«ТМД елдері ішіндегі ең қатаң заңның бірі болады»: Бейсенбаев балалар құқығын қорғау жайлы
Педофилдер рақымшылық ала алмайды
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының төрағасы Елнұр Бейсенбаев депутаттар тобы бастамашы болған әйелдердің құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша заңнамалық түзетулерді қабылдауды қолдайтынын жеткізді, деп хабарлвйды Azattyq Ruhy тілшісі.
Мәжілістің жалпы отырысында балалар мен әйелдердің құқығын қорғайтын және тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа жауапкершілікті күшейтуды көздейтін заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданып қолдау тапты. «AMANAT» партиясы фракциясының төрағасы Елнұр Бейсенбаев заң жобасының өзектілігі жайлы айтты.
«Бұл мәселенің қоғамдық мәні зор және ол ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ерекше бақылауында тұр. Осыған орай әйелдердің, балалардың құқығын қорғау мәселесі 2019 жылдан бері Президенттің әрбір Жолдауында да тұрақты көтеріліп келеді. Президенттің негізгі позициясы – қоғамда заң үстемдігін орнату, заңға мүлтіксіз бағынатын әділетті қоғам құру. Президент айтқан қоғамда заң мен тәртіптің үстемдік құруы деген – осы. Осы ретте, қоғамды балаларға қарсы ауыр қылмыстар мен зорлау мәселесі ерекше алаңдатып отырғанын білеміз», - деді депутат.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысы мұндай қылмыстар үшін жазаны қатаңдатып, зорлықшыны барынша оқшау ұстауды тапсырды.
«Енді жаңа заң бойынша педофилдер түрмеден ешқашан шыға алмайды. Сондай-ақ өтелмеген жаза мерзімі қысқартылмайды немесе жазаның жұмсақтау түрімен ауыстырылмайды. Педофилдер рақымшылық ала алмайды. Оған қоса, енді балаларға қарсы жасалған аяусыз, ауыр қылмыстар бойынша бітімгершілік қарастырылмайды. Бұл – бір. Келесі аса өзекті мәселенің бірі – тұрмыстық зорлық-зомбылық. Статистикаға жүгінсек, көбінесе әйелдер мен балалар зорлық-зомбылыққа жиі ұшырайды екен. Қазақстанда жыл сайын тұрмыстық зорлық-зомбылық салдарынан жүздеген азаматымыз көз жұмады. Бұл мәселе де Президенттің бақылауында», - дейді Бейсенбаев.
Оның айтуынша, былтыр ұрып-соғудан көз жұмған Нүкенованың өлімі қоғамның ерекше ашу-ызасын туғызды.
«Тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша жазаны қатаңдатуды қолдау бойынша арнайы онлайн-петиция іске қосылып, 150 мыңдай қол жиналды. Қасым-Жомарт Кемелұлы қаңтарда «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында петицияны қолдап, ел азаматтарының пікірі ескерілетінін айтты. Осының негізінде, бүгін заң тағы да қатаңдатылды. Енді ұрып-соғу мен денсаулығына жеңіл түрде зиян келтіру бойынша қылмыс түрі Әкімшілік кодекстен Қылмыстық кодеске ауыстырылды. Енді ұрып-соғу фактілері бойынша, тіпті жеңіл түрі болса да қылмыскер Қылмыстық кодекспен жазаланатын болады», - деді ол.
Сондай-ақ Бейсенбаев азаптау бойынша жаңа бап қолданысқа еніп, 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылғанын жеткізді.
«AMANAT» партиясы әйелдер мен балалардың қауіпсіздігіне кепілдікті күшейте түсетін түзетуді қысқа мерзімде енгізу қажеттігін әркез қолдады. Фракция депутаттары ағымдағы сессияның алғашқы күнінен бастап осы мәселені Балалар құқығы жөніндегі уәкілі Динара Зәкиевамен жүйелі пысықтап, үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің қатысуымен Парламент Мәжілісі фракциясының отырыстарында жан-жақты қарастырды. Әлемнің осы тектес заңнамаларын салыстырып қарайтын болсақ, Қазақстан қабылдап отырған бұл заң – халықаралық тәжірибеде, ТМД елдері ішіндегі ең қатаңдарының бірі деп сеніммен айтуға болады», - деді ол.
Бейсенбаев атағандай, аталған заң жобасын кешенді, жүйелі, тиімді әрі толыққанды пысықталған заң деп айтуға толық негіз бар.
«Сондықтан қоғамда біраз резонанс тудырған осындай қылмыс түрлері бойынша жан-жақты зерделенген, кешенді әдіс-тәсілдерді қамтыған заңның тиянақты жүзеге асуы – тікелей Президенттің пәрменінің нәтижесі. Бұл қоғамның әрі Мемлекет басшысының ортақ келісімі деп білемін. Осынау заң жобасын қабылдау арқылы біз «әйелдер құқығы мен балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері» бойынша заңнаманы қатаңдатуды көздейтін түзетулер енгізу циклын аяқтаймыз деп ойлаймын», - деп түйіндеді ол.
Айта кетсек, бүгін Мәжіліс әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған заң жобаларын бірінші оқылымда мақұлдады. Заңда педофилдер өмір бойына бас бостандығынан айырылатыны айтылған.