Елтаңбамызды өзгерту ұлттық бірлігімізді нығайтуға жасалған оң қадам болар еді – сарапшылар

Темірхан Айжан

Мемлекет басшысының сөзінен кейін гербті ауыстыру туралы ақпарат қоғамда қызу талқыға түсті

Елтаңбамызды өзгерту ұлттық бірлігімізді нығайтуға жасалған оң қадам болар еді – сарапшылар
Коллаж: Azattyq Ruhy / фото: Жангелдi Әбдіғалымов және kior.kz

Атырау облысында өткен ІІІ Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің Елтаңбасын өзгерту туралы ұсыныс айтқан болатын. Президент қазіргі Елтаңбамызды кеңестік гербке ұқсататындар, сонымен қатар күрделі деп санайтындар бар екенін жеткізді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy

«Мұндай ойды ел ісіне бей-жай қарамайтын белсенді азаматтар ғана емес, мамандар да айтып жүр. Орынды пайымдар ескерусіз қалмауы керек. Ортақ келісімге келген жағдайда арнаулы комиссия құруға болады. Бұл комиссия мәселені жан-жақты қарастырып, қоғамдық талқылау өткізеді. Сосын Қазақстанның жаңа Елтаңбасының жобасын жасауға ашық байқау жарияланады», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының сөзінен кейін Гербті ауыстыру туралы ақпарат қоғамда қызу талқыға түсті. Кейбір азаматтар президенттің ұсынысын дұрыс деп бағаласа, кейбірі қарсы екенін білдіруде. Azattyq Ruhy тілшісіне осы тақырып бойынша пікір білдірген жазушы-этнограф Төрехан Майбас «қазіргі бейнедегі Елтаңбамыз тәуелсіздіктің елең-алаң шағында қабылданғанын» айтады.

«Мемлекеттік рәміздер – әр мемлекеттің басты құжаты. Қазақ елі өзінің рәміздерін қабылдағанда, біз әлі балаңдық сана-сезімнен арыла қоймаған едік. Сол қиын кезеңдерде ел тұрмысының нашарлығына қарамастан, тәуелсіздік алғанына қуанды. Жанталасып тәуелсіздігін бекітуге ұмтылды. Ол, әрине, мемлекеттік рәміздерді бекіту деген сөз. Жан-жақты ұсыныстар айтылды, мемлекеттік деңгейде тыңдаулар болды. Бірақ біздер әлі қазақ жұртының болмысын, қазақтың ертеңін өткенімен шендестіріп айта алмадық. Бізге әдемі ту, елтаңба, әнұран керек болды да, қабылдап жібердік», - дейді жазушы.

Төрехан Майбастың ойынша, Елтаңбадағы қанатты пырақтар қазақтың болмысын бере алмайды. «Нағыз тәуелсіздіктің нышаны – қанатты көк бөрі» дейді ол.

«Елтаңбаның орындалу мәдениеті ешқандай мемлекеттен төмен деп айтуға келмейді. Бірақ гербте қазақ елінің болмысы көріне ме? Қазақстан деген сөзді алып тастасақ, «мынау қазақтың Елтаңбасы» деп өзгелер тани ала ма? Мәселен, Аустралияның гербінде кенгуру тұр. Соған қарап-ақ елдің аты жазылып тұрмаса да, Аустралияның Елтаңбасы екенін түсінесің. Бізде қазақтың жылқысы тұр, алайда пырақ қазақтың ұлттық коды бола алмайды. Біздің ұлттық кодымыз – қасқыр. Көкбөрі деген сөз – тәуелсіздік деген сөз. Жылқы тәуелсіздік ұғымын бере алмайды. Қасқыр қолға үйренбейтін түз тағысы. Өз үйірін көсемі алып жүреді. Аңшылықтан түскен олжасын бәрі қылдай бөлісіп жейді, бір-бірін таламайды. Ауруын тысқа тастамайды, жараланғанын күтеді, өлгенін жерлейді. Басының еркіндігі үшін жанын береді. Қазақ та тура сондай. Қауымдасып өмір сүрген, бір-біріне қамқор болған. Жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған. Тәуелсіздігі үшін ғасырлар бойы күрескен. Сондықтан қазақтың болмысы, қазақтың коды – тәуелсіздік. Ал тәуелсіздік символы – көк бөрі. Сондықтан менің ойым, Елтаңбада көк бөрі болуы керек. Содан кейін төбедегі жұлдыз. Елдің қазір шулап жүрген себебі сол. Айта кететін жағдай, біз, шығыс халықтары, жұлдыздан гөрі, айға жақынбыз. Тұрмысымыз, өмір сүру ұстанымымыз аймен байланысты. Сондықтан бізге ай тұрғаны дұрыс еді», - дейді жазушы-этнограф.

