$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
10.04.2020, 11:08
Қоғам

Алматыда коронавирустан қайтыс болған әйел аурумен 3 апта күрескен

Дәрігерлер оның басқа да бірнеше дертпен ауырғанын айтып отыр

Алматыда коронавирустан қайтыс болған әйел аурумен 3 апта күрескен
Фотода: Тілеухан Әбілдаев

Алматыда коронавирустан қайтыс болған науқастың қос өкпесі ісіп кеткен. Кеше түнгі сағат 23:50 қайтыс болған әйелге полисегментті пневмония, екі жақты плеврит, өкпенің ісінуі, лайелла синдромы деген диагноздар қойылған.

Марқұм COVID-19 коронавирустық инфекциясын жұқтырған адамдармен байланыста болған. Оның қауіпті індетті жұқтырғаны 16 наурызда анықталған. Қауіпті індетпен үш аптадан астам уақыт күрескен 64 жастағы науқас сондай-ақ, өкпенің созылмалы обструктивті аурулары, жүректің созылмалы жеткіліксіздігі, жүректің ишемиялық аурулары, стенокардия, артериялық гипертензия сынды аурулармен ауырған.

«18 наурызда науқас реанимация және қарқынды терапия бөлімшесіне орналастырылды. Жүргізілген қарқынды емдеу шараларына қарамастан, тыныс алуы мен жүрек соғысы нашарлады. 9 сәуірде қосымша ауруларының үдеуі салдарынан сағат 23.20-да қан айналымы тоқтады. 30 минут ішінде жүргізілген реанимациялық шаралар сәтсіз болып, сағат 23.50-де ол қайтыс болды», - деді Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев.

Қазіргі уақытта Алматыда КВИ жұқтырудың тағы бір жағдайы тіркеліп, олардың жалпы саны 122-ге жетті. Соңғы тіркелген науқас – 1967 жылғы әйел вирус жұқтырған адаммен байланыста болған. Оның жағдайы пневмония салдарынан орташа ауыр дәрежеде.

Бүгінгі күні Алматыдағы инфекциялық стационарларда коронавирус жұқтырған 96 науқас жатыр. Арасында 4 бала бар. 72 науқастың жай-күйі қанағаттанарлық. 1 адам өте ауыр жағдайда жатыр, 4 пациенттің жағдайы ауыр болса, 19-ның жағдайы орташа ауыр.

«26 адам коронавирустық инфекциядан сауығып шықты. Провизорлық орталықтарда 250 адам, оның ішінде 29-ы бала карантиндік оқшаулауда, 5 306 адам үй жағдайындағы карантинде жатыр», - деді басқарма басшысы.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары