$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Мемлекет пен бизнес арасындағы ашық диалог – «AMANAT» партиясы тараптарды тыңдауға дайын

Елімізде салық жүйесі мен салық саясатын жетілдіру жұмысы жалғасуда

Мемлекет пен бизнес арасындағы ашық диалог – «AMANAT» партиясы тараптарды тыңдауға дайын
Фото: Әли Ғалым

Президент тапсырмасына сәйкес, Үкімет пен Мәжіліс депутаттары жаңа салық кодексін әзірлеп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy. агенттігі «AMANAT» партиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Осы орайда, «AMANAT» партиясында дөңгелек үстел ұйымдастырылып, ашық диалог барысында кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдар саладағы түйінді мәселелерді талқылады. Атап айтқанда, жиынға қатысушылар салық төлеушінің тәуекелдерін басқару жүйесіне назар аударып, «салықтық сақтық» жөніндегі қанатқақты жобаның бизнес-қоғамдастыққа қалай әсер етіп жатқанын таразылады.

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, Қаржы және бюджет комитетінің Төрағасы Татьяна Савельеваның айтуынша, жаңа салық кодексін әзірлеу барысында барлық тараптың мүддесін ескеру мәселесіне баса мән беріледі.

«Мемлекет мен бизнес арасында ашық диалог, тығыз байланыс, коммуникация жоқ екені жиі айтылады. Өкінішке қарай, Мәжіліс депутаттары мен мемлекеттік органдар арасында да тиімді қарым-қатынас орнаған жоқ. Өткен жылдың өзінде Мәжілістің жаңа құрамы дәл осы салық мәселесіне қатысты 15 депутаттық сауал жолдады. Бұл істе ең алдымен Мәжілістегі Қаржы және бюджет комитетінің мүшелері белсенділік танытты. Әрине, жаңа салық кодексі толық әзірленген соң, оның қызу талқыға түсетіні анық. Біздің ең басты мақсатымыз - мемлекет, бизнес және қарапайым азаматтар арасындағы тепе-теңдікті сақтау», - деді депутат.

Мәселен, Салық төлеушілер және бухгалтерлер Қауымдастығының директоры Сара Жүнісова кәсіпкерлерді қолдау мақсатында жыл сайын мемлекет тарапынан қомақты қаражат бөлінетінін, соған қарамастан, мемлекет ұсынған жеңілдікті барлық кәсіпкер пайдалана бермейтінін атап өтті.

«Себебі, мемлекет қаражаты есебінен қысқа мерзімді курстарда білім алған әлеуетті кәсіпкерлердің басым көпшілігі салық заңнамасының күрделілігіне байланысты бизнеспен айналысқысы келмейді. Кәсіпкерлер мен салық органдары қолданыстағы салық заңнамасын әр түрлі түсініп, оның ережелерін әрқайсысы өз пайдасына қолданады. Даулы мәселелерге тап болған кезде, заңның түсініксіз тұстары өте көп екені анық аңғарылады. Сондықтан, салық саясатын қайта қараған жөн», - деді ол.

Бірінші санатты салық кеңесшісі, бухгалтер Оксана Вавринюктің айтуынша, тәуекелдерді басқару жүйесі мемлекеттік кірістер органдары қызметінің ажырамас бөлігі саналады. Бұл жүйе ең алдымен салық төлеушінің, соның ішінде кәсіпкердің салықтық міндеттемені толық орындауын қадағалайды. Алайда осы жүйенің де олқы тұстары аз емес.

«Салық жүйесі қарапайым болуы керек. Ал кәсіпкердің санатын белгілеу процесі барынша ашық жүргізілуі тиіс. Себебі, қорытынды көрсеткіш компанияның алдағы жұмысына айтарлықтай әсер етеді. Сондықтан, тәуекелдерді басқару жүйесі ашық әрі әділ жұмыс істеуі тиіс. Жалпы, тәуекелдерді басқару жүйесін қайта қарау қажет деген ойдамын. Айталық, бастапқы тіркеу кезінде кәсіпкер салық саясатының барлық талабына сәйкес келеді. Ендеше, бизнес иесі ұсынылған критерийлерді жан-жақты саралап, тәуекелдерді басқару жүйесіндегі бағалау әділдігіне көз жеткізуі, тиісті шешімдер қабылдауы, тәуекелге бел байламауы керек. Өйткені, салықтан жалтарған кәсіпкерлердің жауапкершілігі бүгінде адал бизнеске жүктеледі», - деді ол.

Өз кезегінде, Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Әділ Жұбанов қазіргі экономикалық жағдайға сай келетін салық жүйесіне көшудің маңызына тоқталды.

«Еліміздегі салық жүйесі – өте күрделі. Мәселен, кәсіпкерлік салада жиырма бес жылдық тәжірибем бар. Штатта онға жуық жоғары білікті бухгалтер болғанына қарамастан, әлі күнге дейін салық есебінде қателік кетеді. Осыған байланысты, салықтың балама жүйесін қарастыру қажет деп ойлаймын. Бұл салада бір емес, бірнеше мәрте реформа жүргізілді. Сол тәжірибені ескере келе салықтың классикалық жүйесінен бас тартатын кез келді ме деген ой туындайды. Яғни, қазіргі экономикалық жағдайға сай келетін салық жүйесіне көшу қажет», - деді ол.

Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Ануар Сүлейменов тәуекелдерді басқару жүйесінің жұмысын жеңілдету мәселесі назарға алынғанын жеткізді.

«Бүгін тәуекелдерді басқару жүйесіне қатысты туындаған мәселелер нақты айтылды. Оған өзгеріс енгізу туралы ұсыныстарды да естідік. Мұндай ұсыныс-пікірлер бұрыннан айтылып келеді. Сондықтан былтыр тәуекелдерді басқару жүйесінің тұжырымдамасындағы салық төлеушінің санатын белгілеу ісіне өзгеріс енгізу жұмысы басталды. Яғни, критерийлердің ашық әрі салық төлеушілерге түсінікті болуы үшін тәуекелдерді басқару жүйесін барынша жеңілдетуге тырысамыз. Ең алдымен, жабық, жасырын критерийлердің санын азайтуды көздеп отырмыз», - деді ол.

«AMANAT»-тың Хатшысы Эльдар Жұмағазиев бизнес пен мемлекеттік органдар арасындағы диалогты жандандыру үшін партия ашық алаң ұсынуға дайын екенін жеткізіп, мұндай жүздесулер алдағы уақытта да ұйымдастырылатынына сенім білдірді.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі салық саясатын жаңғырту, жетілдіру мәселесіне баса мән беріп отыр. Салық  саласы салғырттыққа төзбейді. Бұл ретте, «AMANAT» партиясы Президенттің қоғамдық тірегі ретінде еліміздегі ауқымды реформаларды жүйелі жүзеге асыруға әркез дайын.  Себебі, салық жүйесі дұрыс жолға қойылған мемлекеттің ғана экономикасы тұрақты болмақ. Кәсіпкерлердің сұрақ-сауалы әлі де көп екені анық. Сондықтан, салық саласына қатысты мәселелерді партия алаңында алдағы уақытта да жан-жақты талқылаймыз деген ойдамын», - деп түйіндеді Эльдар Жұмағазиев.

Айта кетейік, «AMANAT» партиясының «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасы аясында салықтық ынталандыру жүйесін әзірлеу, салық саясатын және басқа да заңнамалық актілерді қайта қарау көзделуде. Бұл бағыттағы жұмыс одан әрі жалғаса береді.

Серіктес жаңалықтары