$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Көшелерді су басты»: Қоянды ауылының қарын тазалау үшін әкімдік миллиондаған теңгенің тендерлерін ойнатқан

Қазір Ақмола облысы Қоянды ауылының әкімдігі 26 млн теңгенің тендері бойынша құжаттарды қарап жатыр

«Көшелерді су басты»: Қоянды ауылының қарын тазалау үшін әкімдік миллиондаған теңгенің тендерлерін ойнатқан
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев

26 наурыз күні кешкі сағат 20:00 кезінде Ақмола облысы Целиноград ауданына қарасты Қоянды ауылының тұрғындары әкімдіктің маңындағы жолды жауып тастады. Тұрғындар қыс бойы ауыл ішіндегі қар тазаланбай, ол еріген соң, көшелерді су басып, жаяу адам түгілі, көліктердің жүруі қиындағанын айтып шағымданған, деп жазады Azattyq Ruhy.

ТЕНДЕР БАР, ЖҰМЫС ЖОҚ

Ауыл халқының жолды жапқаны туралы ақпарат әлеуметтік желіге тез тараған соң жергілікті билік те мәселеге бірден назар аударғандай болды.

«26 наурыз күні сағат 20:40-та Қоянды ауылының 50-ге жуық тұрғыны ауыл әкімдігінің жанындағы жолды жауып тастады. Жергілікті тұрғындар су тасқынына қарсы іс-шаралар мәселелеріне назар аударту мақсатында жиналды. Түсіндіру үшін жиналғандармен аудан әкімі Б.А. Оспанбеков және облыстық ТЖД бастығы К.К. Доспаев кездесті. Сағат 22:00-де барлық жолдар ашық болды. Тұрғындар тарап жатыр. Қазіргі уақытта Қоянды ауылында су тасқынына қарсы күшейтілген іс-шаралар жүргізілуде. Шамамен 150 мың текше метр қар шығарылды. Сондай-ақ Қоянды ауылында 9,5 мың метр арықтар мен каналдар, сондай-ақ 46 дана су өткізу құбырлары тазартылды. 35 мың м3 астам еріген су сорылды. Жолдарды жабу сияқты заңсыз әрекеттерге жол берілмейді. Заңнаманы бұзғаны үшін жауапкершілік қарастырылғанына назар аударыңыздар», - деп жазылған жергілікті билік өкілдері таратқан ақпаратта.

видеодан скриншот / telegram.org/halyqstan

Осы мәселені ескере келе Azattyq Ruhy тілшісі Қоянды ауылының әкімдігі қыс бойы қар тазалау жұмыстарына қанша қаражат бөлгенін анықтауға тырысты. Ашық дереккөздерге сүйене отырып, мемлекеттік сатып алу сайтындағы Қоянды ауылы әкімдігінің қар тазалауға қатысты жариялаған бірнеше тендерін анықтадық. Тендер тарихына қарасақ, Қоянды ауылы қыстың қамына былтыр, 2023 жылдың қазанынан бастап кіріскен екен.

БІРІНШІ ТЕНДЕР: ҚҰНЫ 8 МЛН ТЕҢГЕ, ЖЕҢІМПАЗ АНЫҚТАЛҒАН

2023 жылы 31 қазан күні мемлекеттік сатып алу сайтында Қоянды ауылының әкімдігі жариялаған құны 8 035 714.29 теңгенің тендері бойынша құжат қабылдау аяқталған. «Қыста Қоянды ауылының жолдарын қардан тазалау жөніндегі жұмыстар» үшін жариялаған тендердің жеңімпазы Астана қаласында тіркелген Гүлшат Сәрсенова деген жеке кәсіпкер. Өкінішке қарай, мемлекеттік сатып алу сайтында кәсіпкердің байланыс нөмірлері болмады. Тендердің құжаттамасы бойынша, бұл жеке кәсіпкер тапсырыс берушінің қар тазалауға қатысты өтінішін (хат немесе факс), не болмаса ауызша (жұмыс телефоны, мобильді телефон, үй телефоны) берілген тапсырмасын орындауға міндетті болған.

