«Бауырым үшін қазақ тілінде сөйлесуім керек» – француз азаматымен сұхбат
Француз азаматы Абдуллах Секими Елдос Сметов туралы зерттеп, дзюдо спорты арқылы Қазақстанға ғашық болған
Астана тұрғыны, Франция азаматы Абдуллах Секими қазіргі таңда шет тілдерінен сабақ береді. Ол қазақ тілін бар болғаны жарты жылға жетер-жетпес мерзімде меңгеріп алған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Мен Францияда дзюдомен айналыстым. Лион қаласынанмын. Тараздан Елдос Сметов деген спортшы барын білдім. Ол кісі туралы зерттеп, интернеттен Қазақстаннан екенін таптым. Бірақ бүкіл ақпарат қазақ тілінде екен. Ол кісімен тілдесу үшін қазақ тілін үйренуге бел будым. Қазақша ақпарат өте аз. Киноларды, атап айтқанда, «Томирис», «Мың бала», тағы басқа киноларды көріп шықтым. Ағылшынша субтитрмен екен. Қазақ халқының салт дәстүрі, ұлттық киімі, спортына қатты қызықтым. Өзіме «қазақша оқуым, сөйлесуім» керек деп шештім», - дейді ол.
Қазақ тілі, мәдениеті, ұлттық спортына қызыққан француз интернет арқылы қазақ достарын іздеген.
«Ең бірінші кездестірген бауырым Қорғалжыннан. Олардың Тараздан таныстары бар. Қазір бүкіл Қазақстаннан таныстарым бар. Алматыға барғанда, бірден ұнаттым. Бірінші рет 2022 жылы маусымда келдім. Қалада жағдай тыныш болды. Сол жылы қазан айында қайта келгенімде көп орыстар келді. Кішкене қиындықтар болды. Алматыда өте көп адам, пәтер жалдау қымбаттап кетті. Сондықтан Астанаға ұшып кеттім. Ауа райының суық екені маған еш қиындық тудырмайды. Францияда ең төмені минус он градус болса, Астанада желмен минус қырық градусқа жетеді. Айырмашылығы көп», - дейді Абдуллах.
Бір қызығы, қазақ мәдениетіне қызыққаны соншалық – Франция азаматы тіл үйрену де аса қиын болмады дейді.
«Жұрнақтар бар, етістік сөйлемнің соңында тұрады, сол үшін терең ойлануға тура келеді. Негізі кез келген тілді үйренудің дұрыс жолын тапсаң, қиын болмайды. Мен төрт айдың ішінде қазақ тілінде еркін сөйлесе бастадым. Ал алты, жеті айда тілді жоғары деңгейде меңгердім», - дейді ол.
Абдуллах Секими адамның көзқарасының қалыптасуына, тіл үйренуге ықпал ететін саяхаттау деді.
«Қазақстанда әдемі жер көп. Ең бастысы, халқының қонақжайлылығы ұнады. Дзюдоның Отаны – Жапония. Мен жапон тілін оқуға тырыстым, бірақ берілдім. Себебі халқы салқын. Қазақтар жүректері ашық, мейірімді, тіл үйренуіме бұл да өте көмектесті. Бауырым үшін қазақ тілінде сөйлесуім керек деген ой тұрады. Түріктер мен арабтар қазақтарға мінезі жақын. Француздар басқа. Қарым-қатынаста менде кішкене қиындықтар бар. Жақсы мінездері де бар, бірақ жақын емес маған. Қазақта бұл туралы жақсы сөз бар: «жаман ұлт жоқ, жаман адам бар», - дейді Абдуллах.
Астана тұрғынына айналған Абдуллахтың әңгімесін толығырақ Azattyq Ruhy тілшісіне берген сұхбатынан тамашалай аласыз.