Қамшыны білмейтін ұрпақ өсіп келеді – Біләл Қуаныш

Ұлттық салт-дәстүріміздді жаппай насихаттау барысында қамшы көрмесі ұйымдастырылды

Қамшыны білмейтін ұрпақ өсіп келеді – Біләл Қуаныш
Фото: Әсет Құндақбаев

Қазақта қамшының 72 түрі бар. Алайда қазір жастар тұрмақ, ересектердің өзі қамшының түрлерін, оның қолдану жолдарын білмейді. Жастардың арасында қамшы тек мал айдау үшін қолданылады деген ұғым қалыптасты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

Наурыз мейрамы қарсаңында Алматыда қамшы көрмесі ұйымдастырылып, рухани танымды арттыруға арналған кітаптың тұсаукесері өтті. Қазақ салтының тарихында қамшының қазіргі дейін анық болған 72 түрі бар деседі. Балаң қамшы, бишік қамшы, зер қамшы, сүндет қамшы, ана қамшы, тарам қамшы, тарлан қамшы, шашақ қамшы, бәйге қамшы, айыл қамшы, түйебас қамшы, атбас қамшы деген сияқты түрлері кете береді. Қамшының іліну, ұстау тәртібін, мәдениетін де ата-бабаларымыз қалыптастырып кеткен. Алайда қазіргі заманда оны тек мал қайырып, атты қамшылауға арналған деген түсінік басым.

Қазақ халқы алғаш рет жылқыны қамшымен бағындырған, атты қолға үйреткен. Бопай мәдениеті соның басты дәлелі дейді этнограф Болат Бопай. 

«Қамшы қолдану аясына қарай әртүрлі болған. Қамшы - қазақтың төрінде тұратын қасиетті бұйым. Егер өрімін босатып ілсе, үйдің отағасы қайтыс болған дегенді білдірген. Ондай кезде үйге келген қонақтар бірден түсініп, көңіл айтатын болған. Қыдырып жүрген жігіттер қамшыны білдіртпей босағаға іліп кетсе, құда түсетінін білдірген. Онда үйдің қызын ұнатып қалды дегенді ұғым бар. Жігітті ұнатса қамшысын қайтармай алып қалады, ұнатпаса қайтарып береді. Дауға барса, қамшысын үйге сүйретіп кіріп, жайғасып отырғанда екі бүктеп, оң тізесінің астына қояды», - деді этнограф Болат Бопай.

Қамшы - тұтас түркі жұртының ортақ мұрасы, жауһар жәдігері, атамұрасы. Қамшы - күш, киелі зат, дәстүр, рух, өнер туындысы, мәдениет, тұнып тұрған тарих. Қазақ аттан түсткеннен соң қолдан қамшы кетіп, оның қасиеті, құны тек әйелін сабайтын, атты сабайтын, бақсы-балгерлер ұстайтын төмен деңгейге түсіп қалды дейді мәдениеттанушылар.

«Бес қарудың бірі ретінде танысақ, керемет болар еді. Шыңғыс ханның қолында найза, қылыш қана емес, үнемі қамшы болған. Кең байтақ даланы иеленген тәуелсіз ел болып отырсақ, ең алдымен, қамшыға қарыздармыз. Қамшы болмаса, жылқы мінбейтін едік. Бүгінгі заман жаңарған кезде қамшымыз босағада қалып, қой айдайтын құралға айналмауы керек. Сондықтан алтын қамшыларды қолымыздан келгенше қазіргі заманға лайықтадық. Бұрынғы қазақ сіздің қолыңыздағы қамшыға қарап, дәрежеңізді білген. Байсың ба, төресің бе, хансың ба, малшысың ба, жалшысың ба, бәрін қамшысына қарап-ақ білген. Әр үйдің төрінде қамшы тұрсын, әр қазақтың баласының қолында қамшы болсын. Қамшы дегеннің не екенін білмейтін ұрпақ өсіп келе жатыр. Біздің балаларымыз да өзгенің ойыншығымен ойнамай, төл туындымызбен де ойнасын. Балаларға арнап смарт-қамшы шығардық. Онда күй ойнайды. Алдағы уақытта «Алиса» сияқты сөйлетеміз деп отырмыз. Оған да жететін күн бар шығар. Сондықтан ұлық мейрам Наурызда, қасиетті Рамазан айында қамшының жаңа түрлерін елге насихаттап жатырмыз», - деді жобаның авторы Біләл Қуаныш.

