Шымкенттегі қыз алып қашу: Адам құқықтары жөніндегі уәкіл пікір білдірді
Омбудсмен Шымкенттегі істің шектен шыққанын атап өтті
Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев Шымкенттегі қыз ұрлау оқиғасына қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Шымкент қаласы бойынша өкілі қыз ұрлау ісі бойынша тергеуді қолына алғанын айтты, бұл іс оның тікелей бақылауында.
«Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің кеңсесі тұрмыстағы зорлық-зомбылық пен әйелдердің құқығының бұзылуы проблемасын талдап жатыр. Мәжбүрлі түрде күйеуге шыққан қыздар көбінесе серіктестері тарапынан жыныстық, физикалық және психологиялық зорлық-зомбылықтың құрбаны болады. Кейде мәжбүрлі күйеуге беру қыздарды білім мен мамандық алу мүмкіндігінен айырады, бұл олардың онсыз да осал жағдайын одан әрі қиындатады. Шымкенттегі іс шектен шығып жатыр, бақылауға алдық», - деп атап өтті Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілі Артур Ластаев.
Омбудсмен бұған дейін осындай қылмыстар үшін жекелеген бапты енгізуге және жәбірленуші ерікті түрде босатылған жағдайда қылмыстық жауаптылықтан босатуды көздейтін Қылмыстық кодекстің 125-бабына ескертпені алып тастауға қатысты заңнамаға түзетулер енгізілгенін тілге тиек етті.
Еске салайық, қаңтар айының ортасында Шымкентте Маңғыстау облысының тумасы, 22 жастағы ер адам қыз алып қашқан. Оқиға таңертеңгі уақытта қала көшелерінің бірінде орын алған, ал жәбірленуші мен ер адам жеке таныс болмаған екен. Күдікті ұсталып, қамауға алынды.