Қазақстанда 1,6 млн-нан астам адам қолайсыз немесе зиянды жағдайда жұмыс істейді
Зиянды еңбек жағдайы ауруға немесе еңбекке қабілеттіліктің төмендеуіне әкелуі мүмкін
Еңбек заңнамасына сәйкес зиянды және қауіпті еңбек жағдайлары бар жұмыстарда еңбек ететін қызметкерлердің кепілдіктер мен өтемақыларға құқығы бар, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Экономикалық зерттеулер институтының жетекші сарапшысы Дина Бектлееваның мәліметінше, 2022 жылы зиянды және қолайсыз еңбек жағдайларында жұмыс істегені үшін төленген өтемақы шығындарының сомасы 207 631 7 млн теңгені құрады.
Қазақстанның бес өңірінде жұмыспен қамтылғандардың төрттен бірінен астамында зиянды және қолайсыз еңбек жағдайлары бар.
«Статистика деректері бойынша 2022 жылы Қазақстанда зиянды және қолайсыз еңбек жағдайларында жұмыс істейтін жұмысшылар саны 1,6 млн-нан астам адамды немесе барлық жұмыспен қамтылған халық санынан 18,6% құрады, бұл 2021 жылдан 30,0 мыңға жуық адамға (1,8%) артық. Мұндай жұмыстармен қамтылған халықтың басым бөлігі еңбек ететін өнеркәсіптік өңірлер: Ұлытау облысы – 40,3%, Атырау облысы – 38,8%, Павлодар облысы – 27,0%, Қарағанды облысы – 26,5%, Маңғыстау облысы – 25,5%», - дейді Дина Бектлеева.