Қоқысты қайта өңдеу жобаларын іске асыруға 200 млрд теңге бөлінеді - Экология министрі
Өткен жылы елімізде 4,1 млн тоннаға жуық коммуналдық қалдықтар түзілсе, соның 1 млн тоннасы сұрыпталып, қайта өңделген

Былтыр елімізде 4 млн тоннадан астам коммуналдық қалдық шығарылған. Бұл туралы экология министрі Ерлан Нысанбаев Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Әкімдіктердің мәліметінше, 2023 жылы елімізде 4,1 млн тоннаға жуық коммуналдық қалдықтар түзілген, оның 1 млн тоннасы сұрыпталып, қайта өңделді, қалғаны полигондарда көмілген. Қоқысты шығару қызметімен, негізінен, еліміздің 80 пайызға жуық халқы тұратын қалалар мен ірі елді мекендер қамтамасыз етілген. 39 ірі елді мекен бойынша ғана ғарыштық мониторингтің өзі өткен жылы 5 533 рұқсатсыз қоқыс үйіндісін анықтады, бұл қалдықтардың нақты көлемі есепке алынатын көлемінен әлдеқайда жоғары екенін көрсетеді», - деді ол.
Министрдің мәліметінше, коммуналдық қалдықтардың морфологиялық құрамы шамамен 70% пайдалы фракциялардан тұрады, атап айтқанда 16% пластик, 11% макулатура, 9% шыны, 37% органикалық қалдықтар, 27% тағы басқалары.
Тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеп, дайын өнім алуды дамыту сапалы қайталама шикізатты талап етеді.
«Ол үшін қайта өңдеуге дейінгі барлық технологиялық операцияларды, яғни жинау, тасымалдау және сұрыптауды ретке келтіру қажет. Үкімет қалдықтарды басқару саласындағы жобаларды қаржыландырудың жеңілдетілген тетігін бекітті, ол – қоқыс таситын көліктерді сатып алуға, сұрыптау желілерін және қайта өңдеу қуаттарын салуға бағытталған», - деді министр.
Қаржыландыру Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы 3 жылдан 15 жылға дейінгі қарыз беру мерзімін және 3%-дық сыйақы мөлшерлемесін қарастырады. Бөлінетін қаражаттың жалпы мөлшері 3 жылға шамамен 200 млрд теңгені құрайды.
«Министрліктің жанынан құрылған Жобалық топ 232,2 млрд теңге сомаға 94 жоба іріктеп алды. Жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде брусчатка, люктер, қоқыс бактары, шыны таралары, стрейч пленкалар, көлік бамперлері сияқты халықтың басқа да тұтыну тауарлары шығарылатын болады», - деді министр.
Нысанбаев мәлімдегендей, қалдықтарды өңдеу жұмысы үшін контейнерлер мен қоқыс таситын көліктер жеткілікті деңгейде қамтамасыз етілуі керек.
«Әкімдіктердің мәліметінше, бүгінгі күні елімізде 133 мың дана контейнер бар, ал қосымша қажеттілік 60 мың дананы құрап отыр. Ірі қалаларда 1681 қоқыс таситын көлік қызмет етеді, қосымша қажеттілік шамамен 900 дананы құраса, оның 223 данасы инвестициялық жобаларда ескерілді. Контейнерлер мен қоқыс таситын көліктер жергілікті бюджет пен жеке инвестициялар есебінен сатып алынуы тиіс», - деді ол.
Министр барлық жобалар жергілікті атқарушы органдармен келісілгенін және жақын арада Өнеркәсіпті дамыту қорының қарауына жолданатынын айтты.
Авторы: Айжан ТЕМІРХАН