Бейжіңде қазақстандық студенттер Наурыз мерекесін тойлады
Наурызды мерекелеуге 5 елдің студенттері атсалысты
Бейжің университетінде Орталық Азия студенттерінен құрылған қауымдастық Наурыз мейрамын мерекеледі, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Қауымдастық құрамына Орталық Азияның 5 елінің студенттері кіреді. Ол: Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан және Тәжікстан. Әр ел студенттері ұлттық киімдерін киіп, арнайы стенд әзірлеген. Мерекелік концертке жиналғандар әр елдің ұлттық биін тамашалады.
Қазақстанның Қытайдағы елшілігінің өкілі Асхат Әбдімұрзаев бұл мерекені атап өтуге шақырған Бейжің университетіне алғысын жеткізді.
«Бұл мейрам - біздің негізгі Жаңа жылымыз. Осы кездесуді пайдалана отырып Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынас қарқынды дамып келе жатқанын еске салғым келеді. Қытай Қазақстанның сыртқы саясатындағы негізгі басымдықтардың бірі. Біздің басты мақсат – жақын көршімібізбен, достық және стратегиялық әріптестікті дамыту. Өткен жылы Мемлекет басшысының дипломатиясының арқасында біз бірқатар маңызды жетістікке қол жеткіздік. Президент Қасым-Жомарт-Тоқаевтың Қытайға келген екі сапарының нәтижесі бойынша азаматтарымызға визасыз режим енгізілді. Өзара мәдени орталықтар ашылды», - деді Асхат Әбдімұрзаев.
Оның айтуынша, биыл да маңызды бірқатар іс-шаралар күтіліп отыр.
«Оның ішінде шілде айында Астана қаласында өтетін ШЫҰ саммиті жоспарланған. Алдағы іс-шаралар Қазақстан-Қытай қарым-қатынасының дамуына жаңа серпін берері сөзсіз. Бұдан бөлек, 29 наурызда Бейжіңде Қытайдағы Қазақстанның туризм жылының салтанатты ашылу рәсімі өтеді. Туризм жылының ашылуына Қазақстаннан атақты әртістер, мәдениет қайраткерлері келеді. Қазақта «Ескі жыл есіркесін, жаңа жыл жарылқасын» деген жақсы сөз бар. Ендеше, Ұлыс оң болсын!» - деді ол.
Сондай-ақ, мерекелік кеште Қырғызстан мен Тәжікстан елшіліктерінің өкілдері де сөз сөйледі.
Бейжің университетінде білім алып жүрген қарағандылық Нұрасыл Әлібекұлы 2 жыл бойы Қытай тілін меңгеріп жүргенін жеткізді.
«Бейжің университетінде білім алып жатқаныма 2 жыл болды. Бұл жоғары білім алмас бұрын соған дайындық ретінде жүргізіледі. Қазір Қытай тілін меңгеріп жатырмын. Қауымдастықта Орталық Азия өкілдерінен жиналған студенттер болған соң, көбіне ортақ мерекелерді бірге тойлаймыз», - дейді Нұрасыл Әлібекұлы.
Еске салсақ, Бейжің тіл және мәдениет университетінің филиалы Қазақстанда да ашылған болатын. Қытай университетінің филиалы Қазақстан мен Қытай арасындағы мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестікті дамытуға қажет қытай тілі мен мәдениеті саласындағы мамандарды даярлайтын болады.