Алматы облысында тағы екі адамның коронавирус жұқтырғаны белгілі болды
Олар 130 адаммен байланыста болған
Алматы облысында коронавирус инфекциясын жұқтырғандар қатарына тағы екі адам қосылды. Олар – Жамбыл ауданы Мыңбаев ауылының тұрғындары, деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
«Олардың біріншісі – 1997 жылы туған азамат дәрігерге жүгінгенде өкпесінің қабынуы анықталып, соған байланысты КВИ-ге вирусологиялық анализ алынған, қорытындысы оң болып шыққан. Екіншісі – 1975 жылы туған әйел адам наурыздың 1-7 аралығында Ташкентте, 18 наурызда Алматы қаласында болған. 13 наурызда инфекционист дәрігерге құрғақ жөтел, дәм және иіс сезуінің бұзылуына, шағымданған, және ол мұрны біткеніне байланысты 6 сәуірден өз бетінше антибиотик қабылдағанын айтқан. Дәрігерлердің қарауынан кейін провизорлық бөлімге жатқызылып, КВИ-ға вирусологиялық анализ алынды, қорытындысы – оң», - деп жазылған хабарламада.
Сырқаттардың екеуі де Қарасай аудандық орталық ауруханының инфекциялық бөлімінде жатыр. Екі адамның жалпы саны 130 адаммен байланыста болғаны белгілі болды. Олардың барлығы Мыңбаев ауылындағы аурухананың провизорлық бөліміне оқшауландырылып, әрқайсысынан вирусологиялық анализ алынды.
14 сәуір күнгі сағат 21.00-дегі жағдай бойынша Алматы облысында коронавирус инфекциясымен ауырғандар саны 24-ке жетті, олардың 5-еуі жазылып шықты.