$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Алматы мен Жетісу облыстарында мыңдаған адам айлығын ала алмай отыр – депутат

Жүздеген жүгері шаруашылығы қарызға батқан

Алматы мен Жетісу облыстарында мыңдаған адам айлығын ала алмай отыр – депутат
Коллаж: Azattyq Ruhy / Әбілқасым Есентаев

Мәжілістің кеңейтілген отырысында Алматы және Жетісу облыстарының шаруаларының жай-күйі көтерілді. Депутат, AMANAT партиясы фракциясының мүшесі Болат Керімбектің айтуынша, мыңдаған адам жалақысын ала алмай, көмек сұрап отыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

«Жүгері өндірісі – өсімдік шаруашылығының басқа да бағыттары сияқты нарықтық экономика принциптеріне тәуелді сала. Мүмкін солай да болар, бірақ нарықтық принциптерге еш ықпал етпей, баға еркіндігіне ғана иек артып отыратын болсақ, осы екі өңірде туындаған жүгері мәселесін қалай шешпекпіз? Мыңдаған адам жалақысын ала алмай отыр, жүздеген шаруашылық қарызға батқан. Онымен қоса, нарықтың жолымен жүру үшін, ең алдымен сол нарықтың тиісті деңгейде қалыптасуын қамтамасыз ете алдық па? Жоқ! Өкінішке қарай, әзірше Жетісу мен Алматы облыстарында жүгері нарығы толығымен қалыптасты деп айтуға келмейді», - дейді депутат.

Бұл облыстарда нарықтық инфрақұрылым жоқ. Жүгеріні терең өңдеу зауыты өндіріс ошақтарынан тым алыс.

«Логистика дамымағандықтан оның құны қымбат. Цифрландыру саласын дамытсақ та, форсайттық зерттеулерге қаражат бөлсек те, қай өнімді егу тиімді екені туралы нақты бағыт-бағдар берілмейді. Ресей жүгерісінің Қазақстанға жаппай ағыла түсу тәуекелдері мемлекет тарапынан терең зерделенбегені айдай анық. Қытайға сату қиындықтары мен баж салығының бар екенін де естен шығармайық», - дейді депутат.

Аталмыш өңірлерге іссапармен барып келген депутаттар тобы мына деректерді келтірді: қазіргі таңда Жетісу облысында 125 мың тонна, ал Алматы облысында 30 мың тоннаға жуық жүгері сатылмай отыр. Оның 10 пайызы ылғалдылықтың кесірінен қамбаларда қызып, шіруге жақын тұр. Көгеріп мал азығына да жарамай қалған жүгері жетерлік.

«Біздің қатысуымызбен Алматы мен Жетісу облыстарының әкімдері Ауыл шаруашылығы министрімен кездесу өткізді. Ол жиналыста шаруалар да өз талаптарын жеткізді.  Айта кету керек, Жетісу мен Алматы облыстарының да, Ауыл шаруашылығы министрлігінің де қосымша бөлетін қаражаты жоқ. Жетісу облысының өзі Республикалық бюджетке тәуелді өңір. Сол себептен, бірден айтайық – жүгеріні сату проблемасын Үкімет қана нақты шеше алады», - деді депутат.

Болат Керімбек 2024 жылға қарастырылған бюджеттің тиімсіз бағыттары қысқартылып, «Азық-түлік келісім шарт корпорациясына» 5 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінгенін мәселенің шешімі деп қарастыруға болатынын айтты.

«Берілген қаражатқа «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» жүгеріні элеваторларға жеткізіп, құрғатып, оны сақтау жұмысын ұйымдастырып, шет елге сату жағын шешуі тиіс. Сонымен қатар, «Аграрлы несие корпорациясы» мен «Қазагроқаржы» акционерлік қоғамдары, қаржыландыруға қатысы бар басқа да квазимемлекеттік ұйымдар шаруалардың берешегін бір емес, үш жылға шегеруін сұраймыз. Қажет болған жағдайда жүгеріні пайдаланатын қарыз алушы ұйымдарға жиналған көлемді сатудың амалын ойластырған жөн. Аталған ұйымдардан несие алған құс фабрикалары, бордақылау алаңдары, тіпті бос тұрған жем дайындайтын мекемелер осындайда жұмылдырылуы тиіс. Олар несие алған соң, қарыз берушінің талаптарын орындауға мәжбүр. Сол тетікті пайдаланып, екі жаққа да тиімді шешім қабылдауға ықпалдасу қажет», - деген ұсыныс айтты.

Сондай-ақ «қарызды шегеру мүмкіндігі суармалы егістіктерде берілмейді» деген қағиданы уақытша тоқтатып, қаржылық қиындыққа ұшыраған ірі шаруашылықтарға пролонгация беруді талап етті.

Мемлекет басшысы өткен жылғы Қазақстан халқына жасаған Жолдауында «Ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті орасан зор. Бірақ біз қолда бар мүмкіндіктерді әлі де толық пайдаланбай отырмыз» - деп айтқан болатын.

«Расында да біз ауыл шаруашылығы, оның шінде өсімдік шаруашылығы саласының әлеуетін дұрыс пайдалана алмай отырмыз.  Шаруалардың жүгеріге қатысты туындаған проблемалары «AMANAT» партиясының да жіті бақылауында екендігін атап өткім келеді», - деп қорытындылады сөзін Мәжіліс депутаты.

Серіктес жаңалықтары