«Жолдарды тазалау және қарды шығару тапсырыс берушінің өтінімі бойынша, төменде көрсетілген объектілер бойынша жүргізіледі: ауыл елді мекендеріне кіре берістер, Қоянды ауылының барлық көшелері, қалаға шығатын № 307 автобус бағыттары бойынша жолы, мектептерге, дәрігерлік амбулаторияларға, балабақшаларға, южный  потстанция , ірі сауда объектілеріне іргелес барлық жолдары», - деп жазылған тендердің техникалық сипаттамасында.

Ең маңыздысы, бұл кәсіпкер жолдарды қардан тазалап қана қоймай, «жолдарды  қардан тазартқаннан кейін, елді мекеннен тыс жерлерге шығарып, құжат бойынша қарды арнайы рұқсат етілген полигонға апару керек болған. 

ЕКІНШІ ТЕНДЕР: ҚҰНЫ 6,2 МЛН ТЕҢГЕ. ЖЕҢІМПАЗДЫҢ МЕКЕМЕСІ ТАРАЗДА ОРНАЛАСҚАН

Бірінші тендер сияқты, қар тазалауға арналған бұл тендер де 2023 жылдың 31 қазанында аяқталған. Құны бірінші тендерден 2 млн теңгеге аз, ал, жеңімпазы – Роза Акулова өзінің заңды мекен жайын Тараз қаласы деп көрсеткен.

Бұл жеке кәсіпкер де Қоянды ауылының жолдарын қардан тазалап, жиналған қарды арнайы полигонға төгу керек. 

ҮШІНШІ ТЕНДЕР: ҚҰНЫ 12,5 МЛН ТЕҢГЕ. ТЕНДЕР АҚПАН АЙЫНДА ӨТКЕН

Қоянды ауылының әкімдігі қар тазалау бойынша жүргізген үшінші тендері жуырда, яғни, 2024 жылдың 14 ақпанында аяқталған. Бұл тендердің сомасы көбірек демесек, техникалық құжаттамасының мәні алдыңғы екі тендермен бірдей. Жеңімпаз – «Астра Строй Кз» ЖШС. Иесі Жанат Инуар.

Мемлекеттік сатып алу сайтында бұл жеңімпаздың байланыс нөмірлері жазылғандықтан, хабарласып, тендер бойынша қосымша мәлімет сұрадық. Қазір Астана қаласында (Қоянды ауылы Астананың іргесінде, 21 шақырым қашықта) емес екендігін айтқан ол тендерді ұтып алғанын растады.

«Қазір тендер бойынша құжаттар қолымда емес. Бірақ, Қоянды ауылының қарын тазалау бойынша менің ғана компаниям емес, басқа да компаниялар бар. Әрқайсысы өзінің аумағын тазалайды. Біз қарды шығардық. Әкімдік жұмысымызды қабылдады, акт құжаттары бар. Ертең қалада болғанда, ұсына аламын», - деді Azattyq Ruhy тілшісінің сұрақтарына жауап берген Жанат Инуар.

ТӨРТІНШІ ТЕНДЕР: ҚҰНЫ 26 МЛН ТЕҢГЕ. ҚҰЖАТ ҚАРАЛЫП ЖАТЫР

Ал, енді қар еріп, ауылды су басқан уақытта, яғни, 2024 жылдың 20 наурызында Қоянды ауылының әкімдігі 26 млн теңгенің тендерін жариялап, құжат қабылдаған. Оның мақсаты да осы үш тендердің мәнімен бірдей – көктемде ауылды су баспау үшін Қояндының көшелерін қардан тазалап, қарды ауыл сыртына шығару.

«Жолдар тазартылғаннан кейін қар көктемде еріген кезде су тасқыны қаупін болдырмау үшін міндетті түрде елді мекеннен тыс жерлерге шығару керек. Қоянды ауылының жақын маңдағы арнайы полигонының келісімшарты талап етіледі», - деп жазылған тендердің техникалық сипаттамасында.

Осы ретте тағы да қайталай кететін жайт, ортақ құны шамамен 50 млн теңгеге жуықтайтын төрт тендер жарияланғанына қарамастан, кеше тұрғындар ауылдан қар шығарылмағанын айтты. Ал, олардың наразылығынан кейін жергілікті билік, яғни, облыстық, аудандық төтенше жағдайлар қызметі, әкімдік ауыл ішінен 80 мың текше метр қар суын сорып берген.

Серіктес жаңалықтары