$ 520.48  574.61  6.06
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
10.04.2020, 17:34
Қоғам

«Birgemiz»: 2 мыңнан астам медқызметкер 50 000 теңгеден алды

Олардың бәрі Алматыда жұмыс істеп жатқан дәрігерлер

«Birgemiz»: 2 мыңнан астам медқызметкер 50 000 теңгеден алды

Коронавируспен күресуге жұмылдырылған 2 мыңнан аса медицина қызметкері Елбасы бастамасымен құрылған «Birgemiz» қорынан 50 000 теңгеден ақшалай төлем алды. Осы мақсатта барлығы 100 млн теңге жұмсалған, деп хабарлады қордың баспасөз қызметі.

Қор төрағасы Руслан Сакеевтың мәліметінше, біржолғы төлемді бүгін елорда мен Алматыдағы 29 медициналық мекемеде жұмыс істейтін 2 112 ақхалатты алған. 

«Мемлекет басшысы әлеуметтік жағдайы төмен тұрғындарға және коронавируспен күресте алдыңғы шепте жүрген дәрігерлерге қолдау көрсету үшін бұрын-соңды болмаған бірегей шешім қабылдады. Елбасы тапсырмасы бойынша «Birgemiz» қоры да «Nur Otan» партиясының қолдауының арқасында осы бағыттағы жұмыстардан тыс қалып отырған жоқ. Күні кеше біз 23 қаланың 150 мыңнан астам мұқтаж отбасына 50 теңге көлемінде біржолғы ақшалай көмек берудің бірінші кезеңін бастадық. Сонымен қатар, індет жұқтырғандардың басым бөлігі Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында екенін білесіздер. Осы қалалардың медицина қызметкерлері қазіргі таңда күні-түні жұмыс істеуде. Олардың өз отбасын көруіне, тіпті, тынығуына да мұршасы жоқ. Сондықтан біз оларға қазақстандықтардың денсаулығына деген қамқорлығы үшін ризашылығымызды білдіріп, «Birgemiz» қорынан қаржылай көмек беру арқылы қолдау көрсеткіміз келеді», - деді Руслан Сәкеев.

Бұған дейін 150 мыңнан астам мұқтаж отбасы да «Birgemiz» қорынан 50 мың теңгеден ақшалай көмек алатыны айтылған еді. Алғашында қор қаражатын 100 мың мұқтаж азаматқа тарату жоспарланған. Әйтсе де, өңірлерден түскен өтініштер саны айтарлықтай өсіп, партияның онлайн ресурстарына көмек сұрап хабарласушылар саны екі есеге артқан. Сондықтан, «Biz Birgemiz» акциясының аясында бірінші кезеңде қаржылық қолдауды 150 мыңнан аса мұқтаж азаматқа көрсету туралы шешім қабылданды.

«7,6 миллиард теңге қаражат аймақтық қорлардың есебіне түсті. Ақша сол жақтан көмек алушылардың банктік есеп-шоттарына аударылады. Бұлар негізінен карантин қиындықтарын көбірек шегіп жатқан 23 ірі қаланың тұрғындары. Әкімдер мен әлеуметтік қорғау органдары ұсынған көмек алушылар тізімдерінде табыс деңгейі ең төмен әлеуметтік әлсіз топтардан құралған азаматтар қамтылған. Оның ішінде аз қамтылған және көпбалалы отбасылар, мұқтаж мүгедек жандар, мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасылар, ең төменгі зейнетақы алатын және әлеуметтік жағынан әлсіз топқа кіретін зейнеткерлер, жетім балалар, ҰОС-ның ардагерлері мен оларға теңестірілген тыл еңбеккерлері бар», - деді Руслан Сәкеев.

Сонымен қатар, ол материалдық көмекті екінші деңгейдегі банктер арқылы жеке тұлғалардың карточкаларына немесе ағымдағы есепшоттарына аудару кезінде одан комиссия алынбайтынын айтты. Сондай-ақ, бұл қаражаттың несиелері бойынша қарызы бар азаматтардың берешегін өтеу үшін ұсталып қалмауы да қарастырылған.

Жалпы «Birgemiz» қоғамдық қорының есепшотына 18 млрд теңгеге жуық қаржы түсті. «СҚ-Фармация» үкіметтік операторымен Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары тұрғындарының әлеуметтік әлсіз топтарына тегін тарату үшін 5 миллион маска сатып алу туралы шартқа қол қойылды. Жиналған қаражат және өңірлер бойынша бөлінген көмек туралы ақпаратты бақылап отыру үшін қор birgemiz2020.kz ресми сайтын ашты.

Серіктес жаңалықтары