Халыққа айбат шеккен органдар шын ұрыларды ауыздықтауға келгенде сылбырлық танытпауы керек – депутат
Ол қаржы пирамидаларына қарсы жұмысты күшейтуді сұрады
Мәжіліс депутат, «AMANAT» партиясы фракциясының депутаты Нартай Сәрсенғалиев депутаттық сауалында алаяқтардың қармағын қауып, қолындағы қаржысынан қапыда айрылып, әділдік таппай шақшадай басы шарадай болған жандардың жанайқайы себеп болғанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Л-капитал» деген қаржылық ұйымның құрбаны болған қандастар мына хатты Мәжіліске үмітінің соңғы сәулесіндей сеніммен жолдады. Өйткені «Л-Капитал» акционерлік қоғамының «там-тұм теңге салсаң таудай табыс табасың» деген жалған жарнамасына алданған адам саны қазір 1451-ге жетті. Жарнама жасап жалаулатқандардың сапында елге танымал өнер жұлдыздары да өріп жүр. Жапа шеккендердің біразы зейнеткерлер мен жалғызбасты аналар. Жалпы саны 1451 жәбірленушіге келтірілген шығынның жалпы көлемі 10 499 000 000 теңге. Осынша қаржыны «Л-Капитал»-дың басшылары ізім-ғайым жоқ қылды деп арызданған отандастарымыз аталған іс бойынша соттың тым созбаққа салынып кеткеніне, прокуратура органдардың баяу әрекетіне наразы», - деді депутат.
Оның айтуынша, «Л-Капитал» акционерлік қоғамына алданғандар саны 1451-ден әлдеқайда көп.
«Себебі арыз жазған ағайын қаржылық құйтырқылықтың құрбандары санатында әскери бөлім қызметкерлері, түрлі деңгейдегі мемлекеттік қызметкерлер, бюджеттік мекеме қызметкерлері бар дейді. Бірақ олар арыз жазудан тартынып отыр, себебі де түсінікті шығар. 2008 жылы құрылған әрекеті қаржылық пирамидаға ұқсас ұйымды Алматы қаласының Әуезов аудандық Әділет басқармасы ресми тіркеген. Алғашында елге қаржылық сауаттылықты үйрететін бизнес тренингтер өткізіп бастаған компанияға қаржылық сауатымды арттырамын деп барған халық қазір солармен соттасып жүріп өз сауаттарын өздері арттырып алды. Аталған қаржылық ұйым бір кездері елдің күдігін жою үшін түрлі жобаларға инвестиция салдық деген құжаттарды көрсеткен, бірақ ол ақшалардың қайда кеткені де салымшыларға беймәлім қазір. Сонда соңғы ақшасын салған халыққа кім қорған болады? Беймәлім қаржылық ұйымдар ағайынды алдап Қазақстанда қашанғы алшаң басып жүре береді? Интернет алаяқтықтың құрбаны болған қандасты қорғай алмаса, қаржылық пирамиданың қақпанын қапқан отандасты арашалай алмаса, олардың қолды болған ақшасын қайтара алмаса онда құзырлы орындардың құзыры не нәрсеге жетеді деген заңды сұрақ туады», - деді Нартай Аралбайұлы.
Депутат халықтың талабын жеткізді.
«Қарапайым елдің мобильдік аударымына қарауыл қойып қадағалап, қажет болса шара қолданамыз деп халыққа дөң айбат шеккен мемлекеттік органдар шын ұрыларды ауыздықтауға келгенде сылбырлық танытпауы керек», - деді ол.
Ол осы арызды жолдаған елдің нақты талабын оқып берді:
- 1451 жәбірленушінің арызының негізінде басталған сот процесі неге созбаққа салынып кеткенін және Алматы қаласындағы Бостандық аудандық соты неге Айыптау актісінде нақты айғақтар жоқ деп істі прокуратураға 3 рет қайтарғанын білгісі келеді?
- «Л-Капиталдың» басшыларынан бөлек сол ұжымға ақша салуға адамдарды үгіттеген өнер жұлдыздарын да Заң алдында жауапқа тартуды талап етеді.
«Халықты қан қақсатып отырған тағы бір түйткіл кооперативтер. Депутаттардың атына «Amanat Home» мен «Amanat Halyk» кооперативтеріне ақша салып не баспанасын ала алмай, не салған ақшасын қайтара алмай отырған азаматтардан арыз түсті.Әділет министрлігінің Атқарушылық іс жүргізу органдарының автоматтандырылған ақпараттық жүйесіндегі «Борышкерлердің бірыңғай тізіліміне» және салымшылардың ақпаратына сәйкес «Amanat Home» кооперативін сотқа беріп, шешім шығып, ол орындалмай, ақшасы кері қайтпаған 453 адам бар. Оларға келтірілген залал 1 193 231 420 теңгені құрап отыр», - деді ол.
Депутаттың ұсынысы:
халықтың ақшасын алып алдап соққан қаржылық ұйымдарды ауыздықтайтын ведомства аралық тұрақты комиссия керек. Себебі әр мемлекеттік орган қазіргідей өз бетінше қызмет етсе іс нәтижелі болмайды. Өйткені бір жылда қаржы пирамидаларынан келген залал 2,1 есе көбейген.
2023 жылдың мамырында Қаржылық мониторинг агенттігі 22 қаржы пирамидасын анықтап тізімін жариялады. Ол тізімді бүгінге дейін 70 мыңнан астам адам ғана көрген. Бұл өте аз, сондықтан елді ақпараттандырудың қосымша тетіктерін табу қажет. Себебі бір жылда Қазақстанда қаржылық пирамида құрбандарының жалпы саны үш есе артқан.
былтыр 5 айда Қаржылық пирамидаға қатысы бар деген күдікпен 4000-ға жуық сайт пен аккаунтар бұғатталған, бірақ бұл да жеткіліксіз. Сондықтан күдікті сайтты бұғаттауды жедел жүзеге асыратын тетік қарастыру қажет.