Көкшетауда жеті жыл бойы мектеп салған құрылысшылар шу шығарды

Azattyq Rýhy

Мердігерді іздеп таппаған құрылысшылар сотқа да жүгінбек болған

Көкшетауда жеті жыл бойы мектеп салған құрылысшылар шу шығарды
Фото ашық дереккөзден

Көкшетаудағы «Құлагер» шағын ауданынының тұрғындары жаңа мектепті жеті жыл күтті. Осы жылдар бойы мемлекет тапсырысымен салынып жатқан нысанның бағасы да қайта-қайта өзгеріп, бір жарым миллиардқа жетті. Тіпті жобасы дұрыс жасалмай, құрылысы тоқтап қалған да кезі болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК арнасына сілтеме жасап.

Тек өткен қыркүйекте ғана қаланың әр мектебінде оқып жүрген 500-ге жуық оқушыға жаңа мектеп есігін айқара ашты. Бірақ, мұнымен бұл құрылыстың маңайындағы шу басылмапты. Енді құрылысшылары мердігерді іздеп әуре болып жүр.

 «Зейнетақы қорына аудармаған, медициналық сақтандыру жоқ. Тіпті табыс салығына дейін төленбеген. Міне, мына тұрған адамдар бәрі жұмыс істеді. Ақыры бір тиынсыз қалды. Сонда мемлекеттен осыншама қаражат төленіп, оны ешкім тексермей ме? Мектеп тапсырылды, оған толық төленді ғой», - дейді құрылысшы Таңат Әлібеков.

 «Біз мектепті тапсырғанға дейін бел жазбай еңбек еттік. Ол кезде әкімдер жиі келетін. Маған, мәселен, 17 миллион теңге қарыз. Мен мына тұрған сылақшы әйелдерге беруім керек, олар менен сұрайды. Миллиардтан аса қаражат сұмдық ақша ғой. Біреу жауап беру керек қой!», - дейді жеке кәсіпкер Ольга Әбілова.

Мердігерді іздеп таппаған құрылысшылар сотқа да жүгінбек болған. Бірақ оларға қажет қағаздарды мердігердің әйелі бермей қойған. Себебі ол компанияның кадр бөлімін басқарады дейді жиналған жұрт. Ал сотқа да, еңбек инспекциясына да жүгіну үшін құжат керек.

 «Серіктестікте жұмыс істейтін 11 адам 2022 жылы ұжымдық шағым түсірген. Сол шағым бойынша еңбек инспекциясы тексеріс жасап 5 миллион 200 мың теңге жалақы төленді.Серіктестікке айыппұл салынды. Одан кейін прорабтың заңгері келді. Бірақ құжаттар толық болмай, оларға уақыт бердік», - дейді Ақмола облысы еңбек инспекциясы жөніндегі басқарманың басшысы Амангелді Смайылов.

Бұл құрылысшылар Көкшетауда жаңа салынған мектеп, балабақшаларда жұмыс істеген. Бірақ ешбір мердігер ақысын жемепті. Енді Владимир Пинчукті іздеуге мемлекет ақшасын төлеген әкімдік те көмектессе дейді. Мердігер компанияның басшысы Владимир Пинчукт ешбір ақпарат бермейтінін айтты. Құрылысшылардың жалақысын наурызға дейін төлеймін деп уәде берді. Білуімізше, компания Ақкөл кентінде де екі ғимараттың құрылысын бастап, қаржылай қиындықтан тоқтап қалған.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.