$ 518.31  567.96  6.03
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Көлік-логистика, сауда-саттық және транзиттік хаб әлеуеті: Қазақстанның Аспан асты елімен ынтымақтастығы

Биыл Алматыда логистикалық терминалы пайдалануға беріледі 

Көлік-логистика, сауда-саттық және транзиттік хаб әлеуеті: Қазақстанның Аспан асты елімен ынтымақтастығы
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев

Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-саттық, көлік-логистика және туризм саласындағы қарым-қатынас жыл санап нығайып жатқаны сөзсіз. Мәселен, ақпан айының аяғында Қазақстан-Қытай қатынастарының транзиттік әлеуетін кеңейте түсетін көлік-логистика орталығы іске қосылды.

Azattyq Ruhy тілшісі әкімшілік орталығы Сиань болып есептелетін Шэньси провинциясы делегациясының өкілдерінен қазақ-қытай қарыматынасының сауда-саттықтағы әлеуетін сұрап білді.

«Бір белдеу - бір жол» - осыдан 10 жыл бұрын Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин ұсынған халықаралық бастама. Оның мақсаты Орталық Азияның, Еуропаның және Африканың 60-тан астам елін байланыстыратын қолданыстағы сауда және көлік дәліздерін жетілдіру және жаңадан құру және бұл осы мемлекеттер мен Қытай арасындағы сауда қатынастарын дамытуға жәрдемдесуге арналған.

Ал Шэньси провинциясы «Бір белдеу-бір жол» жобасының маңызды торабы. Қытай-Еуропалық Одақ (CEU-Сиань) пойыздарының көлемі Қытайдағы CEU пойыздары жалпы көлемінің шамамен 40 пайызын құрайды. Қазақстан - Қытай мен ЕО (Сиань) пойыздарының халықаралық бағытындағы негізгі транзиттік ел, сондай-ақ Орталық Азияға баратын пойыздарды бөлу мен жинаудың басты пункті. Қытайдан Азия мен Еуропаға шығатын пойыздардың 60 пайызы Қазақстанда ұйымдастырылады.

Қытайлық сарапшылар Қазақстан салған Сиань терминалы жобасы жайлы айтып берді.

Фото:Akorda

«Осы жылдың 28 ақпанында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың телекөпір арқылы Қытай мен Қазақстан бірлесіп салған Қытай-Еуропалық Одақ (CEU) пойызының Қазақстандағы Сиань терминалы ресми түрде пайдалануға берілді. Қытайда бұл жобаны Қазақстан инвестициялады. Ол жүк қоймаларын, контейнерлерді жинақтау аймағын қамтиды. Сондай-ақ ол Сиань халықаралық порт терминалының тиеу-түсіру ауласының аймағына қосылған, контейнерлерді «жылдам жеткізу мен жылдам қабылдауға» сұранысты қанағаттандыруға мүмкіндік береді. Теміржол логистикалық жобасы шамамен 120 шаршы метр аумақты қамтып отыр», - делінген бізге берген жауапта.

Жоба 2023 жылғы Сианьда өткен «Қытай-Орталық Азия» саммиті аясындағы ынтымақтастықтың маңызды жетістігі ғана емес, сонымен қатар Қытай мен Қазақстан үшін Қытай-Еуропалық Одақ (CEU) бағытындағы пойыз бойынша екі ел арасындағы ынтымақтастықты тереңдету туралы келісімді іске асыру жөніндегі маңызды практикалық шара болып отыр.

«Жоба Қытайда қазақстандық өнімді өткізу аумағын кеңейтеді және қазақстандық өнімді жылдам бөлуге ықпал етеді. Сонымен қатар Қазақстан мен Қытай арасындағы көлік дәлізінде «тізбектеп өткізу» қағидатын іске асыру үшін Сианьдағы қазақстандық тауарлардың Қытай импорты мен экспортына жылдам таратуға мүмкіндік береді. «Тізбектеп өткізу» қағидаты үлкен халықаралық сауда арнасын жоғары тиімділікте төмен шығындармен ұйымдастырып, кең және тығыз экономикалық сауда-саттық, сондай-ақ гуманитарлық байланысты қамтамасыз етеді», - дейді қытайлық дипломаттар.

