«9 млн теңге, жаңа атақ және сақтандыру»: Асхат Аймағамбетов заң аясында дәрігерлерді қорғайтын тетіктерді атады

Аягөз Құрмаш

Заң жобасы дәрігер мен науқастың құқығын қорғауда тепе-теңдікті ұстанады

«9 млн теңге, жаңа атақ және сақтандыру»: Асхат Аймағамбетов заң аясында дәрігерлерді қорғайтын тетіктерді атады
Коллаж: Azattyq Ruhy / Әбілқасым Есентаев

Енді ауылға барып жұмыс істегісі келетін дәрігерлерге бір реттік көтерме ақы ретінде 9 млн теңгеге жуық қаражат төленеді. Бұл нормалар жаңа заң аясында қарастырылған, деп хабарлады Azattyq Ruhy.

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы заңының жобасы Сенатқа жолданды.

Заң медицина қызметкерлерінің мәртебесін қалай көтереді? Медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігі қалай сақтандырылады? Ауылға барған дәрігерлерге бір реттік қанша қаражат төленеді? Науқастарға сақтандыру төлемдері қандай жағдайда беріледі? Осы және өзге де сұрақтарға Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов жауап берді.

РЕФОРМАЛЫҚ ЗАҢ ЖОБАСЫ АЯСЫНДА НЕ ӨЗГЕРЕДІ?

Депутаттың айтуынша, мақұлданған заң жобасы өте маңызды. Оны реформалық деп те атауға болады.

«Заң жобасында медицина қызметкерлерінің әл-ауқатын арттыру мен әлеуметтік қорғау бойынша бірқатар маңызды норма қарастырылды. Осыдан екі жыл бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев медицина қызметкерлерінің мәртебесін арттыру бойынша тапсырма берген болатын. Депутаттар ол мәселені көп талқыдан өткізіп, біраз жақсы нормалар қабылданып, міне заң жобасы Сенатқа жолданды. Заң жобасының екінші бағыты – медицина қызметкерлерінің сақтандырылуы. Бұл да өте маңызды», - деді Аймағамбетов.

Депутат атағандай, сақтандыру дәрігерлердің қызмет көрсетуі барысында азаматтардың денсаулығына нұқсан келтірілген жағдайында іске асырылады. Ол үшін медициналық инцидент болмауы керек.

«Осындай жағдайда азаматтарға болған жағдайдың өтемақысы беріледі. Себебі қазіргі жүйе бойынша медициналық қызмет кезінде азаматқа нұқсан келтірілсе, ол сотқа жүгінеді. Ал сотқа әр азамат бара бермейді. Ол сауаттылыққа, уақытқа байланысты. Оған қоса ол өте қиын қағазбастылыққа толы жүйе. Сондықтан біздің алдымызда тепе-теңдікті сақтау мәселесі тұрды. Бір жағынан дәрігерге тиісті қолдау көрсету. Екінші жағынан 20 млн азаматты қолдау. Бұл азаматтар енді денсаулығына нұқсан келген жағдайда сотқа жүгінбей қаржы алады деген сөз емес, енді әр медициналық ұйымның деңгейінде тәуелсіз сарапшылық комиссиялар құрылады. Сол медицина ұйымының деңгейінде азаматқа нұқсан келтірілсе, ол сол жерде өтініш бойынша құрылған комиссияның шешімі арқылы сақтандыру компаниясынан шотына ақашаны түсіріп алады», - деді депутат.

ҚАНДАЙ ЖАҒДАЙДА ДӘРІГЕР МЕН НАУҚАС САҚТАНДЫРЫЛАДЫ?

Депутаттың сөзінше бұл қазіргі жүйені өте қарапайым етуге мүмкіндік береді. Айтуынша, азаматтарға қолжетімді әрі дәрігерлерге де тиімді болады. Себебі, қазір азаматтар сот арқылы нәтижеге жетпеген соң, дәрігерлерді құдалап, оларды қылмыстық жауапкершілікке тартуға тырысады. Ол дәрігер 1-2 жылын осы жағдайларды шешуге жұмсайды. Сондықтан осыған дейінгі жүйе дәрігерлерге де, азаматтарға да тиімді болмады. Бұл Қазақстанда ғана пайдаланып отырған жүйе емес, дамыған мемлекеттерде қабылданған, бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан жүйе. Дәрігерлердің кәсіби жауапкершілігі сақтандырылады. 