Төрехан Майбас «Елтаңбаны ауыстыру керек дегенмен, дәл қазіргі уақытта ол елдің экономикалық жағдайына салмақ салады» деген алаңдаушылығын білдірді.

Ал саясаттанушы Қазыбек Майгелдиновтің пікірінше, Елтаңбамызда тұрған бес жұлдыз да, гербтің формасы да - Кеңес одағынан қалған символизмдер. Ал Қазақстан атауы геральдикалық тавтология болып саналады.

«Мемлекет басшысы Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың ІІІ отырысында еліміздің Елтаңбасын өзгерту туралы ұсыныс айтқан болатын. Бұл жерде бір мәселеге назар аударуымыз керек. Президент Елтаңбаны өзгерту туралы ұсыныс міндетті түрде қоғам талқысына салынатынын атап өтті. Одан кейін арнайы геральдикалық комиссияның шешімі қажет екенін де баса айтқан болатын. Елтаңбаны қазіргі таңда өзгерту себебіне келсек, менің ойымша, біріншіден, гербте Кеңес Одағының мұрасынан, яғни бодандықтың белгісінен арылатын тұстар бар. Оны Президент те айтты. Мәселен, бес жұлдыз және Кеңес одағынан қалған тағы бір символизм – Елтаңбаның формасы. Салыстырып қарасақ, Кеңес Одағы кезіндегі Елтаңба мен қазіргі Елтаңбаның ішкі құрылымы өзгергенімен, сыртқы формасы сақталған. Кеңес Одағы құрамына енген елдердің ортақ бір формасы дөңгелек пішін болғандықтан, осы тұсқа назар аударған дұрыс сияқты.

Екіншіден, мемлекет атауының «Қазақстан» деп жазылуы. Бұл геральдикалық тавтологияның бір түрі болып есептеледі. Шетелдердің, Еуропа немесе Азия елдерінің елтаңбасына қарасаңыз, олардың басым бөлігінде мемлекеттің аты жазылмаған. Сондықтан мелекеттің атауы жазылуын да Кеңес Одағының сарқыншағы деуге болады. Кезінде Кеңес Одағы құрамына кірген мемлекеттерді ажырату үшін мемлекеттердің атын жазып қойған. Қазақ КСР-і , Әзербайжан КСР-і, Өзбек КСР-і деген сияқты жазулар елдерді ажырату үшін қажет болды. Елтаңба дегеніміз – рәміз ретінде көрсетілген мемлекеттің аты. Елтаңбаның келбеті елді таныту керек. Соған сай көрініс беруге тиіс. Мемлекеттің атын жазу бұл жерде артық болады. Елтаңбаға қандай да бір сөз жазу қажет болғанның өзінде, ата-бабаларымыздың ерлігі, олардың ұрпаққа ұлағатына байланысты сөз болғаны дұрыс. Осы ретте аталған қателіктерді ұлттық болмысымыз бен дәстүрімізді ескере отырып түзету қажет», - дейді саясаттанушы.

Қазыбек Майгелдиновтің айтуынша, дәл қазіргі ұлттық құндылықтарымызды насихаттап, жаңғыртып жатқан тұста Елтаңбамызды да соған сай өзгерту ұлттық бірлігімізді нығайтуға жасалған оң қадам болар еді.

«Қазір біз ұлттық салт-дәстүрімізді, құндылықтарымызды жаңғыртып жатырмыз. Наурыз мейрамын тойлаудың да жаңа апталығы жасалды. Көрісу күнінен бастап 22 наурызға дейін әр күнге атау беріліп, дәстүрдің ерекше мән-мағынасын аштық. Осыған сәйкес, қазақы құндылықтарымызды тереңдетуді Елтаңбамызды қайта жаңғыртумен жалғастырсақ абзал болар еді. Мемлекеттік Елтаңбамызды өзгерту – еліміздің жаңа мәдени мүмкіндігін жақсырақ көрсетіп, азаматтар арасында патриотизмнің артуы мен ұлттық бірлігіміздің нығаюына ықпал етуі мүмкін. Жаңа форматтағы Елтаңбамыз өркендеуге деген заманауи ұмтылыстың жаңа символына айналуы керек сияқты. Алдағы уақытта қоғам белсенділері халықпен бірнеше мәрте арнайы пікірталастар өткізуі қажет. Содан кейін Елтаңбаның жаңа нұсқасын ортақ талқыға салып, ортақ мәмілеге келіп, аталған бастаманы жүзеге асыру қажет сияқты», - деді саясаттанушы.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.