Сарапшылар Қазақстан «Бір белдеу бір жол» бастамасы қалыптасқан бірегей орын екенін нық сеніммен айтып отыр. «Бір белдеу-бір жол» бастамасын іске асыру басталғаннан кейін бір жыл өткен соң Қазақстан «Жібек жолының» жаңа экономикалық саясатын ұсынды. Осылайша, «Бір белдеу – бір жол» бастамасы мен «Жібек жолының» жаңа экономикалық саясаты үйлесім тауып, бірін-бірі толықтыра түскен.

«Бір белдеу-бір жол» құрылысындағы ынтымақтастық Қазақстанның инфрақұрылымын, оның ішінде қазақстандық және қытайлық автомобиль және темір жол транзиттік тасымалдарын, құрлықтағы және теңіздегі мультимодальды тасымалдардың өзара байланысын дамытуға ықпал етіп, Қазақстанның дамуын жеделдетіп, түрлі салалардағы қазақстан-қытай ынтымақтастығын кеңейту үшін маңызды негіз қалады», - дейді сарапшылар.

Осы уақытқа дейін Қазақстан мен Қытай арасындағы жүк тасымалының көлемі 26 миллион тоннаға артып, былтырмен салыстырғанда 22% - ға өскен. Қазақстанда Сиань терминалы жобасын тиімді іске қосу Қазақстан үшін өте тұрақты, сенімді және қауіпсіз платформаны қамтамасыз етті.  Бұл екі ел арасында жүктерді шоғырландыру және бөлу мүмкіндігін тиімді жолға қойып, арттыра түспек.

«Сонымен қатар, 2023 жылдың қазан айында Қытай мен Қазақстан бірлесіп Алматыда Қытай-Қазақстан логистикалық терминалының құрылысын бастады, ол биыл аяқталып, пайдалануға беріледі. Осы жобаларға қатысу арқылы Қазақстан бұл бағыт бойында орналасқан Қытайды және көптеген Еуропа елдерін байланыстыратын логистикалық желіні жетілдіруді жалғастырып отыр. Бұл Қазақстандағы тауарларды сатуға ықпал етеді және Қытай мен Қазақстандағы кәсіпорындардың бизнесі үшін кең мүмкіндіктер ашады», - деп хабарлады Шэньси провинциясының делегациясы.

«Бір белдеу бір жол» бастамасының ілгерілуі нәтижесінде Қытай мен Қазақстан арасындағы сауда-саттық жиіледі. Қытай Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі атанды, екі ел арасындағы тауар айналымының көлемі алғаш рет 40 млрд долларды құраған. 

2023 жылы Шэньси мен Қазақстан арасындағы импорттық-экспорттық сауданың жалпы өсімі жылдық есепте 40,47%-ды. құрады. Ыңғайлы логистикалық арналар мен сервистік желі Қытай мен Қазақстанның өнеркәсіптік жеткізу тізбегінің терең интеграциясына, Орталық Азия, Қытай және Еуропа арасындағы сауда-саттықты қолдауға ықпал етпек.

«Дәлізге сүйене отырып, біз «лайнер + саябақ», «лайнер + трансшекаралық электрондық коммерция» сияқты жаңа бағытты дамытамыз, дәнді тауарлар саудасын кеңейтеміз және екі елдің арнайы тауарлары үшін кеңірек нарық кеңістігін құру үшін сауданы ұлғайтуды жалғастырамыз. Бұдан басқа, біз «лайнер + гуманитарлық ғылымдарды» одан әрі дамытып, Қазақстанды маңызды торап ретінде қарастырамыз. Сондай-ақ гуманитарлық алмасу саласындағы байланыстарға көшуге жәрдемдесу үшін Орталық Азия үшін арнайы гуманитарлық туризм пойыздарын іске қосуға белсенді жәрдемдесеміз. Бұл ережелер мен стандарттар тұрғысынан қатаң инфрақұрылымдық байланыстардан жұмсақ байланыстарға өтуге мүмкіндік береді», - дейді қытайлық сарапшылар.

Ал қазақстандық саясаттанушы, Қытайды зерттеушілер қауымдастығының төрағасы Қазбек Майгелдинов қазақ-қытай қарым-қатынасында «Бір белдеу-бір жол» жобасының рөлі өте зор екенін айтады. Былтыр осы бастаманың 10 жылдығына орай Сиань қаласында форум өткенін де тілге тиек етті. Спикердің айтуынша, әлемнің 100-ден астам елі осы жобаның қатысушысы.