Асхат Қанатұлы сақтандыру медициналық инцидент болған жағдайда қалай жұмыс істейтінін айтты.  

«Мысалы, бір азаматқа донор тауып бүйрегін ауыстыру керек болып ол барлық хаттамаға сай орындалса, бірақ физикалық ерекшеліктерге байланысты ол бүйректі дене қабылдамаса дәрігердің кінәсі жоқ болып есептеледі. Бұл жерде науқасты сақтандыру да жүзеге асырылмайды. Тағы бір кейсті айтатын болсам, бір науқасқа ота жасау кезінде дәрігердің салғырттығы бойынша денесінде бір зат қалып қойса, бұл қылмыстық жауапкершілік болады. Ол маман өз бетінше жауапкершілікке тартылады. Ал науқастың одан әрі емделуіне, қалпына келуіне төленетін қаржыны сақтандыру компаниясы береді. Яғни, науқас 2-3 жыл қылмыстық істің аяқталуын күтіп жүрмейді», - деді депутат.

Депутат тағы бір медициналық оқиғаға қатысты болуы мүмкін мысалды келтірді. Мәселен, науқасқа ота жасау кезінде оның іші іріңге толы болса, дәрігер науқастың бір мүшесін кесіп тастауға шешім қабылдауы мүмкін. Оны «адал қателік» деп атайды. Мұндай жағдайда дәрігерге қатысты қылмыстық істер болмаса да, науқасқа төленетін залал дәрігердің қалтасынан емес, сақтандыру компаниясынан төленеді. Депутаттың айтуынша, азаматтарға заң аясында 3 тетік қарастырылған.

«Азаматтар комиссияға емес, сотқа жүгінем десе өз еркі. Біз ол норманы қалдырдық. Екінші жағдайда науқас ДСМ-ге жүгініп, тексеріс жүргізуін қаласа да жүзеге асыра алады. Бұл мүмкіндікті де біз қалдырып отырмыз. Яғни, азаматтардың құқығы жан-жақты қорғалады. Тиісті құжат түскен соң комиссия 3 күн ішінде құрылуы керек. Кейін ол комиссия 5 күн ішінде тиісті шешімді қабылдауы керек. Бұл жерде азаматтарды да, дәрігерлерді де қолдау бойынша тепе-теңдікті ұстану керек. Заңда осы мәселе қарастырылды», - деді ол.

ДӘРІГЕРЛЕРГЕ 9 МЛН ТЕҢГЕГЕ ЖУЫҚ ҚАРАЖАТ ҚАНДАЙ ЖАҒДАЙДА БЕРІЛЕДІ

Депутат медицина қызметкерлеріне балаларын балабақашаға беру кезінде басымдық берілетінін айтты.

«AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында біз сайлаушыларға енді ауылға баратын мамандарға, жас дәрігерлерге бір мезгілдік көтерме ақы береміз деп айтқан болатынбыз. Біз қазіргі уақытта өзіміздің берген уәдемізді орындадық. Заң жобасы қабылданды. Медицина саласы бойынша ауылға барған жас маман бір дегенде 100 ең төменгі жалақы аясында көтерме ақы алады. Ауылға барғанда ынталандыратын «Дипломмен ауылға» сынды бағдарламалардан бөлек осындай көтерме ақы төленеді. Яғни, ауылдағы медицинаны дамытып, кадр тапшылығы мәселесін шешу үшін 9 млн теңгеге жуық көтерме ақы төленеді. Жаңадан ауылға келген маман үшін 9 млн теңге беру өте жақсы қолдау деп білеміз. Әрине, ол үшін жас мамандар барған ауылында 5 жыл жұмыс істеуі керек», - деді Аймағамбетов.

Оған қоса депутат көтерме ақы ең төмен жалақы көрсеткіші бойынша неге есептелгенін де түсіндіріп өтті.

«Ең төменгі жалақы  - 85 мың теңге. Жыл сайын ол көтеріліп отыр. Осыған дейін оның көлемі 65 мың болған. Демек, 1-2 жылдан кейін дәрігерлердің алатын көмегі шарықтап кетеді. Сондықтан «AMANAT» партиясы өз уәдесін толық орындады деп айтуға болады. Бұл ауылдық жердегі дәрігер мамандардың тапшылығы мәселесін шешуге септігін тигізуі керек», - деді Асхат Аймағамбетов.

