Бизнесте, жер байлығын игеруде де монополия бар екені анық – Саиров
Ол кәсіпкерлік таңдаулы азаматтардың еншісі болмауы керегін айтты

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ерлан Саиров Премьер-министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Президент Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысына «Экономикаға жаңа импульс беру үшін Үкімет кәсіпкерлермен терең әріптестік орнатуы қажет» деп атап өтті. Бұл өте маңызды. Себебі, кәсіпкерлік таңдаулы азаматтардың еншісі болмауы керек. Яғни, ұлттық бизнес – жеке дара адамдардың қолында емес, ал жаппай халықтың игілінде болуы тиіс. Адал әрі әділетті – ұлттық буржуазияны қалыптастыратын уақыт жетті. Бұл мемлекеттік саясатқа айналуы тиіс. Осы тұрғыда, жаңа Үкіметтің алдындағы басты міндет – елдің, дүйім жұрттың экономикалық белсенділігін арттыру. Халықтың бизнеске, кәсіпке деген қызығушылығын еселеп күшейту», - деді Ерлан Саиров.
Оның айтуынша, 300 мыңға жуық адам жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтасыз етушілер.
«Бізде әлі күнге дейін бизнесте, жер байлығын игеруде де монополия бар екені анық. Оған дәлел, еліміздің негізгі экономикалық көрсеткіштері 10-компанияның еншісінде, ал ірі салық төлейтіндердің саны одан да аз. Сондай-ақ, еліміздегі – 300 мыңға жуық жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтасыз етуші 2 миллионнан астам азаматтардың басым көпшілігін бизнес кеңістігіне тарту қажет. Біз кәсіпкерлік әлеуеті терең ұлтқа айналуымыз қажет! Материалдық құндылықтарды үнемі жасауға қабілетті ұлттар ғана қарышты даму бағытына түсе алады», - деді ол.
Депутат атағандай, Қазақстан азаматтарының экономикалық белсенділігін арттыру үшін бизнесті жаңа ашқан тұлғаларға арзандатылған несие, жер игеруге жеңілдік, өндірістік технологияларға қолжетімділік жүйесін жасау маңызды.
«Ескі Қазақстан тұсында, ат төбеліндей топ еліміздің шикізат, қаржы саласына эксплуатация жасап, мемлекеттің жол, темір жолы, коммуникация саласындағы ірі мемлекеттік тендерлерге жөн-жосықсыз ие болып отырған. Қазақстан азаматтары олигархтардың кесірінен «мүмкіндіктер теңсіздігіне» ұшырап отыр. Осы үрдісті тоқтату керек. Мұндай құбылыс еліміздің экономикалық тыныс-тіршілігіне үлес қосып, кәсіпкерліктпен айналысқысы келетін мыңдаған қарапайым азаматтарға өз потенциалын көрсетуге мүмкіндік бермейді. Назарбаевтың тұсында қара нарық пен көлеңкелі схемалар арқылы олигарх болғандардың орнына, халық мүддесін ұмытпайтын «ұлттық бурзуазияны» қалыптастыратын уақыт жетті», - деді ол.
Осы ретте депутат «AMANAT» фракциясы еліміздің ішкі жалпы өнімін арттыру үшін Қазақстанда жаппай кәсіпкерлік дағды қалыптастыру қажет деп есептейтінін жеткізді.
Ол үшін:
- өткен жүйеден мұра болып қалған олигархтардың экономикалық мүддесін қорғауды тыю мен оларға лобби жасаушы топтарға тоқтау салу;
- ірі тендерлердің әділетті, ашық, жаңа буын бизнесмендердің потенциалын арттыруға бағыттау қажет;
- халықта жаппай бизнес дағды қалыптастыру үшін мемлекет саясатын бұру, аудандық, облыстық деңгейде тегін бизнес дағды үйрету курстарын ашып, бизнес ашатын азаматтарға мемлекеттік арзандатылған кредит, жер беру мәселелерін шешу.
Авторы: Аягөз ҚҰРМАШ