Қазақстан өңірлерінен медицина қызметкерлері көптеп кетіп жатыр
Еліміздің 18 облысында жұмыстан шығып кеткен қызметкерлер саны көп болған
Қазақстан өңірлеріндегі медицина қызметкерлері еліміздің екі ірі қаласына шоғырлана бастаған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Бірінші несие бюросының сарапшылары атап өткендей, өткен жылы Қазақстанның 18 облысында жұмысқа келген медицина қызметкерлерінен гөрі жұмыстан шығып кеткен қызметкерлер саны көп болған.
Алматы мен Астанада медицина қызметкерлерінің саны 4,4 мың адамға өссе, Қазақстанның қалған бөлігінде 4,2 мың адамға азайған. Осылайша, медицина қызметкерлерінің мына өңірлерден көп кеткені байқалды:
- Түркістан облысында (-1,2 мың);
- Жамбыл облысында (-0,6 мың);
- Абай облысында (-0,4 мың);
- Алматы облысында (-0,4 мың);
- Жетісу облысында (-0,3 мың);
- Қызылорда облысында (-0,3 мың).
«18 өңірде көрсеткіш бірден құлдырап кеткен мұндай жағдай бес жылда алғаш рет болып отыр. Өткен жылдарда Алматы мен Астанадан бөлек, Шымкент, Маңғыстау, Атырау және Ақмола облыстарында кезең-кезеңімен мамандар саны көбейе бастаған», - дейді сарапшылар.
Бір қуантарлығы, дәрігерлердің елден кетуі сирек тіркеледі. Олар тек ел ішінде үлкен қалаларға көшіп жатыр.