«Тойларда жыртыс таратқандай үлестіріп жатады»: Аманжол Әлтай медаль сататындар жайлы

Ол 50 мың теңгеге жалған ұйым атынан «Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері» медалін сатып алуға болатынын айтты 

«Тойларда жыртыс таратқандай үлестіріп жатады»: Аманжол Әлтай медаль сататындар жайлы
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының депутаты Аманжол Әлтай депутаттық сауалын Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға жолдады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Мемлекеттік рәміздер – Тәуелсіз еліміздің бейнесін танытатын символдық мән-мағынаға ие қастерлі ұғымдар. Бұл – елдіктің, егемендіктің негізгі нышаны. Бірақ Мемлекеттік наградалардың атауын, кескінін, кейбір элементтерін қайталайтын жеке адамдар мен түсініксіз ұйымдардың, мән-мағынасы жоқ орден-медальдары, жалған атақтары жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткені шындық», - деді депутат.

Оның айтуынша, мұндай үрдіс ешкімге де абырой әпермесі ақиқат, керісінше адамды даңғойлыққа, жеңіл атаққұмарлыққа итермелейді.

«Тіпті жеке адамдардың тойларында да жыртыс таратқандай үлестіріп жатқанын көргенде көңілің құлазиды. Мысалы, сіз 40-50 мың теңгеге жалған ұйымның атынан «Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері» медалімен, ал 100 мың теңгеге «Қазақстанның құрметті азаматы» және 200 мың теңгеге еліміздің жалған академигі атағына ие боласыз. Яғни мемлекет үшін, қоғам үшін еш еңбек сіңірмей жалған атақпен мастанып, ел ішінде іріткі салып жүрген қаншама даңғойлар бар», - деді ол.

Әлтайдың айтуынша, бұл өте қауіпті әрі қоғамды бүлдіретін үрдіс.

«Осы ретте, әділетті келешекке қадам басқымыз келсе, қоғамды жалған академиктерден, өтірік премиялардан, жұртты алөкпе қылған арзан атақтардан тазарту маңызды. Жалған атақтар мен құнсыз сөлкебайларды сатып пайда тапқыш пысықайлардың әрекеттеріне құқықтық негізде тосқауыл қою керек. Бұл бір. Екіншіден, рәміздер мәселесінде әлі де ойластыруды, ортақ шешімге келуді қажет ететін түйткілдер бар. Біздегі түйткілдердің бір ұшы дәл осы атауға байланысты. Геральдика – гербтер мен оларды қолдану дәстүрлерін ғана зерттейтін арнайы салалық ғылым», - деді ол.

Депутаттың айтуынша, яғни геральдиканың нысаны –  тек қана гербтер.

«Ал рәмізтану бұдан кең ауқымдағы зерттеулерді қажет ететін сала. Сондықтан бұл жұмыстармен айналысатын, «Геральдикалық зерттеу орталығы» деп емес,ал «Ұлттық рәмізтану орталығы» деп аталғаны жөн. Өйткені рәмізтану нысанында мемлекеттік рәміздермен қатар, ертедегі символдық таңбалардан бастап, ою-өрнектер тіліне дейін қамтылуы тиіс және олардың рәміздік мән-мағыналары ашылуы қажет. Рәміздер мәселесін өз елінің тарихымен сабақтастыра қарастыру әлемнің Жапония, Франция сияқты дамыған елдердің тәжірибесінде бар. Осыған орай, біздің рәмізтану арнайы ғылым ретінде қалыптасатын уақыт келді», - деді депутат.

Сондықтан депутат жоғарыда айтылған ойлардың түйіні ретінде келесі ұсыныстарды айтты:

  • қазіргі Геральдикалық зерттеу орталығының атауын «Ұлттық рәмізтану орталығы» деп өзгерту мәселесі қарастырылсын.
  • рәміздерді ғылыми тұрғыда зерттеп, жүйелеу ісіне рәмізтанушылармен қатар, тарих, археология, этнография салаларының мамандарын де кеңінен тарту қажет.
  • мемлекеттік рәміздер арқылы қоғамда патриоттық сезімді орнықтыру үшін балабақшадан бастап, мектеп, колледж, ЖОО-да рәмізтану бойынша арнаулы тәрбиелік іс-шаралар жоспарлы түрде жүйелі өтуге тиіс.
  • мемлекеттік рәміздердің элементтерін, мемлекеттік наградалардың және атақтардың атауын қайталалайтын әрекеттерге құқықтық тосқауыл қою керек.

Авторы: Аягөз ҚҰРМАШ 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.