Депутат басты мәселе ауылдарға мықты мамандардың келуін ынталандыру екенін айтты.

«Қазірдің өзінде 3 жыл өз бағыты бойынша жұмыс істеуі керек деген міндет бар. Қазір біз 5 жыл жұмыс істеп, 9 млн теңге ұсынып отырмыз. Көтерме ақы алған соң сол ауылда еңбек етуі керек», - деді депутат.

Асхат Аймағамбетов атағандай, сақтандыру көлемі нақты келтірілген нұқсанға байланысты болады.

«Соттардың шешіміне қарайтын болсақ, сақтандыру көлемі сот тәжірибесінде бекітілген өтемдермен салыстырғанда әлдеқайда жоғары болып отыр. Мысалы, бірінші топтағы мүгедектікке алып келетін болса 800 АЕК, егер үшінші топтағы мүгедектік болса 500 АЕК төленеді. Мүгедектікке әкелмейтін, денсаулыққа жай нұқсан келтірілсе, 300 АЕК-ге дейін шығын деңгейіне қатысты болады. Осы арқылы дәрігерлердің құқығын қорғап, мәртебесін өсіру көзделген. Себебі көп науқас шығынын өтелгенін қалайды. Бұл бастама арқылы бірқатар мәселе шешіледі деп ойлаймыз», - деді ол. 

ДӘРІГЕРЛЕРГЕ ЖАҢА АТАҚ БЕРІЛЕДІ

Депутат дәрігерлерге «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» деген жаңа атақ берілетінін айтты.

«Бұл - Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы болды. Бұл атақпен қоса 1000 АЕК-пен тең бір мезгіл көтерме ақы беріледі. «Үздік маманға» 500 АЕК үстемақы беріледі. Бұл өте маңызды шешім деп айта аламыз. Коронавирус кезінде біз дәрігерлердің шығынын көрдік. Енді заңда егер осындай індет кезінде дәрігерлер қаза болса немесе мүгедек атанса, олардың балаларына біздің ЖОО-да оқу үшін ешбір емтихансыз грант беріледі. Бұл да дәрігерлерді қолдаудың өте маңызды бір тетігі деп білеміз», - деді Аймағамбетов.

Оған қоса ол сақтандыру қаражаты қандай көзден бөлінетінін түсіндіріп берді.

«Осыған дейін дәрігер қалтасынан сақтандыруға 50 пайыз жарнаны өзі төледі. Ал 50 прайызын мекеме төледі. Біздің ойымызша, бұл әділетсіз. Себебі заң жобасы дәрігерлердің мүддесін қорғауға бағытталған. Біз осы бойынша түзету енгіздік. Оны Үкімет те қолдады. Бюджеттен қосымша қаражат бөлінеді. Сақтандырудың құны 100 пайыз бюджеттен мекеме тарапынан төленеді. Себебі, біздің елде нейрохирург, гинеколог-акушерлерде тәуекелдер жоғары. Ал терапевтерде тәуекелдер салыстырмалы түрде төмендеу. Осы дәрігерлер неге көбірек ақша төлеуі керек? Сол үшін де қолдау ретінде енгіздік», - деді Аймағамбетов.

Ол медициналық қызметтердің сапасын арттыратынын да айтты.

«Осыған дейін мен айтқан «әттеген-айлар» мен адал қателер көрінбейтін еді. Жабулы қазан жабық күйінде қалды. Ал олар көрінбеген соң жұмыс жүргізілмейді. Әрине, жұмыс болмаса, сапа да жақсармайды. Сондықтан олардың барлығы бойынша реестр болады. Осы қателер бойынша дәрігерлердің біліктілігін көтеру кезінде ескеріледі. Дәрігерлердің біліктілікті арттыру курсына өзгерістер енгізіліп, қате кеткен мәселе талқыланады, оқытылады. Бұл бойынша медициналық ЖОО-ларда да тәжірибелер енгізіледі», - деді Асхат Аймағамбетов.

Депутат МӘМС азаматтардың мәселесі екенін айтты.Ол науқастарды залалдан сақтандырмайды. Біз айтып отырған мәселе алдымен медицина қызметкерлерін сақтандырады. Екіншіден, біздің азаматтарды да сақтандырады. Егер азаматтың денсаулығына кінәрат келсе, тек осы бағыт бойынша шығынды өтеп алады. Заңды Сенат қабылдаған соң жұмысқа кіріседі.

 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.