Экологияны ластаған кәсіпорындарға қанша айыппұл салынды

Автор: Аягөз Құрмаш

Былтыр өндірістік кәсіпорындарға 652 тексеру жүргізілген

Фото: AMANAT партиясының баспасөз қызметі

«AMANAT» партиясына қарасты Экологиялық кеңестің отырысында өндірістік кәсіпорындардан шығатын қалдықтар мәселесі талқыланды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2023-2029 жылдарға арналған «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» Қазақстан халқына сайлауалды бағдарламасында еліміздің өнеркәсіптік кәсіпорындарындағы экологиялық бақылауды күшейту есебінен ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарының шығарындыларын 20%-ға азайту жөніндегі негізгі индикаторларды жариялады.

Қазақстандағы негізгі экологиялық проблемалар – атмосфералық ауаның, су ресурстарының ластануы және қалдықтардың пайда болуы.

Сондай-ақ «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасының Жол картасында кәсіпорындардың экологияға әсер ететін қалдықтары мен ірі кәсіпорындарда зиянды қалдықтар көлемін анықтайтын автоматтандырылған жүйені орнату мәселелері қарастырылған.

Экология және Табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев өндірістік кәсіпорындар өткен жылдары қанша қалдықты сыртқа шығарғаны жайлы айтып берді.

«2023 жылдың қорытындысына сәйкес шығарындылар бойынша нормативтердің 3,3%-ға және төгінділер бойынша 8%-ға төмендеуіне (2022 жылмен салыстырғанда – авт.) қол жеткізілді. Шығарындылар лимиті мына кәсіпорындарда барынша азайғаны байқалады: НКОК 12,4 мың тоннаға немесе 34% - ға, «АрселорМиттал Теміртау» (қазіргі Qarmet - авт.) жылына 40 мың тоннаға немесе 16%-ға, «Астана энергиясы» АҚ-ның жылына 14,6 мың тоннаға немесе 22%-ға, «Kazakhmys Smelting» ЖШС Балқаш мыс балқыту зауыты жылына 14,1 мың тоннаға немесе 18%-ға азайған», - деді Ошурбаев.

Вице-министр атағандай, эмиссияларды төмендету мәселелері тұрақты негізде қаралады.

«Соңғы 2-3 жылда нақты жүктемені ескере отырып, СЭС кезеңінде эмиссиялардың нормативтік көлемі төмендетілді. Жылдан жылға Қазақстан бойынша эмиссиялардың белгіленген лимиттер мен кәсіпорындардың нақты эмиссиялары арасында айтарлықтай айырмашылық байқалады. Көрсеткіштер 5 жыл бұрынғы деңгейде сақталды, дегенмен нақты эмиссиялар лимиттерден 2 есе төмен. Бүгінгі таңда Салық кодексінің 576-бабына сәйкес станциялық көздерден шығарындылар үшін төлемақы ставкалары ластаушы заттардың 16 түріне белгіленген. Қалған заттар бойынша эмиссиялар үшін төлемақы ставкалары жоқ», - дейді Ошурбаев.

Ол атағандай, экологиялық заңнаманың сақталуын бақылау мақсатында инспекциялық қызмет 2023 жылы 652 тексеру жүргізген.

Тексерулердің ең көп саны:

  • Түркістан облысы – 107;
  • Қарағанды облысы – 70;
  • Шығыс Қазақстан облысы – 64.

«Тексеру нәтижелері бойынша 1679 заңбұзушылық анықталды, оларды жою туралы 628 ұйғарым берілді. Жалпы сомасы 322,9 млрд теңгеге 2138 әкімшілік айыппұл салынды, оның ішінде 11,3 млрд теңге мөлшерінде 1834 айыппұл өндірілді. 311,6 млрд теңге сомасына 304 айыппұл орындалып жатыр», - деді Тимур Ошурбаев.

Экологиялық ұйымдар қауымдастығының басқарма төрағасы Айгүл Соловьева Президент ESG ұстанымдарын енгізу қажетін айтқанын жайлы және осы мәселе қалай жүзеге асырылып жатқаны жайлы сұрады.

Бұл сауалға қатысты Мансұр Ошурбаев еліміздегі 100-ден астам кәсіпорын ESG бағытын ұстанатынын айтты.

«ESG бағытының тәжірибесі бойынша өзіндік, яғни қазақстандық стандартты әзірлеу жүзеге асырылып жатыр. Министрлік арқылы оның әзірленуіне қаражат қарастыру көзделуде. Біз өз кезігімізде отандық құжаттың болуын қолдаймыз. Бірақ оны әзірлеп, кейін сұрақтар болмас үшін оны талқылау керек. Бұл мәселені болашақта қарастырамыз», - деді ол.

Атырау мұнай өңдеу зауыты директорының өндірістік орынбасары Әділет Шошанбасов зауыт экологиялық талаптарды қалай ұстанатыны жайлы айтып берді.  

«Атырау мұнай өңдеу зауыты экологиялық жағдайды жақсарту үшін жылдан-жылға жұмысты жақсартып келеді. Біздің зауыт 1945 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Зауыт 5,5 тонна мұнайды өңдейді. Мұнай өңдеудің барлық түрі бар. Өндірісте 2500 адам еңбек етеді. Зауыт Атырау облысы бойынша экономиканың дамуына қосатын үлесі зор. Салық төлеу жағынан көшбасшы болып отырмыз. Атмосфера мен суға шығаратын қалдықтар мен парниктік газдар бойынша мәселе бар. Лимит бар, ол өте жоғары. Біздің көрсеткіштеріміз одан әлдеқайда төмен. Біздегі кейбір қондырғылар іске қосылмайды. Барлығы 24 өндірістік қондырғы бар. Олардың барлығы жұмыс істесе, лимитке жақындаймыз. «Жасыл Қазақстан» жобасы аясында біздің зауыт алдағы 3 жылда экологияға шығатын шығарындыны 22 пайызға дейін төмендетуіміз керек. Ол үшін бірқатар жобаны жүзеге асырып жатырмыз», - деді ол.