$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Ермек Тұрсынов кино түсіруге 500 млн теңге алып, фильмді сол күйі көрсетпеген - министрлік

Мәдениет және ақпарат министрлігі отандық киноиндустрияны қолдау бойынша нақты шаралар қабылдап жатыр

Ермек Тұрсынов кино түсіруге 500 млн теңге алып, фильмді сол күйі көрсетпеген - министрлік
Коллаж: Azattyq Ruhy / Әбілқасым Есентаев

Мәдениет және ақпарат министрлігі «Кинематография туралы» заңымен реттелетін отандық киноиндустрияны қолдау үшін нақты шаралар қабылдауда. Деседе, киногерлердің дені сапалы өнім шығаруға және оны насихаттауға мүдделі емес, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Ұлттық киноны қолдау орталығы» мемлекеттік қаржылай қолдау беру үшін ашық конкурстар ұйымдастырып, оларды іріктеумен айналысады.Кино орталығы жұмыс істеген 5 жыл ішінде 103 жобаға қаржы бөлінген, жалпы  құны 19 млрд теңге тұратын түрлі жанрда 98 фильм түсірілді.

«Оның ішінде 42 көркем, 23 деректі, 25 қысқаметражды, 8 анимциялық фильм бар. Кинотеатрларға, телевизиялық және онлайн прокатқа тек 23 картина шыққан (көркем фильм – 20, деректі фильм – 3). 2023 жылға дейін түсірілген 27 фильм биыл көрсетілмек. Сонымен қатар прокатты ұйымдастыру үшін, Министрліктен прокат куәлігін алу ғана жеткілікті екенін ескеру қажет. Бірақ осыған дейінгі тәжірибе көрсеткендей, режиссерлердің көбі фестивальдар мен конкурстарға арнап фильмдер түсіреді немесе авторлық кино дайындайды. Осылайша өздерінің жеке шығармашылық амбицияларына басымдық беріп, көпшілік аудитория сұранысын ұмытып кетіп жатады»,- деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі. 

Кассалық жинақ көлемі небәрі 1,5 млрд теңгеге жеткен, бұл ұлттық фильмдер прокатының төмендігін айқын көрсетеді. Қазақстандық көрерменнің әлі күнге дейін кей картиналарды көрмеуінің басты себебі – өндірушілер мен авторлардың прокатқа шығаруға деген ниетінің жоқтығы. Өйткені олар өз қаламақысын жоба барысында-ақ алып қойған.   

«Мәселен, «Тұрсыновфильм» ЖШС жетекшісі режиссер, жазушы Ермек Тұрсынов 2019 жылдан 2021 жылға дейін «Бесмойнақ»  толықметражды көркем фильмін шығаруға 500 млн. теңге көлемінде мемлекеттік қаржы алды.Бірақ көрермен фильмді осы уақытқа дейін көрген жоқ.

«Бату. Тарихи детектив» атты кинорежиссер Рашид Нұғмановтың киносына 192 млн. теңге бөлінген. Жоба 2021 жылы аяқталған,бірақ қалың көрермен бұл фильммен де таныс емес», - делінген министрліктің хабарламасында.

Кинорежиссер Дамир Манабайдың «Тырналар» жобасы 422 млн теңге көлемінде мемлекеттік қолдауға ие болды. Режиссер Ардақ Әмірқұловтың «Хирург» фильмін шығаруға 239 млн теңге бөлінді, кинотеатрлардағы кассалық жинақ 1,1 млн. теңге болды.

Режиссер Ақан Сатаевтың «Боксер» фильмін қаржыландыру 900 млн. теңгені құрады, кинопрокаттан жинағаны  25 млн. теңгеден аспады.

Режиссер Эмир Байғазиннің «Жизнь» картинасына 500 млн. теңге көлемінде мемлекеттік қаржы бөлінді, фильм прокатта 650 мың теңге жинады. 

Режиссер Бекболат Шекеровтың «Лето 1941-го года» көркем фильмін түсіруге 697 млн. теңгеден астам қаражат бөлінді. Кассада туынды тек 40,6 млн теңге немесе жалпы құнының.

Режиссер Ернар Нұрғалиевтің де «На старте» фильмі осындай. Мемлекеттен 468,5 млн теңге бөлінді, прокатта бар болғаны 15,5 млн теңге немесе бюджеттің 3,3%-ын жинады.                             

