Астанадағы базарлардан 100 келіге жуық насыбай тәркіленді
Ел бойынша вейп нарығында 6000 сауда орыны тіркелген
Астанада екі сатушыдан 100 келіге жуық насыбай тәркіленді. Елордада барлық бес ауданда насыбай мен вейп өнімдерін сату және өткізу фактілерін анықтау мақсатында рейд жұмыстары жүргізілді. Полиция департаментінің қызметкерлері аудан әкімдіктерімен бірлесіп шегілмейтін темекі өнімдерін сату мен таратудың 50-ге жуық фактісін анықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Астана арнасына сілтеме жасап.
Қала тұрғындары арасында шайтан базар аталып кеткен маңда насыбай сататындар көп. Бұрын жайып сататын болса, қазір тығып береді. Тіпті базар маңайында саудагерлерге көтерме бағамен жеткізіп беретіндер де бар. Елордалық Бекзат Үсіпбеков 4 айдан бері насыбай сатумен айналысады. Өзі өнімді Шымкент қаласынан алдырады.
«Айына бір қап, екі қап алдырамын. Бастағаныма 4 ай болды. Заң күшіне енді ғой, енді тоқтатамыз. Қазір анада екі мешок тұр. 55-60 келідей бар», - деді қала тұрғыны Бекзат Үсіпбеков.
Рейд жұмыстары жабық базар ішінде жалғасты. Тәртіп сақшылары мұнда бұрын насыбай сатқандардың сөрелерін ақтарып шықты. Алайда ештеңе табылмады.
«Насыбайға тыйым салынғанын білгеннен бастап, базар ішінде сататындарға ескерту жасалды. Бұл өнім сөрелерден алынды. Күнделікті бақылау жүргізіп отырамыз. Қазір ешкім сатып жатқан жоқ. Ал егер сатып жатқанын анықтасақ, ол саудагермен келісім шарт тоқтатылып, сауда орнын қайтарып алатын боламыз», - деді базар әкімшісі Наталья Берикханова.
Ел бойынша вейп нарығында 6000 сауда орыны тіркелген. Ресми статистика осылай дейді. Ал бейресми сатып жатқандардың нақты саны жоқ. Алайда, енді пайда ойлаған мұндай сатушылардың жолы түбегейлі кесіледі.
«Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, насыбай-вейп сынды өнімдерді таратуға, өндіруге және сатуға тыйым салу көзделген. Шегілмейтін темекі өнімдерін заңсыз сататындарға қарсы 18-31 наурыз аралығында рейд жүргізіледі», - деді Сарыарқа ауданы ПБ бастығының орынбасары Дастан Талғатұлы.
Қаладағы дүкендерді аралау кезінде шегілмейтін темекі өнімдерін сату және тарату фактілері анықталды. Оларға 92 мың теңгеден астам мөлшерде айыппұл көзделген.
Әлем бойынша 40-тан астам мемлекетте шегілмейтін темекі өнімдерін сату заңмен шектелген. Қазақстан да бұл мәселеге нүкте қоймақшы.