Ақтауда тек мылқау жандар жұмыс істейтін ерекше кофе орталығы бар
Кәсіпкер мүмкіндігі шектеулі 15 адамды жұмыспен қамтып отыр
Ақтауда кілең мылқаулардан тұратын даяшылар халыққа қызмет көрсетіп келеді. Олар қала орталығындағы кофеханада бірі даяшы, аспаз, енді бірі кофе дайындайтын бариста болып жұмыс істейді. Олардың бәрі туабітті естімейді, сөйлемейді, қонақтармен тек жазу арқылы ғана тілдеседі, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Кофеханада әдеттегідей даяшы мәзірді әкеледі. Тапсырыс беруші қалаған тамақты саусақпен нұқып көрсету керек. Даяшы тапсырысты жазып алады да, компьютермен басады. Ол аспазға экраннан көрінеді. Кофе орталығындағы қызметтің бәрі үнсіз іске асады.
Бибігүл Рамазан ауыл мұғалімі болған. Ол әлеуметтік кәсіпкерлік салаға «мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамға бейімделуіне септігімді тигізсем» деген ниетпен келгенін айтады.
«2017 жылы Атырау қаласына «Асар» форумына бардым. Сол жерде еліміздегі жаңа тренд – әлеуметтік кәсіпкерлік жайлы алғаш рет естідім. Бұл бағыт туралы Қазақстандағы әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға үлкен күш салып жүрген азамат – Эмин Әскеров айтып берген еді. Оның елордада әртүрлі бағытта атқарған жұмыстары бар. 2018 жылы Астана қаласындағы кафесіне барып, туабітті құлағы естімейтін, сөйлемейтін жандарды жұмыспен қамтып отырғанын көрдім де, Ақтау қаласында жұмыс орнын ашуға бел будым»,- деді ол.
Бибігүл әлеуметтік кәсіпті бастау үшін орын іздегенде Ақтау әкімшілігінің балансында тұрған ғимаратты тапқан. Ешбір жөндеу көрмеген 285 шаршы метр болатын бос орынды жаңалап, күрделі жөндеу жүргізген.
«Ақтау мұнайлы өлке, өңірімізде мықты кәсіпкер ағаларымыз бар. Өз аяғыммен барып, әрқайсысынан көмек қолын созуды сұрадым. Меценаттардың арқасында қаржы жиналып, төрт қабырғасы ғана бар бос ғимарат күрделі жөндеуден өтті. 6-7 айда дайын болып, жарқырап шыға келді», – деді кәсіпкер.
Шағын кәсібін бастаған Бибігүл «ерекше» мамандарды жұмысқа ала бастайды. Кофеханада екі бариста, екі даяршы, екі еден жуушы, екі ыдыс жуушы, екі наубайшы – кондитер, екі аспаз көмекшісі, екі көлік жүргізуші бар. Алдағы уақытта жартылай дайын өнімдерді жасайтын тағы екі жұмысшы алуды жоспарлап отыр.
«Үкіметтен әрбір қызметкерге «Қоғамдық жұмысшы» ретінде субсидия аламыз және істеген жұмысына қарай үстемақы төлейміз. Былтыр қаңтарда жұмысқа адам қабылдай бастағанда, бұл кісілер 3-ші топ мүгедектігімен 45 мың теңге әлеуметтік көмек алатын еді. Бүгінгі таңда әлеуметтік көмекке қоса біздің кофехана айлығы қосылды. Бұрын маған жұмысқа келген қыздардың көбісі кафелерде еден, ыдыс жуатын еді. Бізге келгелі мамандық игеріп, жұмыстарын жап-жақсы атқарып жүр», - деді Бибігүл Рамазан.
Кесте бойынша екі күн жұмыс, екі күн демалыс беріледі. Мұнда мүмкіндігі шектеулі жандарға қойылатын қатаң талап жоқ. Ұжымның 80 пайызы 20-30 аралығындағы жастар.
«Жұмысқа келген әрбір жасты өзіміз өмірге икемдеп, бейімдеп, тәрбиелеп жатырмыз. Бізде де ұжымдық отырыстар, тимбилдингтер болып тұрады. Қиындығы да жоқ емес. Алғашында бір-біріне көмектесу дегенді білмейтін. Оның бәріне түсіністікпен қарап, үйретіп отырамыз. Бүгінгі таңда мен олардың екінші анасымын. Ұлдарымызды ұяға, қыздарымызды қияға қондырып отырған жайымыз бар. Бір ерекше ұжым болып қалыптасып қалдық. Астанадан келген Мақсат есімді ыдыс жуушы балам бар. Алаяқтарға алданып, 2 млн теңгесінен айырылған. Каспий голд картасы бұғатталған еді. Былтыр Ораза айында Facebook-гі достарыма «Мақсатқа пітір садақа беріңдер!» деп жаздым. Бір айда біз Мақсаттың 2 млн 15 мың теңге несиесін жауып, картасын қайта аштық. Қазір ол баланың басында несиесі жоқ. Еламан деген бариста баламды үйлендірдім. Келіншегі Айнұр Алматының тумасы, ол да туабітті сөйлемейді, қазір бізде жұмыста.
Өз қызметкерлерімнің тұрмысы, отбасы туралы хабардармын. Бұл ұжым – менің балаларым. Мұнда жүрген әрбірі жан өзіме ыстық»,- деді ол.
Кәсіпкер мүмкіндігі шектеулі адамдарды өзі курстан өткізіп, керек мамандықты оқытып алады. Бибігүлдің сөзінше, туабітті құлағы естімейтін, сөйлемейтін жандардың білім деңгейі төмен. Оларға арналған тек бір ғана колледж бар, игеретін мамандықтары - тігінші, аспаз.
«ЖОО-да бұл азаматтарға орын жоқ. Мысалы, Беларусьте мүмкіндігі шектеулі жандар ЖОО-да білім алып шыға алады. Бізге сол тәжірибені неге енгізіп көрмеске? Олар да университеттерде оқығысы келеді», - деді ол.
Ақтаулық әйел әлеуметтік кәсіпкерліктің елімізде өркендеуін қолдайды. Өз де бір жобамен тоқтап қалғысы келмейтінін айтты.
«Бұйыртса, тігін цехын іске қосуды жөн көріп отырмыз. Жергілікті NCOC компаниясына жоба ұсындық. Олар 20 туабітті құлағы естімейтін, сөйлемейтін жанды жұмыспен қамтитын тігін цехына жабдық алып беруге қаражат бөлді. Жақында жабдықтар келеді. Бүгінгі таңда осы жобама дайындық үстіндемін. Мұнайлы ауданынан туабітті құлағы естімейтін, сөйлемейтін 6 адамның құжаттарын рәсімдеп жатырмын.
Мұнайлы ауданы - Ақтау қаласының іргесінде орналасқан аудан. Қандастарымыздың көбісі сол ауданда шоғырланған және сол аймақта туабітті құлағы естімейтін, сөйлемейтін адамдар көп»,-деді спикер.
Әлеуметтік кәсіпкерлік математика пәнінің мұғалімі мамандығын бітірген. Бүгінгі таңда Маңғыстауда 13 әлеуметтік кәсіпкер реестіріне тіркелген. Министрліктің ақпаратына сүйенсек Маңғыстауда туа бітті сөйлемейтін, құлағы естімейтін 1125 адам тіркелген екен.
Үкімет тарапынан әрбір ерекше жанға сурдоперевод қызметші жұмыс жасайды. Бұндай жандар ауырғанда дәрігерге еріп барады, жұмысқа орналастыру кезінде жанында сурдоаудармашы еріп жүреді.