Ғалымдардың пайымдауынша, адамзат жылқыны ерттеп мінгенге дейін «хайуан» сияқты өмір сүріпті. Атқа қонғаннан кейін ұлы даланы тұлпардың тұяғымен таптап, рухтанды. Адамзаттың рухы – қамшы. Қамшы ұл болсаң қолыңда, құл болсаң төбеңде ойнайды. Сондықтан әр қазақтың қолынан қамшысы түспеуі керек дейді көрмені ұйымдастырушылар.

«Қазақ төріне сарыала қамшы іліп қояды. Үйге кие болады, ие болады деп. Ұшынып ауырғандарды бақсылар сарала қамшымен ұшықтайды, бойындағы сырқатын шығарып жазып алу дәстүрі болған. Сарыала қамшыдан сайтан қорқады деген сенім болған, оны күні бүгінге дейін қолданып келе жатыр. Бақсылар ұстаған, сал-серілер ұстаған, батырлар ұстаған, байлар, уәзірлер ұстаған қамшының түрлері бар. Олар өте құнды, бағалы болған. Қамшының бағасы өруіне қарай әртүрлі болған. Ақсаусақ ханымдар, байлардың әйелдері, бай-манаптың қыздары ұстайтын қамшылар алтынмен апталып, күміспен күптелген. Анадайдан келе жатқанда қолындағы қамшыға қарап, мынау пәлен байдың қызы, келіні, бәйбішесі екен деп танып отырған», - деді этнограф.

Жер жүзін ат тұяғымен таптаған көшпенділердің қамшысы тек құрал емес, уақыт өте келе биліктің, рухтың, күштің символына айналды. Түркі баласының шаңырағында Қамшы тұруы – аттан түссе де, өр рухынан айырылмаған болмысының анық айғағы. Ол – қанымызда бар ерліктің, өрліктің, тектіліктің символы. Бүгінгі ұрпақтың түпсанасын оятып, тарихи жадын жаңғыртамыз десек, қамшыдан артық құрал жоқ.

Қамшының қасиетін білген, сезінген, ұстаған ұрпақтың қайраты бекем, намысы биік, арманы асқақ болары сөзсіз дейді этнограф ғалымдар. Ұлттық мерекені кеңінен насихаттау барысында алғаш рет қамшы туралы кітаптың тұсаукесері өтіп, бабадан қалған мұраға арнап жазылған әндер орындалды. 

«Қолына қамшы ұстаған адам айбарлы көрінеді. Қазір бастауыш сыныптағы балалардың қолына қамшы ұстату тәртібін наурыз айында насихаттап жатырыз. Президентіміз жаңғыру, жаңару күні деп атйып жатыр, соған орай ұмыт қалған, ескіріп бара жатқан қамшыны жас буын ұрпаққа насихаттау керек. Қамшының бойында үлкен тарих бар. Қамшыны әрбір үйдің төріне іліп қойса, қазақтың брендіне айналар еді. Абстарактілі ұғымдарды заттық дүниеге айналдырып жасау қажет. Қамшы - ұлттың рухын көтеруде, салт-дәстүрін жаңғыртуда бұл таптырмас құрал», - деді Болат Бопай.

Көпшілікке «Руна», «Ару», «Таңбалы», «Алтын орда», «Бала қамшы» түрлері таныстырылды. «Руна» қамшысында ежелгі түркі жазуы мен Күлтегін тұлғасы бейнеленген. «Ару» қамшысының сабы гүлді өрнектермен безендіріліп, жіңішке өріммен бекітілген. «Таңбалы» қамшысында жартас суреттері мен таңбалы тас сызбалары өрнектелген. «Алтын орда» қамшысында Түркілерге ортақ шаңырақ бейнесі мен Самұрық тотемі бедерленген. «Бала қамшыға» асық пен қасқыр мінген баланың, қамшы ұстаған қолдың бедері салынған. Алақанына қыран мен күннің, алтын адамның, жылқы мен қасқыр мінген баланың суреті басылған. 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.