргізуші әйел де солардың қатарында. Бүгінгі отырыста екеуінің арасындағы жанжалға жолақысы себеп болғаны да айтылды.
Айта кетейік, бұл оқиғаға қатысты ҚР ҚК екі бірдей бабымен іс қозғалған. Күдікті cегіз жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.