«Әйелі тірі деп үміттенемін»: сотта куәгер Салтанат қайтыс болған күн туралы айтты
Бүгін сотта қылмыс болатын күні мейрамхананы жөндеп жатқан жұмысшы куәгер ретінде жауап берді
Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевқа қатысты қылмыстық істі қарау жалғасып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бүгін куәгер ретінде қылмыс болатын түні BAU мейрамханасының еденін бояған Данияр Мейірбеков жауап берді.
«8-інен 9-на қараған түні көмекшім екеуміз келіп, екінші қабатқа көтеріліп, әкімші Қарлығашпен кездестік. Ол бізден төмен түсіп, күтуімізді өтінді, өйткені Бишімбаев пен Нүкенова залда болды. Біз төмен түсіп, 40 минут күттік. Содан кейін Бишімбаев пен Нүкенова кетіп бара жатқанда, біз көтеріліп, жұмысымызға кірістік.
Содан кейін сағат 2-ге таман олар қайта келді. Ас үй арқылы вип-залға кірді. Содан кейін олар шеттегі виптен №1 випке кірді. Сағат 3 жарымда олардың сөйлесіп жатқаны естілді, көбіне сабырлы үнмен Салтанат сөйлеп жатты. Содан кейін еденде бос шелек тепкендей түсініксіз дыбыстар естілді. Салтанаттың айқайлап жатқан дауысы естілмеді. Бишімбаевтың дауыс көтеріп сөйлеп жатқаны естілді. Содан кейін Бишімбаев бізге келіп тұтатқыш сұрады, ол бұрылып, қайтадан вип-бөлмеге кірді. Сағат 5-ке таман ол қайтадан келіп, тағы да тұтатқыш сұрайды. Ол қатты теңселіп тұрды. Екінші рет шыққан кезде оның денесі жалаңаш еді, үстінде тек костюм болды. Соққының дыбыстары естіліп жатты. Сағат алты жарымда біз жинала бастадық, сосын таңғы 7:45-те кетіп қалдық», - деді ол.
Осыдан кейін прокурор куәгер мен әкімші Қарлығаштың арасындағы хабарламаларды оқыды.
Мейірбеков сағат 6:35-те «суреттер ілулі тұрған қабырғадағы жұмысты аяқтатпады. Қуандық бәрін төңкеріп жатыр» деп жазған.
Сағат 6:57-де ол былай деп жазды: «ВИП-ті төңкеріп жатқан сияқты. Әйелі тірі деп үміттенемін».
Сағат 7:50-де «біз кетіп қалдық, ол әйелін ұрып-соқты немесе мүлікті бүлдірді» деп жазған.
Күдікті Қ.Бишімбаевқа тағылған айып:
ҚК-нің 99-бабы 2-бөлігінің 5) тармағы, адам өлтіру, басқа адамға қатысты құқыққа қарсы қасақана аса қатыгездікпен жасалған адам өлтіру, ҚК-нің 110-бабы 2-бөлігінің;
1) тармағы бойынша кiнәлi адамға материалдық жағынан тәуелдi адамға қатысты жүйелі түрде ұрып-соғу немесе өзге де зорлық-зомбылық әрекеттері арқылы физикалық және психикалық қинау фактісі бойынша айып тағылған.
Күдікті Бақытжан Байжановқа тағылған айып:
ҚК-нің 432-бабы, аса ауыр қылмысты күні бұрын уәделеспей жасырып қалу және ҚК-нің 434-бабы, белгілі аса ауыр қылмыс жасағаны туралы хабарламау фактісі бойынша айып тағылған.
2023 жылдың қарашасында экс-министрге өз әйелі Салтанат Нүкенованы ұрып өлтірді деген айып тағылды. Оған ҚР ҚК 110-бабының 2-бөлігі (Азаптау) және 99-баптың 2-бөлігі (Аса қатыгездікпен жасалған кісі өлтіру) бойынша айып тағылған. Егер қылмысы дәлелденсе экс-министр 20 жылға дейін сотталуы мүмкін.