Аймағамбетов еліміздегі мектептердің қалай көпқабатты үйге айналатыны туралы айтты

Темірхан Айжан

Депутат әлеуметтік инфрақұрылым жеткіліксіздігі мәселесін көтерді

Аймағамбетов еліміздегі мектептердің қалай көпқабатты үйге айналатыны туралы айтты
Фото ашық дереккөзден

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Асхат Аймағамбетов балабақша, мектеп, ауруханалар жетіспей жатып, көпқабатты үйлер салуға рұқсат берілетінін сынады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

«Заң жобасы өкінішке қарай, әлі де шикі. Біз, әрине, түзетулерді береміз. Бірінші мәселе, бізде әлеуметтік инфрақұрылым жеткіліксіз. Мектеп, балабақша, ауруханалар жетпей жатып, біз көпқабатты үйлер салуға рұқсат береміз.

Екіншіден, егжей-тегжейлі жоспарлау жобасын қайта-қайта түзету проблемасы бар. Оны айтып отырмыз ғой, кейбір қалаларда көрдік. Жерді әуелі мектеп салуға береді, сосын жобалау-сметалық құжаттаманы өзгертеді де, мектеп-интернат салынатын болады. Одан кейін өзгертеді де, жатақхана қылады. Содан кейін бір қадам жасап, көпқабатты үй салатын болып шыға келеді.  

Үшінші мәселе, жуырда Қарағанды қаласында болдық, екі үлкен тұрғын үй кешенін салып тастаған. Адамдар пәтер сатып алған, оларға техникалық шартын беріп тастаған. Бәрін бітіріп болғаннан кейін, «мұны қиратуымыз керек, бұл заңсыз салынған» дейді. Ал тиісті мекемеден «техникалық шарттарды қалай бердіңіздер» деп сұрасақ, қазіргі заңнамаға сәйкес біз ешқандай құжат сұрай алмаймыз. Бір парақ қағазбен келіп, сол арқылы бәріне рұқсат алатынын айтты», - деді депутат.

Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Тимур Қарағойшин бұл мәселелердің саланы автоматтандыру арқылы шешілетінін айтты.

«Түгел автоматтандырылып цифрланбаса, тәртіп болмайды. Көпқабатты үйлер мектептің орнына салынып кетті деген мәселелер бар. Қазір бас жоспарлар, егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары авоматтандырылып жатыр. Облыстар жұмыстанып жатыр. Солар ретке келмей қаулы шығара алмайды», - деді ол.

Мәжілісте Құрылыс кодексі жобасының және ҚР кейбір заңнамалық актілеріне Сәулет, қала құрылысы және құрылыс мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ҚР заң жобасының таныстырылымы өтті.

Жаңа құрылыс кодексі Е-құрылыс ақпараттық жүйесін енгізуге және құрылыс саласындағы рұқсаттардың біріңғай тізілімін бекітуге, Сәулет, құрылыс қызметіне қоғамдық бақылауды енгізуге бағытталған. Сондай-ақ Кодекс жобасында құрылыс сапасын арттыру сейсмикалық аймақтарда жобалау ерекшеліктерін реттеу, құрылыс объектілерін пайдалануды 2 жылдан 5 жылға дейін ұзарту көзделген.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.