$ 518.31  567.96  6.03
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Елімізде 201 отбасы ата-ана құқығынан айырылуы мүмкін – Серікбаева

Мыңнан астам ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылған

Елімізде 201 отбасы ата-ана құқығынан айырылуы мүмкін – Серікбаева
Фото: freepik.com

ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақмарал Серікбаева елімізде бала тәрбиесі бойынша 8 мың ата-ана есепте тұрғанын айтты, деп хабарлады Azattyq Ruhy.

«Бақылау барысында белгіленген шектеулердің 1,5 мың бұзушылығы анықталды. Қорғау нұсқамасын бұзғаны үшін 557 агрессор және мінез-құлыққа қойылған ерекше талаптарды орындамағаны үшін 531 құқық бұзушы қамауға алынды. Өз балаларын тәрбиелеу бойынша міндеттерді орындамайтын 8 мың ата-ана есепке қойылды», - деді Серікбаева.

Ол атағандай, оның ішінде 1 057 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

«201 факті бойынша кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияға ата-ана құқығынан айыруға материалдар жіберілді. Мысалы, Петропавлда жас ана емханаға шақырылған уақытта баласын алып келмей жүргені туралы педиатрдан хабарлама келіп түсті. Тексеру кезінде жас ананың ішімдік ішкені, нәрестенің шұғыл көмекке мұқтаж екені белгілі болды. Полиция баланы нәрестелер үйіне орналастырып, ал анасын нарколог дәрігердің есебіне қойды және әкімшілік жауапкершілікке тартты», - деді Серікбаева.

Оның айтуынша, сот шешімі бойынша алкоголизммен ауыратын 206 адам наркологиялық ұйымдарға мәжбүрлеп емдеуге жатқызылды.

«Жүктелген міндеттерден қасақана жалтарғаны үшін сотталған 101 адамға қатысты, соттарға жазасын өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босатудың күшін жою туралы ұсынымдар жіберілді. 34 шартты түрде мерзімінен бұрын босаған адамға қатысты өтініш қанағаттандырылып, бас бостандығынан айыру орындарына қайтарылды. Бұрын сотталған 91 адамға қатысты қоғамдық тәртіпті бірнеше рет бұзғаны үшін соттар ішкі істер органдарының өтінішхаты бойынша әкімшілік қадағалау белгіледі. Үкіметтік емес ұйымдармен тығыз қарым-қатынас орнатылды. Қоғам белсенділері мен еріктілерді тарта отырып, 5 мың дәріс, тренингтер мен семинарлар өткізілді», - деді ол.

Серікбаеваның айтуынша, дағдарыс орталықтарында тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен 600 адамға көмек көрсетілді.

Авторы: Аягөз ҚҰРМАШ 

Серіктес жаңалықтары