«Жұртшылық көптен бері талап етіп келеді»: Мәжіліс  тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заңды қабылдады

Темірхан Айжан

Агрессорлар мен абюзерлер қатаң жазаланады

«Жұртшылық көптен бері талап етіп келеді»: Мәжіліс  тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заңды қабылдады
Фотоколлаж Azattyq Rýhy

Мәжіліс «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды екінші оқылымда қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Заң балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша мемлекеттік саясаттың құқықтық негіздерін жетілдіруге, әйелдер мен балаларға қатысты құқықбұзушылықтардың алдын алуға және болдырмауға арналған.

Атап айтқанда, заңда денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіруге, ұрып-соғуға, он алты жасқа толмаған адамдарға сексуалдық сипатта қорлап тиісуге, өз-өзіне қол жұмсауды насихаттауға бағытталған және басқа да іс-әрекеттерді криминализациялау көзделеді.

Депутаттар заңға:

- тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген белгілері бар адамдарға уақытша тұруға мүмкіндік бере отырып, оларға қолдау көрсету бөлігінде Отбасын қолдау орталықтарының құзыреттерін нақтылауға;

- денсаулыққа жеңіл зиян келтіргені және ұрып-соққаны үшін қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамдарды ұстау тәртібін реттеуге;

- қоғамдық көліктен мәжбүрлеп түсіріп жіберуге тыйым салынатын балалардың (он алты жасқа толмаған адамдардың) жасын анықтауға;

- 16 жасқа толмаған адамдарға сексуалдық сипатта қорлап тиіскені үшін қылмыстық жауаптылықты күшейтуге;

- сотталған немесе татуласуға байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатылған адамдарға сот белгілеген ерекше талаптарды қолдану шараларын нақтылауға бағытталған бірқатар түзетулер енгізді.

«Бүгін біз өте маңызды заңды қабылдадық. Бұл құжат мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленіп, заң үстемдігі мен тәртіпті қамтамасыз етуге тікелей бағытталған. Отбасы мен тұрмыстағы зорлық-зомбылық қоғамда жиі талқыланатын өзекті әрі өткір мәселе. Аталған проблеманы тек құқық қорғаушылар мен депутаттар ғана айтып жүрген жоқ. Әйелдер мен балалардың қорғансыздығы жайындағы мәселе БАҚ-та, әлеуметтік желіде өте жиі көтерілуде. Агрессорлар мен абюзерлердің кесірінен қаншама шаңырақ шайқалып, әйел тағдыры талқыға түсіп, балалар зардап шегуде. Әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатайтуды жұртшылық көптен бері талап етіп келеді. Енді жаңа заң бойынша бұндай қылмыстарға қатаң шаралар қолданылады. Бұл өте орынды. Жалпы әйелдер мен балаларға күш көрсетуге, агрессия мен зорлық-зомбылыққа жол бермеуге тиіспіз. Ата-дәстүрлерімізді берік ұстанып, ерлі-зайыптылар арасында шынайы құрмет, сыйластық пен балаларға қамқорлық орнығуы қажет. Өте ауқымды жұмыс атқарылды. Осы ретте заңды әзірлеуге, қабылдауға атсалысқан депутаттарға, сарапшылар мен мемлекеттік органдарға алғысымды айтамын»,- деді Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов.

Бұдан басқа, аталған заңға Қазақстан Республикасы Үкіметінің ұсынысымен депутаттар  облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың бала құқықтары жөніндегі уәкілдерінің қызметін регламенттейтін түзетулер енгізілді. 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.