$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Ескерткіш ашылады»: Алматы облысында Бердiбек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған кеш өтті

Нарынқол ауылындағы саябаққа Бердібек Соқпақбаевтың аты беріледі 

«Ескерткіш ашылады»: Алматы облысында Бердiбек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған кеш өтті
Фото: Әсет Құндақбаев

Қонаевта қазақ әдебиетiнің классигi, көрнектi жазушы Бердiбек Соқпақбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай салтанатты кеш өттi, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

Мерекелік шараға Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев пен жазушының қызы Самал Соқпақбаева, ҚР Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов, ақын-драматург, мемлекет және қоғам қайраткері ҚР Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрлан Оразалин, қазақ баспасөзінің айтулы ақсақалы, өткір публицист, Қазақстан жазушылар одағы деректі проза кеңесінің төрағасы, профессор, академик, белгілі журналист Марат Тоқашбаев, ҚР Президентінің Кеңесшісі Отарбаев Мәлік Нұржанұлы, ақын, ҚР Парламент мәжілісінің  депутаты Жанарбек Әшімжан, “Менің атым Қожа” филімінде Қожаның рөлін сомдаған актер Нұрлан Сегізбаев қатысып құттықтауларын арнады.

«Жарты ғасырдан аса уақыт өтсе де, бұл кино көрерменнің ыстық ықыласына ие болып келеді. Бердібек Ыдырысұлының «Балалық шаққа саяхат», «Менің атым Қожа», «Өлгендер қайтып келмейді» сынды өміршең шығармалары бірнеше буын ұрпақты тәрбиеледі. Қаламгердің тамаша туындылары әлі де жас буынның кәдесіне жарап, рухын жанып, өмірге деген құлшынысын арттырып, әділдік үшін күресуге үндеп келе жатыр. Қазақ руханиятына өшпес мұра қалдырған жерлесімізді әлем мойындап, мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде тойланбақ. Бұл – ең алдымен жазушыға деген, тұтастай алғанда елімізге деген үлкен құрмет», - деді құттықтау сөзінде Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев.

Салтанатты іс-шараның мерекелік бөлімінде елімізге танымал эстрада әншілері Мейрамбек Бесбаев, Мадина Садуақасова, «Қоңыр» тобы, «Жігіттер» тобы, опера әншісі Есеңгелді Ырза, дәстүрлі әнші Құрметжан Ербақ, «Сенім» балалар хорының әндерімен көпшіліктің көңілі тербелді, концерт актерлық құрамның қойылымдарымен аяқталды.

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Райымбек ауданының орталығы Нарынқол ауылындағы Бердібек Соқпақбаевтың аты берілетін саябақта жазушының еңселі ескерткіші бой көтеретінін айтты. Қаламгердің туған ауылы Қостөбе абаттандырылып, инфрақұрылымы жөнделеді деп уәде етілді.

«Ағамыздың «Өлгендер қайтып келмейді» романы түрік тіліне аударылып, тұсаукесері «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының қолдауымен Түркия мемлекетінің астанасы Анкара қаласында өткізу жоспарланып отыр. Жазушының өмірі мен шығармашылығын жан-жақты насихаттау мақсатында Астана қаласында «Бердібек Соқпақбаев – балалар әдебиетінің классигі» атты кітап көрмесі өткізіліп, деректі фильм түсіріледі», - деді облыс әкімі.

Қазақ әдебиетінің қайталанбас тұлғасы Бердібек Соқпақбаев – ұлт әдебиетін әлемдік деңгейге көтерген қаламгеріміздің бірі және бірегейі. Жазушының қаламынан туған «Менің атым Қожа» повесі әлемнің бірнеше тіліне аударылған. Оның желісімен «Қазақфильм» студиясы түсірген фильм Францияның Канн қаласында жылда өтетін беделді халықаралық кинофестивальде 1967 жылы арнайы жүлдемен марапатталған.

Серіктес жаңалықтары