Екпе қабылдамаған балалар балабақшаға кіргізілмейді
Халықтың денсаулығы мен денсаулық сақтау жүйесі туралы кодексінде қарастырылған өзгеріс қазір Мәжілісте талқыланып жатыр
ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігер Жандарбек Бекшин Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ендігі ретте вакцина қабылдамаған балалар балабақшаға жіберілмейтінін айтты.
«Расымен де мектепке дейінгі орталықтарға күнтізбе бойынша екпе қабылдамаған балалар жіберілмейді. Мұның вакцинаға қарсы көрсеткіштері (аллергия, т.б. - авт.) бар балаларға қатысы жоқ. Себебі, бізде медициналық көрсеткіштер бойынша екпе егілмейтін адамдардың тізімі бар», - деді ол.
Оның айтуынша, ата-ана баласын балабақшаға апармастан бұрын педиатрдан денсаулық паспортын алуы керек.
«Сол құжатта баланың вакцина қабылдағаны туралы ақпарат, мектепке дейінгі білім беру мекемесіне жіберуге болатыны жөнінде шешім болуы тиіс. Егер шешім болмаса, балабақша жетекшісінің баланы қабылдауға құқы жоқ. Егер ол осы тәртіпті бұзса, фактіні анықтап, алдымен баланың ата-анасымен түсіндіру жұмысын жүргіземіз. Егер айтқан ескерту орындалмаса, іс сотқа кетеді», - деп түйіндеді сөзін бас санитариялық дәрігер.
Халықтың денсаулығы мен денсаулық сақтау жүйесі туралы кодексінде қарастырылған өзгеріс қазір Мәжілісте талқыланып жатыр. Мұндай заң қабылдауға бұрын да әрекет жасалған, бірақ ол кезде ата-аналар қарсы болған еді.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан