$ 504.34  556.34  5.97
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қолөнерге қолдау жоқ, сәйкесінше туризм тұралап тұр – депутат

Мәжіліс депутаттары қолөнер саласына мемлекеттік гранттар, жеңілдетілген несие қарастыруды ұсынды

Қолөнерге қолдау жоқ, сәйкесінше туризм тұралап тұр – депутат
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев

Елімізде қолөнер саласының нормативті базасы жоқ. Сәйкесінше, туристік аумақтарда қолөнершілер орталығын ашу, қолөнер өнімдерінің стандартын әзірлеу, қолөнершілерге арналған маркетплейсті дамыту сынды шаралар іске асырылмай тұр. Мәжіліс депутаты, AMANAT партиясы фракциясының мүшесі Гүлдара Нұрымова аталған мәселені көтерді.

«Қазақ қолөнерінің пайда болу орталығының бірі – ежелгі Тараз қаласы. 2022 жылы Тараз Қазақстан қалаларының ішінде бірінші болып «қолөнерші қалалардың дүниежүзілік тізіміне» енді. Сондай-ақ, Қазақстанда орналасқан ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміндегі 11 нысанның 5-еуі Жамбыл облысында орналасқан. Бұл ауқымды оқиғалар өңірдің мәдени-рухани және туристік салаларының дамуына жаңа серпін берді. Қазақ қолөнерінің де тарихы терең. Ол халқымыздың ұлттық-мәдени бірегейлігі мен этномәдениетін сақтауға, жаңа жұмыс орындарын құруға және халықаралық нарыққа шығуға қызмет етеді», - деді депутат.

Осылайша, қазіргі жағдайда қолөнер – кәсіпкерлікті қолдау тұрғысынан да, мәдени мұраны сақтау тұрғысынан да маңызды құбылыс. Қолөнер шеберлігін ұрпақтан-ұрпаққа жалғастыру маңызды. Алайда, қазіргі уақытта елімізде қолөнер саласының нормативті базасы жоқ.

«Туристік саланы дамыту тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарының 24-тармағына сәйкес, 2023 жылдың соңына дейін тиісті министрліктер мен ведомстволарға қолөнершілікті дамыту жөнінде шаралар әзірлеу тапсырылған. Атап айтқанда, қолөнершілердің ұлттық тізілімін қалыптастыру, өзін-өзі реттейтін ұйым құру, қолөнер саласындағы заңнаманы жетілдіру, басым туристік аумақтарда қолөнершілер орталықтарын ашу, қолөнер өнімдерінің стандартын әзірлеу, қолөнершілерге арналған маркетплейсті дамыту міндеттері қамтылған. Осы мәселелер, қолөнершілердің айтуынша, ешқандай шешім таппады», - деді Гүлдара Нұрымова.

AMANAT фракциясы ұлтымыздың дәстүрлі мәдениетін қазіргі заман тенденцияларына сәйкестендіру маңызды мәселе деп есептейді. Қолөнер саласына мемлекеттік гранттар, жеңілдетілген несие қарастыру, цехтарын жалға алуға жеңілдік беру; халықаралық тәжірибені ескере отырып, әр өңірде тәжірибелі шеберлердің білімін кейінгі буынға беруі үшін балалар үйірмелері бар, көрме залдары бар қолөнер орталықтарын құру ұсынылды. Сонымен қатар, қазақстандық қолөнершілердің «Шебер» республикалық байқауы жеңімпаздарының коллекциясы негізінде заманауи қолданбалы өнер мұражайын құру, материалдар мен жабдықтарды сатып алуға, шеберханаларға үй-жайларды жалға алуға гранттар арқылы қолөнершілерге мемлекеттік қолдау көрсету ұсынысы айтылды.

Айта кетерлігі, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында «жас ұрпақ өкілдері қолөнер негіздерін түсінетін» «балалар үйірмелерін» жандандыру міндетін қойды. Нарық саласында қолөнер өндіріс жүйесі ретінде өзінің жетекші позициясын жоғалтқанымен, ол әлемнің көптеген дамыған елінде әлі де қызмет етуде. Аталған сала шағын кәсіпкерліктің бір бөлігі ретінде көптеген елде мемлекеттік қолдауға ие болып жүр.

Авторы: Сымбат ҒАЛЫМЖАН 

Серіктес жаңалықтары