Мәжіліс ЕАЭО шеңберінде өнеркәсіптік кооперация жобаларын қаржыландыру туралы заңды қабылдады

Темірхан Айжан

Жобаны іске асыру мерзімі 5 жылдан аспайды

Мәжіліс ЕАЭО шеңберінде өнеркәсіптік кооперация жобаларын қаржыландыру туралы заңды қабылдады
Фото: parlam.kz

Қаржыландырудың жаңа механизмі мүше мемлекеттердің бизнес-қоғамдастықтарының қажеттіліктеріне жауап ретінде ЕАЭО аясында өнеркәсіптік ынтымақтастықты дамытуға елеулі қолдау көрсетіп, кәсіпорындарға өнеркәсіптік жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Шарлапаев қаржылық жәрдемдесу механизмін түсіндірді.

«Механизм 5 жыл мерзімге пилоттық режимде бекітіледі. Арнайы, демпингке қарсы және өтемақы баждарынан түсетін жалпы соманың 10 пайызы қаржыландыру көзі болып табылады. Бір жобаға субсидияның максималды көлемі жылына 1,890 миллион теңгені  құрап, 5 жыл ішінде – 9,450 миллион теңгені құрайтын болады. Қаражат Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің ұлттық банктері белгілеген базалық ставканың 100% мөлшерінде, мүше мемлекеттердің ұлттық қаржы ұйымдарына және Еуразиялық Даму Банкіне субсидия түрінде беріледі. Бұл ретте, кредиттің коммерциялық мөлшерлемесі базалық мөлшерлемеден 6,5% аспауы қажет», - деді ол.

Министр атағандай, Қаржы ұйымдарының тізбесін 2023 жылдың желтоқсанында Еуразиялық экономикалық комиссияның Кеңесі бекіткен.

Тізбеге Қазақстаннан 15 қаржы ұйымы енгізілді. Оның ішінде Қаржы нарығын реттеу агенттігі және Ұлттық Банкпен келісілген екінші деңгейдегі 11 банк және «Бәйтерек» холдингіне еншілес 4 компания бар.

«Қаржылық жәрдемдесу механизмі шеңберінде, кооперациялық жобаларды іріктеу кезінде мынадай негізгі шарттар белгіленген:

  •  кемінде Одаққа мүше 3 мемлекеттің кәсіпорындарының қатысуы;
  •  қарыз алушы жабдықтарды, немесе технологияларды, немесе қызметтерді не инвестицияларды жеткізу есебінен басқа елдерді тартуға тиіс;
  •  кооперациялық жоба шеңберінде өндірілетін өнім мүше мемлекеттерден шығарылуы тиіс;
  •  жобаны іске асыру мерзімі 5 жылдан аспайды», - деп атап өтті министр.

Кооперациялық жобаларды іріктеу бірнеше кезеңде жүзеге асырылады. 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.