$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қытай медиасы: шетелдік журналистер Бейжіңдегі тағылымдаманы бастады

Тағылымдама 4 айға созылады

Қытай медиасы: шетелдік журналистер Бейжіңдегі тағылымдаманы бастады
Фото: Azattyq Ruhy

ҚХР астанасы Бейжіңде Қытайдың қоғамдық дипломатия қауымдастығы (CPDA) бастаған CIPCC бағдарламасы 100-ден астам шетелдік бұқаралық құралы өкілдеріне таныстырылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

CIPCC бағдарламасы Қытайдың медиа агенттіктері мен дамушы елдердің бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері арасындағы ынтымақтастықты нығайтуды қамтиды. Қытайлық дипломатия қауымдастығы Еуропа, Африка, Ресей және Орталық Азия елдерінен жиналған журналистерді іс-тәжірибеден өткізіп, қытайлық мәдениет пен экономиканың даму бағытымен таныстырады.

Қытай халықаралық баспасөз орталығы 2014 жылы өз жұмысын бастаған. Осы 10 жыл ішінде әлемнің түкпір-түкпірінен мыңдаған журналист тағылымдамадан өтіп үлгерді. Бағдарлама аясында CIPCC Қытайдың әлеуметтік-экономикалық дамуы, дипломатия, мәдениет, ғылым және техника бойынша дәрістер, журналистика бойынша оқыту және тағылымдамасын ұйымдастыруды көздеп отыр.

Сондай-ақ бағдарлама бойынша журналистердің тиісті мемлекеттік ведомстволармен, кәсіпорындармен, талдау орталықтарымен және БАҚ-пен кездесулерін ұйымдастырып, ел провинцияларына сапарлар өткізу жоспарланған. Қытай үшін ең маңызды саяси оқиғалардың бірі 5 наурызда өтетін «Екі сессия» іс-шарасына да шақырылған журналистер қатысуды көздеп отыр.

Бүгін тағылымдамаға қатысатын 100-ден астам журналиске іс-шаралардың жалпы күн тәртібі таныстырылды. Журналистер орыс және ағылшын тілінде тәжірибе алмасатын екі үлкен топқа бөлінді. Әр топтың кураторы бар. Олар журналистердің кез келген сұрағына жауап беріп, көмек қажет болғанда жәрдемдеседі.

Тағылымдамадан өту үшін Қытай топырағын алғаш басып тұрған молдовалық журналист Аркадий Рейляну да бар.

«Бұл әркімнің өмірінде тек бір рет болатын оқиға шығар. Молдова үшін осындай алып елмен 4 айдың ішінде танысу – өте үлкен мүмкіндік. Үйден 7 мың шақырым жырақта болу да өте әсерлі. Бағдарламадан көп дүниені күтуге болады. Біз үшін қазір Бейжіңде тұрғанымыздың өзі жеңіс. Мен Молдованың мемлекеттік ақпарат агенттігінде редактор болып қызмет істеймін. Біздің ақпарат агенттігінің негізгі тілі – румын тілі. Алайда орыс және ағылшын тілдеріне аударма бар. Яғни, агенттік үш тілде ақпарат таратады», - дейді ол.

Аркадий Рейлянудың айтуынша, Қытайды шарлап, оның провинцияларымен танысудың өзі сана көкжтиегін кеңейтеді.

«Бағдарлама аясында Синьхуа сынды алып агенттіктердің жұмысымен танысып, іс-тәжірибе алмасу жоспарланып отыр екен. Әрине, барлығы жоспарлағандай өтеді деп үміттенемін. Себебі біздің молдовиялық агенттік осыған дейін аталған агенттікпен байланыс орнатқан. Өзге елдердің де ірі ақпарат агенттіктерінен тағылымдамадан өткен болатынбыз. Мәселен, Түркия, Ресей, Әзербайжан, Румыния сынды елдердің агенттіктерінен іс-тәжірибеден өттік. Жалпы ТМД елдерімен әлі де байланыс үзілмеген. Болгария сынды елдермен де жаңа ынтымақтастықты дамытуға мүдделіміз. Қытайдағы тағылымдама өте қызықты әрі әсерлі өтеді деп ойлаймын. Себебі тек қытайлық әріптестермен ғана емес, әлемнің түрлі елінен келген әріптестерімізбен байланыс орнатамыз», - деді Аркадий Рейляну.  

Армениялық журналист Степан CIPCC бағдарламасы Қытаймен танысудың өте жақсы мүмкіндігі екенін айтады.

«БАҚ өкілі ретінде мен Қытайдың медиа секторын және осы саладағы жаңа жетістіктерді зерттеуді асыға күтемін. CIPCC бағдарламасының ауқымды күн тәртібі бізге Қытайдың барлық секторын жақсы түсінуге көмектеседі. Жаңалықтар репортажында технологияны қолдануда медиа серіктестерімізбен тәжірибе алмасу өте пайдалы болады. Әрине, бұл Қытайды оқырмандарымызға таныстырудың өте жақсы мүмкіндігі. Сондықтан мен бұл бағдарламаға шақырғаны үшін өте қуаныштымын», - дейді армениялық журналист.   

Ал Ресейден келген Светлана Задера Қытай-ең көне мәдениет пен планетаның ең жылдам дамып келе жатқан қуатты экономикаларының бірі екенін жеткізді.

«Жаңалықтарының күн тәртібінде Қытай болмайтын ел жоқ, сондықтан бұл елдің қалай өмір сүретінін көру үшін журналистерге арналған 4 айлық курсқа қатысу өте үлкен жетістік. Бір жағынан, осы уақыт ішінде қалаларды абаттандыру мен өмірді ұйымдастырудағы азиялық трендді көруге болады. Екінші жағынан, бұл елдің осындай нәтижелерге жету үшін қандай жол жасағанын түсінуге мүмкіндік туып отыр. Бірақ бұл бағдарламаның тағы бір маңызды бөлігі-осы төрт айда басқа елдердің әріптестерімен танысу. Біз дос болып, бір-бірімізге қонаққа барамыз деп үміттенемі», - дейді ресейлік журналист.

Еске салсақ, Қытай қоғамдық дипломатия қауымдастығы (CPDA) Қытайдағы 2024 жылғы Қытай халықаралық баспасөз орталығы бағдарламасының ұйымдастырушысы.

Серіктес жаңалықтары