«Жүйелі түрде пара алып отырған»: «Қазтеміртранс» АҚ филиалдарының 4 басшысы сотталды
Іс бойынша пара алудың 18 фактісі анықталды
Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында сыбайлас жемқорлық ісі бойынша «Қазтеміртранс» АҚ филиалдарының 4 басшысына және 16 кәсіпкерге қатысты үкім шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Іс материалдарына сәйкес, 2019-2022 жылдары аталған филиалдардың директорлары С., А. және К. жүктерді тасымалдау үшін қажетті вагондардың тапшылығы кезінде жүк жөнелтушілерден вагондарды кедергісіз өткізіп және жалпы қамқорлық жасағаны үшін жүйелі түрде пара алып отырған. Іс бойынша пара алудың 18 фактісі анықталды», - делінген хабарламада.
Сотта келтірілген мәліметке сүйенсек, сотталушы С. - 13 млн 225 мың теңге, сотталушы А. - 3 млн 480 мың теңге, сотталушы К. 19 млн 710 мың теңге пара алған.
«Кәсіпкер Р. жалпы сомасы 9 млн 879 мың теңгеге, яғни ірі мөлшерде вагондар бергені үшін пара берді. Сотталушылардың кінәсі пара берушілердің айғақтарымен, ақша қаражатының аударылғанын растайтын түбіртектермен, вагондарды беруге өтінімдермен, сондай-ақ арнайы жедел-іздестіру іс-шаралары мен жасырын тергеу әрекеттерінің материалдарымен дәлелденді», - делінген сот хабарламасында.
Сот С-ны ҚК-нің 366-бабы 3-бөлігінің 4-тармағы, К-ны ҚК 366-бабы 3-бөлігінің 3,4-тармақтары бойынша кінәлі деп танып, оларға 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Ал А. ҚР ҚК-нің 28-бабының 5-бөлігі – 366-бабы 3-бөлігінің 4-тармағы, 366-бабы 3-бөлігінің 4-тармағы және қылмыстардың жиынтығы бойынша (ҚК-нің 58-бабының 3-бөлігі) кінәлі деп танылып, 7 жыл 2 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Р. ҚР ҚК-нің 367-бабы 3-бөлігінің 2-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, оның кәмелетке толмаған балаларының, созылмалы жүрек ауруының болуын ескере отырып, сот оны айрықша мән-жай деп танып және ҚК 55-бабының 4-бөлігі негізінде параның 5 еселенген сомасы (9 млн 879 мың теңге), яғни 49 млн 395 мың теңге мөлшерінде айыппұл түрінде жаза тағайындалды.
Сондай-ақ сотталғандарға сыбайлас жемқорлық қылмыстар бойынша ҚК-нің 50-бабында көзделген лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыру түрінде қосымша жаза тағайындалды. Сонымен қатар, дәл осы үкіммен сотталушы Е. ҚК-нің 28-бабының 5-бөлігі - 366-бабы 3-бөлігінің 4) тармағы бойынша кінәлі деп танылды және сотталушының қайтыс болуына байланысты оған қылмыстық жаза тағайындалмады.
Шағын және орта бизнестің өкілдері болып табылатын қалған 15 пара берушілер шынайы өкінуіне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатылды (ҚК 65-бабы). Сот олардың қылмыстық құқық бұзушылықтарды «Қазтеміртранс» АҚ-ның лауазымды тұлғаларына тәуелді болғандықтан, сондай-ақ олар кінәларын мойындап, жасаған істеріне шын жүректен өкініп, қылмыстарды ашуға және тергеуге ықпал етулерін ескерді.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.