$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
09.02.2024, 05:46
Қоғам

Жезқазғандағы қараусыз қалған институт қылмыс ордасына айналған

Ауыл баласының екі жыл бұрын ғимараттан құлап, жарақат алған

Жезқазғандағы қараусыз қалған институт қылмыс ордасына айналған
Фото: almaty.tv

Оқу орны қылмыстың ордасына айналған. Жезқазған қаласының тұрғындары қараусыз қалған институтта қайғылы жағдай көбейгенін жеткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Алматы арнасына сілтеме жасап.

Бос тұрған 5 қабатты ғимарат о баста облыстық балалар емханасы ретінде салынған. Кейіннен жекешелендіру кезінде 1 млн 600 мың теңгеге бағаланып жеке меншікке өтіп кетіпті. Уақыт өте келе, меншік иесі бұл жерді институт, кейіннен жатахана ретінде қайта жасақтайды. Ал сәл беріректе ғимарат апаттық жағдайда деп танылып, қараусыз қалған. Оқу орны болған мекен қазір қылмыстың ордасы боп тұр. Қысы-жазы, күні-түні арам асқа сылқия тойғандардан аяқ алып жүре алмайсыз, ел көзінше наша шегіп, түн келсе төбелес ұйымдастыратындар азаймай тұр. Ең сорақысы, есін білетін ауыл баласының осыдан екі жыл бұрын ғимараттан құлап, жарақат алған. Ал қыз зорлығының көбейгені тіпті қорқынышты.

«Мектеп жасындағы оқушыларға қиын. Заң деген болу керек қой. Әкесінен қалған мұра емес, үкіметке өткізсін. Қысы-жазы жастар жиналып, шулайды», – деді Жезқазған қаласының тұрғыны Бақыт Төлеуова.

Қабырғаға қамалып, қылмыс жасайтындардың көбейгенін айттық. Сөзімізді Ұлытау облыстық полиция департаменті де растап отыр.

«Аталған мекен-жай бойынша полиция қызметкерлерімен жүргізілген профилактикалық және алдын алу іс-шарасы барысында өткен жылы 24 әкімшілік құқықбұзушылық анықталды. Нақтылап айтар болсақ ішімдік ішу, қоғамдық орындарды ластау бойынша тиісті тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылған», – деді Полиция департаментінің баспасөз қызметкері Аңсаған Тоқбергенов

Бұған дейін тұрғындар ғимаратты мемлекет иелігіне алу бойынша облыстық прокуратураға екі рет хат жолдаған. Кейіннен құзырлы орган бұл мәселені қалалық әкімдікке жіберіпті. Ал жергілікті билік жеке меншік иелеріне ешқандай шара қолдана алмаймыз дегеннен әрі аспайды. Бар болғаны, Алматы қаласында тұратын азаматқа нысанды жою немесе қалыпқа келтіру бойынша хат жіберілген.

«Жезқазған қаласындағы Аналкулов көшесі 13-те орналасқан ғимарат Орталық Азия университетінің ғимараты болып есептеледі. Жекеменшік ғимараттың есік, терезесі сынған. Кейбір қабырғалары да қисайып тұр. Нысанның иесіне бірнеше мәрте  хат жолдады. Бүгінгі таңда ешқандай әрекет қолданып жатқан жоқ. Сондықтан азаматтық іс бойынша шара қолданамыз», – деді Жезқазған қаласы әкімінің орынбасары Бақытжан Жайлаубаев.

Бұл ғимаратты бұзу немесе абаттандыру тұрғындар қанша шырыл қақса да, алдағы күннің еншісінде қала бермек. Адам өліп, апат көбеймесе екен деген азаматтар тым құрығанда ғимараттың қоршалуын сұрап, зар қағып отыр.

Серіктес жаңалықтары