Су тасқынынан зардап шеккендердің ешқайсысы назардан тыс қалмайды - Бектенов

Темірхан Айжан

1,5 мыңға жуық үй су астында қалды

Су тасқынынан зардап шеккендердің ешқайсысы назардан тыс қалмайды - Бектенов
Фото: primeminister.kz

Олжас Бектенов өңір басшыларының су тасқыны қаупін жете түсінбегенін айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Қалың қар мен топырақтың тоң болып қатып қалуы, сондай-ақ күннің күрт жылынуы мен қатты жауын-шашынның салдары еліміздің аумағында, әсіресе батыс өңіріндегі елді-мекендерде көлемді су тасқынына алып келді. 1,5 мыңға жуық үй су астында қалды. Баспаналар қирап, жолдар бұзылды. Бірқатар өңірлерде жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жарияланды. Көріп отырғанымыздай, өңірлер су тасқынының нақты қаупін жете бағалай алмады», - деді Үкімет басшысы.

Премьер-министр су тасқынының екпіні басылды деп босаңсуға болмайтынын, өңірлерді әлі де су басудың жаңа кезеңі күтіп тұрғанын айтып, бірқатар тапсырма берді.

«Біз жұмысты барынша күшейтуге тиіспіз. Мемлекет басшысы кешегі кеңес барысында тасқын қаупі азайды деуге болмайтынын атап өтті. Қазір ауа температурасының біршама төмендеуіне байланысты тасқынның екпіні басылған сияқты. Алайда, алдағы күндері болжам бойынша ауа райы айтарлықтай жылынады деп күтілуде. Демек, еліміздің солтүстік, орталық және шығыс өңірлерінде су тасқынының жаңа белсенді кезеңі басталады. Бұған дайын болуымыз керек. Осыған байланысты мынадай тапсырмалар беремін.

Бірінші. Төтенше жағдайлар министрлігі Қорғаныс, Ішкі істер министрліктерімен және әкімдіктермен бірлесіп, адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде қажетті шаралар қабылдасын. Қазіргі жағдайда ең маңыздысы – азаматтарымыздың өмірі. Қажет болған жерде эвакуациялау жұмыстарын алдын ала жүргізу керек.

Екінші. Төтенше жағдайлар министрлігі әкімдіктермен және басқа да күштік құрылымдармен бірлесіп, су басқан елді-мекендерде авариялық-құтқару және кезек күттірмес шұғыл жұмыстарды жүргізу үшін күштер мен құралдардың жеткілікті көлемін қамтамасыз етсін.

Үшінші. Әкімдіктер Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарында орын алған су тасқынына назар аудара отырып, еліміздің солтүстік, шығыс және орталық өңірлерінде су басып кетпеуі үшін нақты шаралар қабылдасын. Орын алған қателіктерден сабақ алып, жұмысты жаңадан тиімді етіп ұйымдастыру қажет. Бұл ретте, жүргізіліп жатқан іс-шаралар туралы халықты дер кезінде хабардар етіп отыру маңызды.

Төртінші. Ауқымды су тасқынына алып келген себептерді анықтап, оларды жою жөнінде ұсыныстармен бірге қалыптасқан жағдайға толық талдау жүргізу қажет. Әрбір өңір географиялық және ауа райының ерекшеліктерін ескере отырып, іс-шаралар жоспарын қайта қарауы керек. Осыған байланысты Төтенше жағдайлар министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, 2025-2029-шы жылдарға арналған су тасқынының алдын алу жоспарын әзірлеуді тапсырамын. Бұл жұмысқа тәжірибелі салалық сарапшыларды тарту керек.

Бесінші. Төтенше жағдайлар, Ұлттық экономика, Қаржы, Көлік, Құрылыс, Су ресурстары министрліктері мен өңір әкімдіктері тез арада апаттан келген шығын көлемін бағалап, зардап шеккен адамдарға материалдық көмек көрсетуге кіріссін. Әкімдіктер жергілікті жерлерде зардап шеккен тұрғындарды шығынды өтеу алгоритмі және үй салу үшін көрсетілетін көмек туралы атаулы түрде хабардар етуге тиіс. Зардап шеккендердің ешқайсысы назардан тыс қалмайды. Бәріне көмек берілетін болады», - деді Олжас Бектенов.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.