Ақмола облысы Егіндікөл ауданында ауыз су мәселесі қашан шешіледі?
Аудандағы бірнеше ауыл құбырлардың бүлінгеніне байланысты ауыз сусыз күн кешуге мәжбүр

Ақмола облысы Егіндікөл ауданының тұрғындары 2023 жылдың сәуірінен бастап бүгінге дейін сусыз күн көруге мәжбүр. Себебі, Нұра топтық су құбырының 90%-ы тозған. Салдарынан 80% су діттіген жеріне жетпей, жоғалады. 2023 жылдың 25 мамырынан бастап аудан аумағында техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланған.
Бұл ретте Мәжіліс депутаттары, AMANAT партиясы фракциясының мүшелері мәселені назарға алды.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, AMANAT партиясы фракциясының мүшесі Юлия Кучинская алғаш рет аталған мәселені 2023 жылдың қыркүйегінде Мәжіліс қабырғасында көтерді.
Экология және табиғи ресурстар министрлігі Су ресурстары комитетінің «Нұра топтық су құбыры» РМК ауылдық елді мекендерге судың үздіксіз берілуін қамтамасыз етуге міндетті болғанымен, айлар бойы іс жүзінде әрекетсіздік танытқан. Яғни, әлеуметтік объектілерге су тасымалдауды қамтамасыз ету мәселелері толығымен жергілікті атқарушы органдардың, коммуналдық кәсіпорындардың және ауданның ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің иығына түсті, дейді депутат.
«Жауапты адамдардың немқұрайлылығы, ситуациялық шешімдер қабылдай салу, магистральды қалпына келтіру туралы нақты көзқарастың болмауы және нақты жұмыс жоспарының болмауы бүкіл ауданды жарты жылдан астам уақытқа сусыз қалдырды, ал басқа ауданның тұрғындары дәл осындай жағдайға тап болудан қорқып өмір сүруге мәжбүр», – деді Юлия Кучинская.
Белгілі болғаны, 2021 жылы республикалық бюджеттен Ақмола облысындағы Нұра топтық су құбырын қайта жаңартуға 579,7 млн теңге бөлінген. Одан кейін, 2022 жылы су құбырын қайта жаңартуға жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге 384,5 млн теңге бөлінді. Сонымен қатар, 2023 жылы Нұра топтық су құбырын қайта жаңарту жобасының бірінші кезеңін іске асыру үшін 330 млн теңге бөлінген.
Фото: t.me/s/Aqmola_region
AMANAT партиялық бақылау комитеті магистральдың жай-күйіне және оны қалпына келтіру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға мониторинг жүргізу барысында құбырлардың ағаш қазықтармен қапталғанын анықтады. Дегенмен, ішінара жөндеу жұмыстары нәтиже бермеген. Құбырлар әбден ескіріп кеткендіктен, су ағып кетеді. Ал құбыр жарылған жерлерде тек операторлар мен жергілікті слесарлар ғана жұмыс істейді. Қосымша күш пен техника іс жүзінде тартылмайды. Мамандар мен қажет құралдарды тасымалдауға арналған көлік жоқ. Яғни, жағдай ушығып кеткен. Сондықтан, депутат ауданның елді мекендеріне тұрақты су беру үшін магистральдық желілердің бүлінген учаскелерін толық ауыстыру қажет екенін айтты.
Қорғалжын және Егіндікөл аудандарының тұрғындарын ауыз сумен үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында 2020-2021 жылдары жалпы ұзындығы 16,5 шақырым болатын Нұра топтық су құбырының сегіз апатты учаскесі қайта жаңарту туралы шешім шығарылды. Алайда, құбыр түгел шіріп кеткендіктен, жаңа апаттық учаскелер пайда бола берген. Яғни, су құбырын толық қайта жаңарту қажет екені белгілі болды.
Нәтижесінде, AMANAT партиясы депутаттарының аталмыш мәселені көтеруінің нәтижесінде Егіндікөл ауылынан Ақмола облысы Егіндікөл ауданы «Степняк» астық қабылдау пунктіне дейін Нұра топтық су құбыры учаскесін қайта жаңарту жұмыстары басталды.
Жалпы, бұл мәселе Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Ақмола облысы әкімдігінің бақылауында.
2023 жылдың қыркүйегінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында 2040 жылға қарай Қазақстандағы су тапшылығы 12-15 миллиард текше метрге жетуі мүмкін екенін айтты.
«Біздің еліміз трансшекаралық су көздерінің ресурстарына тәуелді. Еуразия өзендері мен каналдары – халықтар мен экономикаларды біріктіруге арналған ортақ табиғи игілік. Сондықтан тексерілген су саясатын жүргізу, трансшекаралық су пайдалану мәселелерін шешу – Үкіметтің маңызды міндеті», - деді сол кезде Мемлекет басшысы.
Өнеркәсіптік шығарындылар мен ауылшаруашылық жұмыстарына байланысты су объектілерінің ластануы ескірген сумен жабдықтау және кәріз инфрақұрылымымен бірге халықты таза ауыз сумен қамтамасыз етуге кедергі келтіреді.
Кейбір шалғай аудандар сенімді су көздеріне қолжетімділіктің болмауынан зардап шегеді, бұл жергілікті тұрғындардың өмір сүру сапасы мен денсаулығына кері әсер етеді. Бұл жағдай Үкіметтің, бизнес секторларының және жұртшылықтың шұғыл назары мен әрекетін талап етеді. Мәселені шешу үшін суды тазартудың заманауи технологияларына, инфрақұрылымды жаңартуға және суды басқаруды жақсартуға инвестиция қажет болады. Бірлескен күш-жігер арқылы ғана Қазақстанның барлық азаматтарының сапалы ауыз суға қол жеткізуін қамтамасыз ете аламыз және олардың өмір сүру сапасын жақсарта аламыз, деді Президент.