«Мемлекеттік көмектің болмауы теңсіздік тудырып отыр»: депутат жекеменшік мектептер жайлы
Ол қаржыландыру қажетті деңгейде болмай отырғанын айтты
Мәжіліс депутат, AMANAT партиясы фракциясының депутаты Қайрат Балабиев мектептерге біркелкі қаржы бөлу мәселесі жайлы айтты, деп хабарлады Azattyq Ruhy.
«Түркістан облысына сапар барысында өткен кездесулерде көтерілген мәселелердің бірі білім саласындағы мемлекеттік және жекеменшік мектептерге біркелкі қаржы бөлінбеуі, сондай-ақ жергілікті кәсіпкерлердің жекеменшік мектептерге мемлекет тарапынан қолдауға мұқтаждығы болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиі» деген болатын», - деді депутат.
Оның айтуынша, елімізде бала саны артып, үш ауысымда оқитын мектептер көбейген кезде Үкімет кәсіпкерлерге ұсыныс жасап, жекеменшік мектептер салуға шақырды.
«Осыған байланысты 2004-2010 жылдары жекеменшік мектептер жаппай ашылып, оқу орындары тапшылығын шешуге оң әсер етті. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда 7 611 білім ұясының 707-сі – жекеменшік. Оқушылар саны 245 мыңнан астам және олардың тең жартысы – 1-4 сынып оқушылары. Бүгінде мектептердегі орын тапшылығы өзекті мәселеге айналып, 270 мыңнан астам орын жетіспей отыр. Мемлекет тарапынан тиісті шаралар қабылданбаса, бұл көрсеткіш алдағы үш жылда 4 есеге артуы мүмкін. Бұл мәселені шешудің бір жолы – жекеменшік мектептер. Сондықтан Үкімет мемлекеттік мектептермен қатар жекеменшік оқу орындарына да бірдей көңіл бөліп, тиісті қолдау көрсетуі керек», - деді ол.
Оның айтуынша, қазіргі кезде мемлекеттік және жекеменшік мектептерді қаржыландыру тәртібінде айтарлықтай айырмашылық болып отыр.
«Мемлекет есебінен жекеменшік мектептерде тегін білім алатын аз қамтылған отбасы балаларына берілетін әлеуметтік көмек – ыстық тамақпен және мектеп формасымен қамту, оқу құралдары мен оқулықтар сатып алу қарастырылмаған. Сол себептен әлеуметтік жағдайы төмен отбасы балалары орын жетіспеуінен жай мектептен жекеменшікке ауыстырылса, мемлекеттен берілетін көмектен құр қалады. Жекеменшік мектептерде мемлекет есебінен оқитындардың әлеуметтік жағдайы ескерілмеуі және мемлекеттік көмектің болмауы оқушылардың арасында теңсіздік тудырып отыр. Сонымен қатар 2024 жылға дейін жекеменшік мектептерде бастауыш сынып оқушыларына ыстық тамақ жергілікті бюджет есебінен берілетін. Ал осы жылдан бастауыш сынып оқушыларына тегін ыстық тамақ беру тоқтатылды», - деді ол.
Балабиев атағандай, теңсіздіктің нәтижесінде тегін ыстық тамақ пен әлеуметтік көмектерден айырылған оқушылар мемлекеттік мектептерге қайта оралуға мәжбүр.
«Бұл үш ауысымды мектептердің көбеюіне, жекеменшік оқу орындарының жабылуына әкеп соғады», - деді ол.
Депутат Қазақстандағы жекеменшік мектептерге мемлекет тарапынан қойылған талаптар мен ережелер қайта қаралып, мына өзекті мәселелерді ұсынды:
- жекеменшік білім беру ұйымдарындағы бастауыш сынып оқушыларына және жоғарғы сыныпта оқитын аз қамтылған отбасы балаларына тегін тамақтандыруды ұйымдастыру;
- жағдайы төмен отбасы балаларына бөлінетін барлық әлеуметтік көмекті жекеменшік мектептердегі оқушыларға да мемлекеттік мектептердегідей берілуін қамтамасыз ету;
- жалпы мектептердегі тұрмысы төмен отбасы балалары мен жетім балаларға мемлекет тарапынан көрсетілетін қаржылық және басқалай көмекті жекеменшік мектептердегі осы деңгейдегі оқушыларға да берілу мәселесін қарастыру.