Құмар ойынға көпшілік оңай ақша табамын деп барады – психолог
Заң бойынша 21 жастан бастап құмар ойынға қатысуға, бәс тігуге рұқсат берілген
Қазақстанда лудомания дертіне шалдыққандар саны артып барады. Қазіргі уақытта құмар ойындардың құралдары өте қолжетімді. Интернеттегі онлайн құмар ойындарды қоспағанда, көппәтерлі үйлердің жертөлесінде, дүкендерде орналасқан сары-жасыл ойын аппараттарының өзі жетіп артылады. Кейбір деректер бойынша, ресми тіркелген ойын аппараттарының саны бес мыңға жуық екен. Ал бейресми істеп тұрған терминалдардың саны беймәлім. Жалпы алғанда елімізде 400 мыңға жуық азамат букмекерлік кеңселер мен казинолардың тұрақты клиентіне айналып үлгірген. Бұл туралы депутаттар да, мамандар да талай мәрте айтып келеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Күні кеше өткен Ұлттық Құрылтайдың отырысында Президент құмар ойынға салынғандардың саны бір қаланың халқын құрап отырғанын атады. Үкіметке лудоманиямен күреске қатысты кешенді жоспар қабылдауды тапсырды.
«Құзырлы органдар былтыр интернет-казиноның белгісі бар 4 мыңнан астам сайтты бұғаттады. Біз нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күресу үшін кешенді жоспар қабылдадық. Үкімет лудоманиямен күреске қатысты дәл сондай жоспар қабылдауы керек. Құмарпаздыққа заң жүзінде шектеу қою қажет. «AMANAT» партиясы фракциясының бастамасымен осы мәселе бойынша тиісті заң жобасы әзірленді. Парламентте қаралып жатқан сол жобаны осы сессияның соңына дейін қабылдау қажет. Біз жастардың құмар ойынға салынып, арзан табысқа ұмтылуына жол бермеуіміз керек. Адал еңбекпен тапқан табыс қана берекелі болады», - деді Президент.
Лудомания – есірткіқұмарлық пен ішімдікке салыну сияқты дерттің біріне айналған. Соның кесірінен талай шаңырақ ортасына түсіп, апталдай азаматтар қылмыскер атанып, тіпті өз-өзіне қол жұмсауға дейін барып жатыр. Интернетте қызылды-жасылды жарнамасы жалт-жұлт еткен онлайн казинолар жастарға, жеткіншектерге қолжетімді болып отыр. Ендеше құмар ойындарға тыйым салу тек заң тұрғысынан реттеліп қана қоймай, оның зиянын тәрбие, білім арқылы жас ұрпақтың санасына сіңіру басты міндетке айналды.
Психолог Балабек Сақтағанов Azattyq Ruhy тілшісіне берген сұхбатында «құмар ойыншылардың көбейіп кетуінің бір себебі – қолжетімділік» дейді.
«Қарапайым бәс тігу де құмар ойынның басы ғой. Ол ежелгі заманнан бар дүние. Бұрынырақта ат жарысы, спорт жарысына бәс тігу үшін оның болатын уақытын күтетін, лоторея билетін дүңгіршектерге барып сатып алатын. Ал қазір ондай кедергілер жоқ. Құмар ойыншылардың көбеюіне интернеттің, телефонның, компьютердің қолжетімділігі себеп болып отыр. Адамдар қалаған уақытында, қалаған жерінде бәс тігіп жібере алады», - дейді ол.
Маманның сөзінше, әлі психологиясы тұрақтанбаған жастар құмар ойынға көбірек барады.
«Құмар ойынға көбірек баратындардың дені жастар деуге болады. Бізде заң бойынша 21 жастан бастап құмар ойынға қатысуға, бәс тігуге рұқсат берілген. 21 жастағы азамат дегеніміз – студент, жас маман болмаса отбасын құрмаған мойнында асып бара жатқан жауапкершілігі жоқ азаматтар. Әлі психикасының тұрақтанбауы құмар ойындарға көбірек баруына әсер етеді. Мысалы, Англияда 25 жастан бастап бәс тігіп ойнауға рұқсат етіледі. Біздегі 25 жастағы азамат дегеніміз – көбіне университет бітірген, 2-3 жыл жұмыс істеген, тіршілік қамымен жүрген, бос уақыты аздау, шаңырақ көтерген, балалары бар болуы мүмкін адамдар. Сондықтан құмар ойынға рұқсат беру жасын жоғарылату керек. Ересек келген сайын адам салыстырмалы түрде құмар ойынға бара бермейді.
Негізінен лудомандардың басым көпшілігі оңай ақша табуға ұмтылыстан барады. Оларда күш жұмсамай, тер төкпей, азғантай ақшаны он есе, жүз есе көбейтіп алсам деген түсінік бар. Бұған құмар ойындардың жарнамасы, психолингвистикалық әсер ететін фильмдердергі казинодан ақша ұтып алып, байып кетіп, қымбат көліктер мініп жүретін кейіпкерлер адамды бейсаналы осындай әрекетке баруға итермелейді. Тағы біреулер ақша табу үшін емес, бойындағы энергияны шығару үшін, ләззат алу үшін ойнайды», - дейді психолог.
Балабек Сақтағанов «лудоманияға ұшыраған адам психолог мамандардың алдына баруы тиіс екенін, дегенмен адамның өзі құмар ойынның зиянын толық ұғынбайынша, оған ешкім жүз пайыз көмектесе алмайтынын» айтады.
«Жақындарыңыздың құмар ойынға салынғанын мынадай іс-әрекетінен білуге болады: Ұзақ уақыт компьютер алдында отырады, сіз келіп қалғанда компьютерді өшіре салады. Сізден телефонын жасырады. Бірте-бірте үйдегі ақша, бағалы заттар жоғала бастайды. Ол адамдардың жүйке жүйесі әлсіз болады, тез ашуланады. Сұрағыңызға жауап бергенде алақ-жұлақ етіп, сізден бірнәрсені жасырып тұрғандай жауап береді, үнемі алаңдап жүреді. Басқа адамдармен қарым-қатынасы тоқтайды.
Лудоманияның ақыры жақсы болмайды. Психикасы бұзылып, стреске түседі. Одан депрессияға шалдығып, депрессияның соңы адамның өзіне қол жұмсауына апаруы мүмкін.
Егер туысыңыздың, танысыңыздың лудоман екенін байқасаңыз оны мүмкіндігінше кінәламай, оған көмек қолын созуға, оның хоббиін тауып беруге, жұмысқа тұрғызуға, моральдық тұрғыдан көмектесуге ұмтылыңыз», - деді маман.