Ескі көліктердің жалған құжатпен жеткізілуі: ХҚКО қызметкерлері тексеріліп жатыр

2022-2023 жылдары алдын ала есеп бойынша бюджетке 14,3 млрд теңгеге залал келтірілген

Ескі көліктердің жалған құжатпен жеткізілуі: ХҚКО қызметкерлері тексеріліп жатыр
Фото: Azattyq Ruhy / Әсет Құндақбаев

Қаржылық мониторинг агенттігінің өкілдері Қазақстанға жеткізіліп жатқан ескі көлік құралдарын заңсыз тіркеу схемалары анықтады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Ведомство мәліметінше, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында мемлекет көлік құралының шығарылған жылына байланысты тіркеу алымдарының мөлшерлемесін төмендету арқылы елге жаңа жүк көліктері мен автобустарды әкелуді ынталандырады.

«Көліктердің көпшілігі әлі де дизельмен жұмыс істейді және соның салдарынан ауаның ластану деңгейі артып келеді. Егер автокөліктің шығарылу мерзімі бес жылдан асса, онда 2500 АЕК төлеу керек, ал егер екі жыл толмаса, төленетін сома 0,25 АЕК-ке дейін қысқарады. Сондықтан кейбір жосықсыз азаматтар елге ескі және қауіпті жүк көліктерін, автобустарды жалған құжаттар бойынша әкелуге тырысып, шығарылған жылын ауыстырады. Тек анықталған фактілер бойынша 2022-2023 жылдары сотқа дейінгі 23 тергеу басталды, онда алдын ала есеп бойынша бюджетке 14,3 млрд теңгеге залал келтірілген», - деп атап өтті ведомство өкілдері.

Мамандандырылған ХҚКО-ның 59 лауазымды тұлғасы мен мемлекеттік органдардың қызметкерлерінің қатыстылығы тексеріліп жатыр.

«Көлік құралдарын заңсыз бастапқы тіркеудің негізгі схемалары анықталды. Алаяқтық схемаларды ұйымдастырушылар арнайы ХҚКО-ға бастапқы алымның ең төменгі мөлшерлемесін төлеу мақсатында шығарылған күні өзгертілген жалған түбіртектерді ұсына отырып, автокөлікті есепке қоюды жүзеге асырған», - делінген ҚМА хабарламасында.

Кейбір жағдайларда Egov порталы арқылы онлайн режимінде, жалған құжаттарды пайдалана отырып, ресми дилерден сатып алынған және жаңа КҚ ретінде алымдарды төлеу арқылы жүргізілген.

«Халықаралық автомобиль тасымалдаушысының куәлігі берілген фактілер болған, ол болған жағдайда бастапқы есепке қою алымды төлемей жүргізіледі. Кейбір жағдайларда тіркеу контрабандалық жолмен әкелінген көлік құралдарына құжаттардың барлық пакетін қолдан жасау арқылы жүзеге асырылған», - делінген хабарламада.

ҚМА жүргізген талдау көлік құралдарын алғашқы тіркеуді Арнайы ХҚКО қызметкерлері интеграцияланған ақпараттық жүйеге авто санаты туралы дәйексіз деректерді «қолдан» енгізу арқылы жасалғанын көрсетті. Автокөлік құралдарын бүкіл ел аумағында одан әрі заңсыз алаяқтық схемалар арқылы тіркеуді болдырмау мақсатында Агенттік ақпараттық жүйелерді айналып өтіп, деректерді «қолдан» енгізу мүмкіндігін болдырмау жөнінде шаралар қабылдады.

«Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ-мен бірлесіп, Мемлекеттік корпорация қызметінің Қағидаларына заңнамалық деңгейде тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.