$ 512.53  592.43  6.53
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«35 градус аяз»: Қазақстанда қыстың алғашқы айында ауа райы қандай болады

Синоптиктердің болжамы жарияланды

«35 градус аяз»: Қазақстанда қыстың алғашқы айында ауа райы қандай болады
Фото: istockphoto.com

«Қазгидромет» РМК Қазақстанда қыстың алғашқы айында ауа райы қандай болатынына болжам жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Синоптиктердің мәліметінше, консультативтік болжамға сәйкес, республиканың басым бөлігінде айлық орташа ауа температурасы норма шамасында болады, батыс аймақтарда – нормадан 1-2°С жоғары, ал елдің солтүстік-шығыс және шығысында – нормадан 1°С төмен күтіледі.

«Желтоқсанның бірінші онкүндігінде атмосфералық фронттардың өтуімен тұрақсыз ауа райы сақталады: батыста, солтүстікте, шығыста және орталықта жауын-шашын күтіледі, негізінен қар түрінде, ал оңтүстік-батыста және елдің оңтүстік жартысында – жаңбыр мен қар түрінде. Қазақстанның шығыс, оңтүстік-шығысындағы таулы және тау бөктеріндегі аудандарда қатты қар жаууы болжанып отыр. Республика бойынша бұрқасын, көктайғақ, тұман күтіледі», – делінген синоптиктердің болжамында.

Желтоқсанның басында негізгі күндізгі ауа температурасының фоны келесідей болжанады:

  • елдің батысында және Ұлытау облысында 0, +8°С;
  • елдің солтүстік және орталық өңірлерінде -3, +2°С;
  • елдің шығысында 0,-8°С;
  • елдің оңтүстік жартысында +5+13°С.

Алайда онкүндіктің соңына қарай солтүстік-батыс антициклоны Арктикадан келетін суық ауа массаларымен күшейіп, ел аумағының басым бөлігінде ауа температурасының төмендеуіне әсер етеді:

  • елдің батысында түнде -5-10°С, күндіз -3-8°С.
  • елдің солтүстік, шығыс және орталық аумақтарында түнде -10-18°С, шығыстың кей аудандарында түнде -23°С дейін, күндіз -5-13°С-қа дейін.
  • елдің оңтүстігінде және оңтүстік-шығысында түнде -5+2°С, күндіз +3+10°С.

«Екінші және үшінші онкүндіктерде түнгі температуралық фон -15-20°С-тан -5-10°С-қа дейін ауытқиды, күндіз әлсіз оң мәндегі -3+2°С-тан -5-10°С-қа дейін өзгереді, ал шығыста жекелеген күндері түнде температура -25-35°С-қа, күндіз -15-20°С-қа дейін төмендеуі мүмкін. Батыста және елдің оңтүстік бөлігінде түнде ауа температурасы 0,-5°С-тан -7-12°С-қа дейін ауытқиды, ал күндіз негізінен 0, +8°С шамасында болады деп күтіледі.

Желтоқсан айында ауа райы құбылмалы болады: жауын-шашын негізінен қар түрінде түсіп, ашық, аязды күндермен ауысып отырады. Кей жерлерде екпінді жел, бұрқасын, тұман және көктайғақ күтіледі, бұл желтоқсан үшін қалыпты болып саналады», – делінген синоптиктердің хабарламасында.

Серіктес жаңалықтары