$ 511.22  540.05  4.73
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
14.04.2020, 23:47
Қоғам

Лондоннан келген жолаушылар Петропавл орталығындағы қонақүйге орналастырылды

Әуе рейсімен шетелден 95 адам келді

Лондоннан келген жолаушылар Петропавл орталығындағы қонақүйге орналастырылды

Бүгін сағат 18:30-да Петропавл халықаралық әуежайына Лондоннан келген ұшақ қонды. Әуе рейсімен шетелде жүрген 95 қазақстандық елге оралды. Олар петропавлдықтардың наразылығына қарамастан, қаланың орталығындағы «Қызылжар» қонақүйіне орналастырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

«Air Astana» әуе компаниясының баспасөз қызметі хабарлағандай, Үкіметтің шешімімен Лондоннан келетін ұшақ бастапқыда Қостанай қаласына қонуға тиіс болған. Алайда өткен аптада түскен жауын-шашын салдарынан ұшу-қону жолағы суға толған. Халықаралық рейстің Петропавл қаласына келетіні бірнеше күн бұрын ғана белгілі болды. Оны естіген теріскейліктер шетелде жүрген қазақтардың елге оралатынына емес, олардың қаланың қақ ортасындағы қонақүйге орналастырылатынына қарсылық білдірді.

«Лондоннан келген жолаушыларды қаланың қақ ортасындағы мейманханаға орналастыру –  дұрыс емес. Облыс бойынша 26 адам ауырып жатыр. Ертең шетелден келгендер санитарлық талаптарды сақтап, өз бөлмелерінде отыратынына сенімім жоқ. Олар сыртқа шығуы мүмкін. Араларында індет жұқтырғандар болса, бұл бәріміз үшін қауіпті. Оларға қанша адам қызмет көрсетіп жатыр. Қала сыртында талай жазғы лагерьлер, жолаушыларды орналастыруға болатын басқа да нысандар бар. Соны пайдалану керек еді. Әкімдіктің мына әрекеті ақылға сыймайды», - дейді Петропавл қаласының тұрғыны Кәмиля Әлібаева. 

Облыстық әкімдік «меймандардың» нақты қай қонақүйде болатыны жайында ресми ақпарат берген жоқ. Шенеуніктер бұл мәліметті халықтан жасырып қалуды жөн санаған сыңайлы.

«Жолаушылар - түрлі жағдайлармен шетелде қалып қойған қазақстандықтар. Олар еліміздің 13 қаласының тұрғыны. Рейсті қарсы алу барысында қауіпсіздік шаралары қатаң сақталды. Алгоритмге сәйкес, барлық қызмет мамандары үйлесімді жұмыс атқарды. Санитарлық-эпидемиологиялық талап бойынша әуежай аумағы, жүк салғыш пен ұшақтың іші зарарсыздандырылды», - дейді облыстық ішкі саясат басқармасы жетекшісінің орынбасары Асқар Баймұқанов.

Сағат 15:00-ден «Қызылжар» қонақүйін полиция қызметкерлері қоршауға алып, аумағына адам жолатпады. Ұшақ әуежайға қонғаннан кейін 2,5 сағат өткенде ғана алғашқы екі автобус қала орталығына жетті. Жолаушыларды полиция көлігі бастап келді. Екі-екіден жұптасқан автобустар қонақүйге арасына 30-40 минут уақыт салып қана келді.

 

«Жолаушылар мен экипаж мүшелері 2 күнге оқшауланды. Олардан коронавирусқа лабораториялық сараптама алынды. Нәтижесі дайын болғаннан кейін олар өз қалаларына жіберіледі. Олар карантинді үйде жалғастырады. Шетелден келген жолаушылар үшін барлық жағдай жасалған. Тегін тамақтанады. Қонақүйде санитарлық-эпидемиологиялақ талаптар қатаң сақталады. Солтүстік Қазақстан облысы халқының қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі. Бұған дейін еліміздің 9 қаласы осындай рейстерді қабылдады», - дейді Асқар Баймұқанов.

Ұлыбританиядан келген жолаушылардың қатарында Динара Бекмағамбетова да бар. Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны шет елге білім алу мақсатында кеткен. Ол Қазақстанға оралу үшін үш мәрте ұшақ билетін сатып алғандығын айтады. Әдетте жол шығыны 100-150 мың теңге аралығында болса, осы жолы қалтасы 350 мың теңгеге қағылыпты. Жолаушы ұшақ толық болмағандығын айтады. Санитарлық талаптарды сақтау мақсатында адамдар бір-бірінен алшақ отырғызылған. Медициналық маска, қолғап сынды тағы басқа қорғаныс құралдарын пайдаланған.

«Лондон – Ұлыбританиядағы дерт ушығып тұрған аймақтардың қатарында бірінші тұр. Есік алдына шығудың өзі қауіпті. Сақтық шараларын барынша сақтауға тырысып бақтым. Соңғы апталарда далаға мүлде шықпадым. Өйткені коронавирус инфекциясымен ауырғандарға жедел жәрдем көмегі де келмейді. Ауырған адамдардың көбі соншалық, дәрігерлер үлгермей жатыр. Елге ертерек оралудың сәті түспеді. Емтихандарымды тапсыру қажет болды. Одан кейін оқу онлайн форматқа көшірілді. Бұған дейін ұшаққа екі рет билет алдым. Әуе компаниясы екі рейсті де тоқтатып тастады. Билеттерді қайтаруға тура келді. Осы жолы да ұшақ рейсі шегерілмесе екен деген тілекпен жүрдім. Елге жету оңай болған жоқ. Көптеген отандастарымның шетте жүрген қандастарымыздың Қазақстанға оралуына қарсылық танытып жатқанын оқып жатырмын. Біздің басқа амалымыз болған жоқ. Енді бәрі жақсы болса, Петропавлдан Нұр-Сұлтанға қайтамыз. Астанаға жеткен соң, үйге баруға болмайды. Екі апта бойы оқшаулануым керек. Ешкімге зиянымды тиігзгім келмейді», - дейді Динара Бекмағамбетова.

Петропавл қаласында карантин жалғасуда. Облыс орталығы мен барлық аудандар жабық. Кәсіпорындар мен сауда орталықтары да жұмысын тоқтатқан. Тек дәріханалар мен азық-түлік дүкендері сағат 10:00 мен 18:00 аралығында жұмыс істейді.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО

Серіктес жаңалықтары