Жамбыл облысында балаларын бақылаусыз жіберген 225 ата-ана жазаланды
Кәмелеттік жасқа толмаған балалар түнде ойын-сауық орталықтарында жүрген

Кәмелетке толмағандарға қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алу және болдырмау мақсатында Жамбыл облысының полиция қызметкерлері рейдтік іс-шаралар өткізді. Аталған міндеттерді іске асыру және іс-қимылдарды үйлестіру үшін облыс орталығының полиция бөлімдеріндегі ювеналды полиция инспекторларын, білім басқармасының өкілдерін, еріктілерді және өзге де мүдделі органдарды тарта отырып, жұмыс топтары құрылды.
Облыстың 7 ойын-сауық мекемесінде полиция қызметкерлері 22:00 сағаттан кейін ересектердің еріп жүруінсіз мекемеден тыс болған 15 жасөспірімді анықтады, кәмелетке толмағандардың ата-аналарына қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылды. Кафе иелері кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық орындарында болуына жол бергені үшін 10 АЕК (36 920 теңге) мөлшерінде айыппұл төледі және әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сондай-ақ, 21 жасқа толмаған адамға алкоголь сату деректері анықталды. 6 дүкеннің иесі Қазақстан Республикасының алкоголь өнімін өткізу жөніндегі заңнамасының талаптарын бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылды және аталған құқық бұзушылықтары үшін 40 АЕК (147 680 теңге) мөлшерінде айыппұл қарастырылған.
Облыста небәрі 7 күн ішінде 65 рейд жүргізілді, оның барысында ІІО-ға 190 кәмелетке толмаған жасөспірім жеткізілді. 225 ата-ана мен өзге де ересек адамдар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қаңғыбастығы үшін Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына 10 жасөспірім орналастырылды.
«Күн сайын кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторлар құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша жұмыстар жүргізеді. Ювеналдық полицейлердің басты міндеті - балалардағы мүмкін қиындықтардың алдын алу және олардан қорғау. Ата-аналарға балаларының бос уақытын және араласатын ортасын әрдайым назарда ұстап, бақылауын ескертеміз. Ата - аналар тарапынан кәмелетке толмағандардың мінез-құлқы мен іс-әрекеттеріне тәрбиелік ықпалдың және бақылаудың болмауы олардың құқыққа қайшы әрекеттер жасауына себеп болуы әбден мүмкін«», - деді полиция майоры Әлішер Қалышев.