$ 503.15  543.3  5.93
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«34 жасында ректор атанған»: ғылыми кітаптары мол табыс әкелген Лаура Қарабасова тәжірибесімен бөлісті

Ректор Лаура Қарабасова шетелде жинаған тәжибесін Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде қолданып жүр 

«34 жасында ректор атанған»: ғылыми кітаптары мол табыс әкелген Лаура Қарабасова тәжірибесімен бөлісті
Фото: Автордың жеке мұрағаты

Қоғамда білімімен, іскерлігімен, ақыл-парасатымен көпшілікке үлгі болып жүрген әйлдер аз емес. Кейінгі жылдары ғылым саласындағы қыз-келіншектердің үлесі де арта түсті. Өзінің ізденістерімен дараланып жүрген отандасымыздың бірі - Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ректоры Лаура Қарабасова.

8 наурыз халықаралық мерекесіне орай Azattyq Ruhy іскер, табысты, белсенді әйелдер туралы материалдар сериясын жариялайды.

Лаура Қарабасова – «Білім беру» мамандығы бойынша философия докторы. Ғылымдағы алғашқы қадамын Қ. Жұбанов университетінде бастаған. 3-ші курста оқып жүргенде жазған ғылыми жобасы сол кездегі Білім және ғылым министрлігінің конкурсында 3-ші орынға лайық деп танылды. 2008 жылы Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтын «Тарих пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша үздік аяқтаған. Әрі қарай Ұлыбританиядағы үздік оқу орнының бірі Уорик университетінде (University of Warwick) «Білім беру саласын басқару» мамандығы бойынша магистратураны, Назарбаев Университетінде докторантураны үздік аяқтады.

Еңбек жолын «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ, Білім беру бағдарламалары орталығының үш тілде білім беру бойынша аға менеджер ретінде бастаған. Әрі қарай Назарбаев Университетінде Қазақстанның жоғары оқу орындары басшыларын оқыту бойынша жоба менеджері (2014-2015 жж.), «Ақпараттық талдау орталығы» АҚ-ның Жобалар департаментінде аналитик (2016- 2017 жж.), Назарбаев Университеті, Білім жетілдіру орталығының (Нұр-Сұлтан) Білім беру және кәсіби бағдарламалар департаментінің басшысы (2017-2018 жж.), Назарбаев Университеті, Жоғары білім беру мектебінде постдокторант-зерттеуші (2018-2021 жж.), Қ.Жұбанов атындағы АӨУ-нің академиялық мәселелер жөніндегі проректор (2021 ж.) қызметін атқарды.

2021 жылы 34 жасында Лаура Қарабасова Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ректоры болып тағайындалды.

Соңғы 10 жылда Лаура Қарабасова орта білім және жоғары білім саласындағы реформаларды зерттеп, білім беруде түрлі ұсынымдар әзірледі. 2014 жылы оның жоғары білім реформасын зерттеуге бағытталған ғылыми жұмысы білім саласын зерттеушілердің Еуропалық Ассоциациясының арнайы грантына ие болды.

«Президент тапсырмасы аясында шотландиялық Хериот-Уотт университетімен бірлескен жобамызды сәтті іске қостық. Бұл - үш мамандық. Олар өңірдің экономикалық сұранысына сай таңдалды. Электр энергетикасы, компьютерлік инженерия, мұнай-газ ісі және энергоменеджмент. Қазір бұл үш мамандық бойынша үш жүз студент қабылданып, оқып жатыр. Осымен үшінші жыл университет есебінен ұжымға сапалы ағылшын тілі курсын ұйымдастырып жатырмыз. Нәтижесінде 14 оқытушымыз «Болашақ» бағдарламасымен шетелге оқуға кетті. 30 адам Астана, Алматы қалаларына докторантураға түсті. Бұрын мұндай көрсеткіш болмаған. Олардың кейбірін 4-5 жылдан кейін көретін шығармын. Бұл бағытта жұмыстар жалғаса береді», - деді ректор. 

2018, 2020 және 2023 жылдары шетелдік танымал ғалымдармен бірлесіп «Постсоциалистік кеңістіктегі трансформацияларды салыстыру: мақсаттар, саясаттар және практика», «Орталық Азиядағы білім беру: қиындықтар мен мүмкіндіктер калейдоскопы», «Пән мен тілді кіріктіріп оқытудың Routledge анықтама кітабы» атты кітаптарын халықаралық беделді баспаларда жариялады. «Орталық Азиядағы білім беру: қиындықтар мен мүмкіндіктер калейдоскопы» атты кітабы ең көп сатылымға шығып, баспаға жақсы табыс әкелген кітаптар қатарына енді.

Лаура Қарабасова 2022 жылы отандық жас ғалымдарды қолдау мақсатында әріптестерімен бірлесе отырып, «Білім берудегі зерттеулер: теория, әдістер және практика» тақырыбында зерттеу жүргізуді үйрететін әдістемелік кітап жазып шықты. Бұл кітап бүгінгі таңда еліміздегі магистранттар мен докторанттар арасында жоғары сұранысқа ие.

Ол бұрын Назарбаев Университетінде магистранттарға ғылыми зерттеу әдістері бойынша сабақ берген. Бүгінде Жұбанов университетінде шәкірт даярлап, өзінің ғылыми мектебін қалыптастыруда. Докторанттармен бірге әзірлеген жобасы арнайы конкурста гранттық қаржыландыруға ие болды. Нәтижесінде Ақтөбе облысындағы мектеп мұғалімдері мен педагогикалық мамандық студенттерінің оқушылар бойында функционалдық сауаттылықты қалыптастыру жөніндегі тәжірибелерін зерттеу жобасы жүзеге асуда.

Лаура Қарабасова 2021 жылы ҚР Ұлттық Ғылыми Кеңесінде қызмет етті. 2023 жылы ғылыми көрсеткіштері үшін Қазақстандағы үздік ғалымдар рейтінгіне кірді. Ол - «AMANAT» партиясының белсенді мүшесі.

Серіктес жаңалықтары