Түркістан облысында мақта зауыттары шаруа қожалықтарына 916 млн теңге қарыз
Облыс прокуратурасының бастамасымен мекемеаралық жиналыс өткізілген
Түркістан облысында мақта зауыттары 451 шаруа қожалығына 916 млн теңге қарыз болған. Прокуратура араласуынан кейін бұл берешек өндірілді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy OTYRAR-ға сілтеме жасап.
Ведомство хабарлауынша, облыс прокуратурасының бастамасымен жергілікті атқарушы орган, шаруа қожалықтары және зауыт өкілдерінің қатысуымен мекемеаралық жиналыс өткізілген. Оның қорытындысы бойынша шаруаларға талап арыз дайындау, сотқа беру, ескерту хаттарын жолдауға құқықтық көмек көрсету, сондай-ақ тараптар арасында келісу рәсімдерін өткізу тапсырылды.
Белгіленген жұмыс аясында сотқа 25 талап-арыз беруге және зауыттарға 23 ескерту хаттарын жолдауға құқықтық көмек көрсетілді. Жергілікті деңгейде сот жүйесі өкілдері және медиаторлардың қатысуымен келісу рәсімдері өткізілді.
«Қабылданған шаралар нәтижесінде 451 шаруа қожалығының алдындағы 916 млн теңге құрайтын қарыз берешегі өндіріп берілді. Сондай-ақ облыс прокуратурасының үйлестіруімен үлгілік сатып алу-сату шарттары әзірленіп, ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу кезінде шарт жасасу және сотқа жүгіну қажеттілігі туралы құқықтық насихат жүргізілуде. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда және Түркістан облысы прокуратурасының жүйелі бақылауында» делінген прокуратура мәліметінде.