«Жер сілкінісіне дайын болу мәдениеті қалыптасуы керек»: Базарбек апаттан қорғану жайлы

Аягөз Құрмаш

Ол құзырлы органдар оқыс жағдайға дайын болуы керек екенін айтты

«Жер сілкінісіне дайын болу мәдениеті қалыптасуы керек»: Базарбек апаттан қорғану жайлы
Фото ашық дереккөзден

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Алматыдағы жер сілкінісі кезінде болған олқылықтарды атап, дайындық қажет екенін жеткізді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Әріптестер, жер сілінісі – айтып келмейтін апат. Сондықтан біздің ел зілзала апатына дайын ба?! Біле білсеңіздер, бұл көп адам шығынына әкелетін қауіп-қатер. Сондықтан оған әркез сақадай сай дайын болған жөн. Бұған бүгін Алматыда болған жер сілкінісі куә. Алматылықтар ықтимал жер сілкінісі туралы хабарлама алмады. Тұрғындар басында әбігерге түсті. Бойын үрей билеген халық жапатармағай сыртқа ұмтылды. Тіпті көпқабатты үйлердің терезесінен секіруге дейін барды»,- деді Базарбек.

Депутат атағандай, көліктерімен қала сыртына шығып кетпек болғандарда есеп жоқ.

«Оның соңы ұзынсонар кептеліске ұласты. Бұл – еліміздің ең үлкен қаласы, жан-жақты дамыған, инфрақұрылымы мықты Алматыдағы жағдай. Абырой болғанда, ғимараттар құламады, адам шығыны жоқ. Десе де, мұндай жағдайдың қайталанбасына кім кепіл?! Әсіресе, еліміздің таулы аймақтарында, жерасты қазына ын өндіріп жатқан өндірісті өңірлерде зілзала қаупі жоғары. Сондықтан Төтенше жағдай министрлігі мен басқа да тиісті мекемелердің зілзаладан қорғану бойынша жұмыстарын мұқият қайта қараған жөн.

Сонымен бірге, тұрғындар арасында да зілзаладан қорғану шаралары бойынша оқу, жаттығу жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп отыру керек»,- деді ол.

Депутат атағандай, фейк ақпараттарға сенгіш халықты қорқыныш биледі.

«Барлық жағдай да өтірік ақпарат тез тарап кететіні бар. Азаматтар тек ресми ақпаратты ала білуі қажет, әрбір тараған материалды жан-жақты тексеруіміз керек. Сол үшін бізде апатқа дайын болатындай мәдениет қалыптасуы тиіс», - деді ол.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.