Фото: Қазбек Майгелдиновтің Facebook-тегі парақшасынан

«Алайда Қазақстан-Қытай ынтымақтастығында Қытай Еуропаға терезе, көпір ретінде Қазақстанды ерекше атап өтеді. Оның да ерекше маңыздылығы бар. 10 жыл ішіндегі қарым-қатынас нәтижесінде еліміздегі транзит әлеуетін арттыру, транзиттік инфрақұрылымды жандандыру, сонымен қатар біріккен кәсіпорындарды инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру бойынша бастамалар өз нәтижелерін беріп жатыр. Президент өз Жолдауы мен баяндамаларында баса айтып жүрген еліміздің тек транзиттік әлеуетін ғана емес, Еуропа мен Азияны байланыстыратын транзиттік хабқа айналдыру мақсаты тұр. Бұл бағытта Қазақстанның мұхитқа шығу жолы жоқ мемлекет ретінде Каспийдегі Ақтау, Құрық теңіз порттары және Қытайдағы Ляньюньган халықаралық теңіз портын дамытуда қазақ-қытай бірлестігінің арқасында логистикалық орталықтың ашылуының маңызы зор», - дейді Майгелдинов.

Оның айтуынша, Қытайдың Еуропаға өтетін тауарларының басым бөлігі Қазақстан шекарасы арқылы өтеді.

«Қазақстан транзиттік хаб ретінде әлеуетін арттыру мақсатында былтыр 2025 жылға дейінгі жаңа теміржол желісін жүзеге асыруды қолға алды. Бұл «Аягөз-Бақты» бағытындағы теміржол және жалпы 1300 шақырымдық темір жол. Оның барлығы түптеп келгенде Қазақстан аумағындағы құрғақ порттардың ашылуына басым рөл беріліп отыр. Мысалы, Алматы облысындағы Қорғас арнайы экономикалық аймағындағы халықаралық құрғақ порты қазақ-қытай арасындағы тауар ағынының ілгерілуіне септігін тигізді. Биыл Президент Сианьдағы құрғақ порттың ашылуына телекөпір арқылы қатысты. Бұл да Қазақстан үшін өте маңызды. Себебі Сиань Қытай-Еуропа арасындағы тауар айналымының 40 пайызы өтетін басты қалалардың бірі», - дейді саясаттанушы қытайлық әріптестерінің сөзін растап.

Сондай-ақ сарапшы «Аягөз-Бақты» бағытындағы «Бақты» станциясында Қорғас сияқты ауқымды құрғақ порттың ашылуы көзделіп отырғанын айтады. Бұл тек еліміздің тұтатыстығы ғана емес, аймақтарды дамытуға да өз септігін тигізбек.

«Абай облысында орналасқан осы теміржол бағытын жүзеге асыру алдағы уақытта ол жерде жаңа жұмыс орындарының, жаңа инфрақұрылымдық жобалардың ашылуына мүмкіндік береді. Ол облыстың әлеуетін арттыра түсетіні сөзсіз. Жалпы «Бір белдеу-бір жол» нәтижесінде Қазақстан қазір Транскаспий халықаралық бағыты дәлізін арттыруға басымдық беріп отыр. Бүгінгі таңда ең ірі дәліздердің бірі Ресей арқылы өтетін Солтүстік-оңтүстік дәлізі.Осы Орта дәліз болып саналатын Транскаспий және Орталық Азия мемлекеттері арқылы өтетін Оңтүстік дәліздің маңызы зор», - дейді ол.

Майгелдиновтің айтуына қарағанда Қазақстан Транскаспий дәлізі, яғни бұл Қытайазақстанзербайжан Түркия, Грузия арқылы Еуропаға шығатын балама жолдар бағытын дамытуға мүдделі. 

«Бұл Қазақстанның тауар айналым мен транзиттік әлеуетті арттыруда өзіндік дербестік алуға мүмкіндік береді. Екінші жағынан Орталық Азия мемлекеттерімен ынтымақтастықты күшейтуге мүмкіндік береді. Себебі Орта және Оңтүстік дәліздің арасын әртараптандыру, біріктіру жобалары да бар. Осылайша, Орталық Азия, Таяу Шығыс және Еуропаға шығуға мүмкіндік беретін жобалардың бірі», - дейді ол.

Сондықтан Қазақстанның көлік-логистика бағытындағы соңғы 20 жылдағы жетіктіктерін одан әрі арттыру тек еліміздің ғана емес, өзге де аймақтардың экономикалық әлеуетін арттыруға толықтай мүмкіндік беретін маңызды жобалардың бірі болып отыр.

Серіктес жаңалықтары