Режиссер Фархат Шариповтың «Схема» картинасы небәрі 21,8 млн теңге жинай алды, ал оны өндіруге 300 млн теңге бөлінді.

340 млн теңгеге түсірілген «Бүркіт» фильмі небәрі 254 мың теңге жинады.

«Жобаларды іске асыру үшін мемлекет бөлетін сомаға 10% мөлшерде режиссерлердің гонорары да төленгенін қоса кеткен жөн. Жеке кинокомпаниялар өздерінің кинокартиналарын одан әрі прокатқа шығару мен тарату мәселесіне бей-жай қарайды, бірақ басқа жобалар арқылы кино орталығының ашық конкурстарына қатысуды жалғастыруда және мемлекеттік қолдауға ие болып жатыр. Байқаудан өтпеген жағдайда олар наразылық көрсетіп, жобаларды таңдаудағы объективтілік пен ашықтыққа күмән келтіреді, кинематографистерді митингке шығарамын деп қорқыту арқылы  конкурс нәтижесін өз жағына бұрғысы келеді.

Дәл осындай жағдай мультипликация және анимация саласында да байқалады. 2019 жылдан бері жасалған анимациялық фильмдердің ешқайсысы қазақстандық көрерменге әлі күнге ұсынылған жоқ. Мәселен, «ADAY Production» ЖШС-ның «Кенже қыз» туындысына 232,8 млн теңге бөлінген, «Ырысы Ақ Қазақстан» ЖШС таспалаған «Караван историй» мультфильміне 213,9 млн теңге көлемінде қолдау көрсетілсе, «Dala Animation» ЖШС-ның «Бесік жырына» 32,4 млн теңге берілген», - делінген Мәдениет және ақпарат министрлігі таратқан ақпаратта. 

Осыған байланысты ведомство осы индустрияны дамыту тәсілдерін өзгерту және кинематографистерге қолдау көрсету шарттарын қайта қарау туралы шешім қабылдады. Сондай-ақ  конкурстық іріктеу кезінде фильм авторлары мен кинокомпаниялардың көрерменге көрсетілген жобасының сапасы мен нәтижесі ескерілетін болады. Министрліктің негізгі міндеті – фильмдер шығару кезінде заңдылық пен тәртіпті қамтамасыз ету. Ведомство шығармашылық еркіндікті құрметтейді, бірақ заң мен тәртіп бәріне ортақ және сөзсіз сақталуы керек.

Сондай-ақ, Министрлік қазір жағдайы ақсап тұрған «Қазақфильм»  мемлекеттік киностудиясына барлық қажетті көмек көрсетілу қажет деп санайды. Кино қауымдастықпен бірлесіп ұсынылатын кинематография саласындағы, оның ішінде «Қазақфильмге» қатысты заңнамалық түзетулер елдегі киноиндустрияның тұрақтылығы мен дамуын қамтамасыз ету үшін қажет.

«Киностудияға кино орталығының конкурсына қатыспай-ақ, қаржылық қолдау көрсету ұлттық киноны қолдау үшін қажетті қадам болар еді. Бұл студияға мемлекеттік тапсырмаларды іске асыруға, сапалы фильмдер шығаруға және Қазақстан мәдениеті мен тарихын ілгерілетуге мүмкіндік береді. Ұсынылып отырған қаржыландыру механизмі жеке кинокомпаниялар арасында киножобаларды конкурстық іріктеуді жалғастыруға мүмкіндік береді. Осылайша, кинематографиялық индустрияда бәсекелестік орта қалыптасады. «Қазақфильмнің» тұрақты жұмыс істеуі ұлттық және халықаралық стандарттарға сәйкес келетін сапалы фильмдер шығаруға мүмкіндік береді. Бұл қазақстандық кинематографияның әлемдік аренадағы орнын нығайтуға және дарынды қазақстандық кинематографистердің жолын ашуға мүмкіндік береді», - делінген министрліктің ақпаратында.

2019 жылдан 2023 жылға (қоса есептегенде) дейінгі мемлекеттік қолдауға ие болған киножобалардың тізімі де көрсетілген.

Серіктес жаңалықтары