Елімізде аутизммен ауыратын балалар саны артып барады
Астанадағы орталықта жыл сайын 500-ден астам бала емделеді
Елімізде әр төртінші бала аутизм дертіне шалдыққан. Бұл туралы «Орда» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Салтанат Есмағамбетова айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Орда» Астана қаласының аутизмі бар балалар ата-аналарының қоғамдық бірлестігі 2016 жылдан бері жұмыс істеп келеді. 7 жылдан аса уақыттан бері біз аутизм спектрінің бұзылуына шалдыққан балаларға педагогикалық-түзету көмегін көрсетеміз. Астанада 3 педагогикалық-түзету орталығымыз бар. Жыл сайын 500-ден астам бала біздің орталықтарда емделеді. Логопед, психолог, дефектолог және бейімді дене шынықтыру мамандарымыз бар. Аптасына 2 рет үйлеріне барып, әлеуметтік қызмет көрсетеді. Яғни біздің балаларға әлеуметтік қызметкерлер барып, жалпы түзету дамыту сабақтарын өткізеді. Баланың күнделікті өмірге бейімделуіне көмектеседі және ата-аналармен жұмыс жүргізеді. Сондай-ақ, біз ерекше балалары бар отбасылардың қатысуымен мәдени-қоғамдық іс-шаралар ұйымдастырып тұрамыз», - деді Салтанат Есмағамбетова.
Сарапшының сөзінше, қазіргі уақытта Астана бойынша аутизм спектрінің бұзылуымен ауыратын балалар туралы нақты дерек жоқ. Ал әлемдік Денсаулық сақтау ұйымының статистикалық деректері бойынша, Қазақстандағы әр төртінші бала осы сырқатқа ұшыраған.
«Аутизмге шалдыққан балалар саны жыл сайын артпаса, азайып жатқан жоқ. Жыл сайын бұл диагнозбен ауыратын балалар саны 13 пайызға артып отырады. Мәселен, біз 2016 жылдан бастап істей бастаған уақытта 50 бала болды, 2017 жылы 100 бала, 2023 жылы 500-ге жетті», - деді орталық басшысы.
Салтанат Есмағамбетова балаларға орталықтың барлық қызмет түрі тегін көрсетілетінін айтты.
«Көмекті тек балалар ғана емес, бүкіл отбасы да алады», - деді ол.
Аутизм дертінің балалар арасында мұншалықты көбейіп кетуіне не себеп? Мамандар «аутизмі бар балаларға ерте жастан диагноз қойылып, дер кезінде психологиялық-педагогикалық көмек алмауы» дейді. Себебі жастайынан емделген балалардың 60-70%-ы қоғамға бейімделіп, тез сіңіп кетеді.
Қазіргі таңда Қазақстанда 18 жасқа дейінгі балаларға көмек көрсететін 208 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті және 18 оңалту орталығы жұмыс істейді. Аутизм спектрінің бұзылуына ұшыраған балаларға 44 арнайы және жалпы білім беретін мектепке дейінгі ұйымдарда және 9 аутизм орталықтарында психологиялық-педагогикалық көмек көрсетіледі.