«Аяусыз ұрып-соғып, үстіне секірген»: Павлодарда қатарластарына зәбір көрсеткен оқушылар 6 жылға сотталды

Azattyq Rýhy

Ал олардың ата-аналары жәбірленушіге 3 млн теңге төлеуге міндеттелді 

«Аяусыз ұрып-соғып, үстіне секірген»: Павлодарда қатарластарына зәбір көрсеткен оқушылар 6 жылға сотталды
Фото: istockphoto.com

Өткен жылдың шілде айында Павлодарда мектеп оқушыларының өз қатарласын үш сағат бойы ұрып, киімін шешіп алып, зәбір көрсеткені туралы ақпарат тараған еді. Бұл оқиға қоғамдық резонанс тудырды. Енді сол іске қатысты сот шешімі шығарылып, кінәлілер 6 жылға сотталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Былтыр жазда облыс орталығындағы №9 мектеп-гимназия оқушылары бірге оқитын оқушыны стадионның бір бұрышына апарып, үстіне түкіріп, мұрнын сындырып, киімін шешіп, шешкен киімнің барлығын қоқысқа лақтырып, үстіне шығып секіріп, аяқпен де, қолмен де ұрған. Онымен қоймай мұның барлығын видеоға түсірген.

Жарты жылдан астам уақытқа созылған қылмыстық істің нүктесі енді қойылды. Кәмелеттік жасқа толмағандардың ісі бойынша мамандандырылған сот екі оқушыны алдын ала келісіммен топпен адам денсаулығына ауыр зиян тигізгені үшін жауапқа тартты. Екі жеткіншек өз кінәларын ішінара ғана мойындады. Сот екеуін де алты жылға бас бостандығынан айыру туралы шешім шығарды. Олар жазасын кәмелеттік жасқа толмағандарға арналған орташа қауіпсіздіктегі түзету мекемесінде өтейді.

Ал олардың ата-аналары жәбірленушіге 3 млн теңге төлеуге міндеттелді.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.